Сала жұмысы сараланды

630

0

Кеше облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісі өтті. Аймақтың медицина мекемелерінің басшылары бас қосқан жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет арнайы қатысты. Былтырғы көрсеткіш, алдағы міндет сараланды.

Жиылғандар пандемиямен күресте қайтыс болған әріптестерін, яғни, медицина қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Өздеріңізге белгілі өт­кен жыл коронавирустық пандемия әкелген өзгерістермен ерек­шеленді, – деді басқарма басшысы С. Пазылов мәжілістегі алғашқы сөзде. – 16 наурыз­дан бастап елде Мемлекет бас­шысының Жарлығымен төтенше жағдай жарияланды. Өңірімізде бірінші науқас 28 наурызда тіркелді. Сонан бастап медицина қызметкерлері аянбай еңбек етіп, індетпен күресіп келеді. Күрделі кезеңде жан-жақтан қол­дау көрсетілді. Мәселен, әкім­діктер өз автокөліктерін пай­далануға берді, қала бойынша 47 кәсіпкер қаржылай көмек берді. «Арал тұз» компаниясы 50 млн теңге қаржылай көмек көрсетті. Оған 2 санитарлық ав­токөлік және 200 төсек жаб­дықтары сатып алынды. Онан бөлек, рентген аппараттары, бас­қа да құрал-жабдықтар алын­ды. Екі оттегі станциясы да демеу­шілер көмегімен салынды.

Басқарма басшысының ай­ту­ынша, індет басталған уақыт­та 700 төсек-орын болса, ке­­­йіннен 2405-ке дейін көбей­тіл­­ген. Қа­уіпті кеселмен кү­рес­­ке об­лыс­тық фтизиопуль­мо­­­нология, те­рі-ве­нерология дис­­пансері, те­мір жол ау­руха­насы жә­не об­­лыстық пси­хика­лық ден­сау­лық ор­та­лығы жұ­мылды­рыл­ды. Қор­қыт ата атындағы Қы­зыл­ор­да уни­верситетінің №5 жатақ­ханасы про­визорлық ста­ционар ретінде қолдануға берілді. Індетпен кү­реске осы күнге дейін 17 мың адам жұ­мыл­дырылды. 790 адам­ның ішін­де індет жұқтырған 526 қыз­мет­керге өтемақы төленген.

– Осындай қиындықтарға қа­рамай жұмыс жүріп жатты. 2020-2025 жылдарға арналған ҚР Денсаулық сақтауды дамы­тудың мемлекеттік бағдар­ла­ма­сын жүзеге асыру аясын­да об­лыстағы медицина мекеме­ле­рінің материалдық-техни­калық базасын жетілдіруге аса мән бе­рілуде. Даму жоспары бекітілді. Жоспар аясында жалпы құны 73,5 млрд теңгені құрайтын 118 нысан салу көзделіп отыр. Оның 59-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асы­рылмақ, – деді басқарма басшысы ендігі сөзінде.

Онан әрі «Денсаулық сақ­тау­ды дамытудың мемле­кеттік бағдарламасы» аясында об­лыс­тың медицина ұйым­дары­ның Ме­морандумдағы мақсатты ин­дикаторлық көрсеткіш­терге қол жеткізуінің жыл қорытындысы туралы басқарманың бөлім басшысы Әсел Қыдырәлиева хабарлама жасады.

Оның айтуынша, бүгінде об­лыстағы БМСК ұйымдарына 794 935 адам тіркелген. Облыс­тық статистика департаментінің мә­ліметі бойынша 814 461 адам.

2020 жылы аймаққа 109 маман тартылып, олардың 36%-і (39 дәрігер) елді мекендерге жол­данған. Осының нәтижесінде бүгінгі күні облыс халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буын маман медициналық қызмет көрсетеді. Дипломнан кейінгі резиденту­рада 61 маман, бакалавриат бойынша 100 маман даярлануда. Алғаш рет облыс әкімінің бастауымен, жергілікті бюджет есебінен 29 жас маманға мөл­шері 500 АЕК көлемінде жалпы сомасы 54,2 млн теңге (әр маманға 1 389,0 мың) біржолғы көмек көрсетілді.

Жедел медициналық жәрдем көрсету 113 санитарлық авто­көлікпен, оның ішінде 79 бригадамен қамтамасыз етіледі. Былтыр қараша айында облысқа 40 санитарлық автокөлік алынды. Жедел жәрдем автокөліктерінің құрал-жабдықтармен қамтама­сыз етілуі 100%.

Ана мен балаға көрсетілген медициналық көмек туралы бас­қарма басшысының орынбасары Анар Шүкірова баяндады.

Облыстың демографиялық ах­уалында оң көрсеткіш бар. Был­тыр 21429 нәресте дүниеге келген.

Алқа мәжілісінде облыс әкі­мінің орынбасары Серік Ахмет пандемия кезінде ерекше та­бандылық танытқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.

– Халық денсаулығы – мем­лекеттің бас­ты байлығы. Өткен 2020 жыл еліміз үшін өте күрделі болды. Сыр халқы қай кезде де қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да біз табандылығымызды танытып, бір-бірімізге қолдау білдірдік. Бү­гінде Қызылорда облысы «жа­сыл аймаққа» тұрақтап, эпиде­миологиялық күрделі жағ­дайдың алдын алуға дайын.

Облыста аудандық орталық ауруханалар салу мәселесін толығымен шештік. Енді алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысанды 2024 жылға дейін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Президент тапсырмасына сәйкес былтыр індетпен тікелей күрескен 3 мыңнан аса медицина қызметкеріне 3 млрд теңге көлемінде үстемеақы тө­ленді. Аянбай еңбек етіп, Мемлекет басшысы «бейбіт күннің батырларына» балаған медицина қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Арнайы Президент Жарлығымен енгізілген «Халық алғысы» ме­далімен марапатталған 107 жер­­лесіміздің 35-ін немесе 32,8%-ін медицина қызметкер­ле­рі құрады.

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осыған байланыс­ты Қазақстан Республикасы Үкі­ме­тінің арнайы қаулысымен Тә­уел­сіздігіміздің 30-жылдығын ме­­рекелеуге арналған іс-шара­лар жоспары әзірленіп, бекітілді. Аталған жоспардың жүзеге асырылуына баршамыз белсенді атсалысуымыз қажет. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз нәти­желі болсын, – деп атап өтті Серік Әбжәліұлы.

Айнұр Батталова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<