Сыр медицинасындағы маңызды қадамдар

698

0

Мемлекет басшысы былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлт саулығына басымдық беріп, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамыту жөнінде айтып, бұл бағытта ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» делінген Жолдауда.

Жалпы елімізде, оның ішінде біздің облыста денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, ауылдық жерлерде медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды істер қолға алынды. Атап айтсақ, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде республикалық бюджет есебінен  2,3 млрд  теңгеге 80 мыңнан аса тұрғынға қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 250 келушіге арналған  емхана  құрылысы аяқталды. Былтырғы наурыз айында медициналық ғимараты жоқ шалғай елді мекендерде 2 медициналық бекет іске қосылды. Айта кету керек, былтыр сала жұмысы негізінен «Дені сау ұлт: әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында  атқарылды. Мақсаты –  аты айтып тұрғандай, әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Жобадан күтілетін нәтиже –  азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту. Медициналық қызметтердің сапасына халықтың қанағаттану деңгейін 53,3%-дан 2025 жылға дейін 80%-ға дейін арттыру.  Бүгінде осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда.

Саланы қаржыландыру

Қаржыдан қағажу көрмейтін саланың бірі осы – денсаулық сақтау саласы. Бұлай болуы заңды да. Себебі дені сау адам  елінің ертеңі, ұлтының болашағы  болмақ.  Осы орайда облыста саланы қаржыландыру жыл сайын артпаса, азайған емес. Мәселен, былтыр 98 034,5 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 52491,2 млн теңге, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруға 36769,1 млн теңге және денсаулық сақтау басқармасы арқылы өзге де шығындарға 8774,2 млн теңге бөлініп, игерілген. Ал биылға 102810,3 млн теңге жоспарланған. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 54124,5 млн теңге, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруға 37269,2 млн теңге және денсаулық сақтау басқармасы арқылы өзге де шығындарға 11416,6 млн теңге қарастырылған.

Құрал-жабдықтармен қамту

Тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде емдеу, алдын алу ұйымдарының заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы маңызды. Бүгінде медицина сәт сайын дамып жатыр. Ауруды емдеудің түрлі заманауи әдіс-тәсілдері енгізіліп, дәл диагноз қоюға мол мүмкіндік беретін қуатты құрылғылар шығарылған. Тек тілін тап та, қалағаныңша қолдана бер! Қазіргі кең қолданыстағы МРТ, КТ аппараттары, жылжымалы медициналық кешендер сол – техника жетістігі. Аймақтың денсаулық сақтау саласын да жыл сайын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау жолға қойылған. Мәселен, былтыр бұл бағытта  жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1523,9 млн теңге қаражат қаралды. Бөлінген қаражаттан  536,8 млн теңгеге Қармақшы және Шиелі аудандық ауруханаларына компьютерлік томограф, №3 қалалық емханаға,  Арал және Жаңақорған ауданаралық ауруханаларына 443,9 млн теңгеге видеоэндоскопиялық жүйе, қалалық орталық емханаға 36,5 млн теңгеге цифрлы стационарлық флюрографиялық рентген аппараты, №3 қалалық емханаға 48,1 млн теңгеге радиографиялық рентген жүйесі, №5 қалалық емханаға 49,5 млн теңгеге маммографиялық рентген жүйесі аппараттары қойылды. Жалпы былтыр медициналық ұйымдарға 179 құрал-жабдық сатып алынған. Нәтижесінде  жабдықталу деңгейі 77 пайыздан 83,4 пайызға көтерілді. Одан бөлек, облыстық жедел жәрдем стансасына лизинг арқылы  20 санитарлық автокөлік алынды. Осының нәтижесінде құрал-жабдықтармен және санитарлық автокөліктермен жабдықталу 100%-ға жетті. Сондай-ақ, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру барысында КВИ-ге қарсы вакциналау жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырған медицина ұйымдарына компьютер жинақтарын, дизельді электр-генератор және медициналық бұйымдар сатып алу үшін жергілікті бюджет есебінен 199 млн теңге қаржы бөлініп, игерілді. Оған қоса жергілікті бюджет есебінен облыстық перинаталдық орталыққа қазандық жабдықтарын, бактериологиялық анализатор аппаратын және трансформаторлық қосалқы станциясын алуға 84,6 млн теңге, облыстық онкология және Қазалы ауруханасына санитарлық автокөлік  алуға  24 млн теңге қаржы қаралды. Ал облыстық психикалық денсаулық орталығына ассенизатор және автобус автокөліктерін алуға 57,7 млн теңге, қалалық орталық емханаға компьютер алуға 38,7 млн теңге бөлінді. Қазалы ауруханасына лизинг арқылы 1 жылжымалы медициналық кешен сатып  алынды. Ал биыл республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңгеге медициналық бұйымдар сатып алу көзделуде.

Медициналық көмектің қолжетімділігі

Бастапқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жаңа емханалар құрылып, елді мекендерде бірқатар дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Атап айтқанда, былтыр маусым айында орталық қалалық емхана  қолданысқа берілді. Оған 33 815 тұрғын тіркеліп, №1, №3 және №6 қалалық емханалардың жүктемесі азайды, денсаулық сақтау желісі нормативке сәйкестендірілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жалағаш ауданы Таң ауылында   дәрігерлік амбулатория іске қосылды.

Жоғарыда Президент денсаулық сақтау жүйесін дамытудың ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырғаны жөнінде айттық. Осы орайда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба аясында облыс бойынша ауылдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жалпы құны  9,7 млрд теңгеге 27 нысан құрылысының тізімі бекітілді. Денсаулық сақтау министрлігіне жолданып, қолдау тапты. Олардың қатарында 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылысы бар. Одан бөлек,  жалпы 6,5 млрд теңге болатын 15 дәрігерлік амбулатория  және 1 медициналық бекет құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Нысан құрылысына жер учаскесі бөлініп, инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген. Аталған 16 нысанның құрылысы  биыл басталады деп күтілуде.

Ал қалған 9 дәрігерлік амбулатория (Арал ауданы: Тоқабай, Жалағаш ауданы: Қаракеткен. Шиелі ауданы: Ортақшыл, Тәжібаев, Тартоғай, Бестам, Алмалы. Жаңақорған ауданы: Талап, Әбдіғаппар) құрылысы мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет (Қармақшы және Қуаңдария) құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысын алу осы жылға жоспарланған. Қазір жер учаскелеріне алдын ала жер таңдау актісі алынған.

Сонымен қатар, Арал, Қазалы аудандарында 25 төсектік, Шиелі ауданында 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысын алу  жоспарланған, жер учаскелерін таңдау актісі алынған. Арал және Қазалы ауданына қарасты шалғай елді мекендерде 2 медициналық бекет ел игілігіне берілді. Жергілікті бюджет есебінен 71,2 млн теңгеге апатты жағдайдағы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты  күрделі  жөндеуден өткізілді. Қызылорда қаласында жылына 5000-10000  жоспарлы донациялық IV санаттағы облыстық қан орталығының құрылысын жалғастыру да жоспарланған. Биыл республикалық бюджет есебінен   нысан құрылысын бастауға 250 млн теңге қаржы бөлінген.

Кадр мәселесі қалай шешілуде?

Қай істің де тетігі білімді, білікті мамандардың қолында. Осы орайда аймақ медицинасы салаға мамандар тарту, олардың біліктілігін арттыру, білімін шыңдау барысында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Бүгінде облыс халқына 2820 дәрігер, 10650 орта буын маман медициналық қызмет көрсетеді. Десек те қазіргі кезде өңірде дәрігер  тапшылығы сақталуда. Бұл – барлық облыста өзекті мәселе. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Қолдан келгенше кадр тапшылығын жою мәселесімен күресіп-ақ келеді. Біздің аймақта да солай. Облыс әкімінің қолдауымен жүргізіліп жатқан кешенді іс-шаралар нәтижесінде тапшылық жылдан жылға азаюда. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерге жолданған мамандарға көрсетілетін әлеуметтік көмек себеті (үй салуға немесе сатып алуға несие беру, көтермеақы, коммуналдық қызметтер ақысын өтеу, т.б.) өз кезегінде ауылдық медицинаны қажетті кадрлармен  қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуде. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен  өңірдегі тапшы мамандықтар бойынша мамандар даярланып, жас мамандарға 2020 жылдан бастап бірмезеттік әлеуметтік көтермеақы берілуде. Мәселен, 2020 жылы 39 жас маманға 500 АЕК көлемінде жалпы сомасы 54,2 млн теңге, 2021 жылы 20 жас маманға  жалпы сомасы  29,3 млн теңге, 2022 жылы 20 жас маманға  30,6 млн теңге  бірмезеттік  жәрдемақы берілді. Айта кету керек, қазіргі кезде елді мекендерге жолданған мамандарға әлеуметтік  көмек (тұрғын үйге арналған несие) тек республикалық бюджет қаражаты есебінен беріліп жатыр. Былтыр 159 медицина қызметкері (орта буынды медицина қызметкерлерін қоса алғанда)  730 млн теңге көлемінде  әлеуметтік қолдау шарасымен қамтылған. Сонымен қатар былтыр 78 дәрігер жұмысқа қабылданып, олардың 17-сі елді мекендерге жолданды (2021 жылы 84 дәрігер, 24-і елді мекендерге жіберілген). Бұдан бөлек, 2016 жылдан бастап өңірге аса қажетті  мамандықтар бойынша 131 резидентке (2016 ж. – 11, 2017 ж. – 11, 2018 ж. – 20, 2019 ж. – 20, 2020 ж. – 29, 2021 ж. – 20, 2022 ж. – 20) облыс әкімінің гранты тағайындалса, 2017-2022 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие «Жалпы медицина» мамандығы бойынша мамандар даярлауға облыс әкімінің 147 гранты бөлінді. (2017 ж. – 1, 2018 ж. – 30, 2019 ж. – 40, 2020 ж. – 30, 2021 ж. – 26, 2022 ж. – 20 грант). Бұл шаралар өз кезегінде 2024 жылдан бастап саланы дәрігерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік  беретін болады. Алдағы 2-3 жылда  дәрігер тапшылығы толығымен жойылады деген  болжам бар.

Саланың  мақсатты көрсеткіштері

Халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру бойынша атқарылған жоғарыдағыдай шаралар нәтижесінде аймақта денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады.

Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр жалпы өлім-жітім көрсеткіші 23%-ға төмендеді. Қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 18%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім  9,8%-ға, тыныс алу жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 21,8%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 5,8%-ға, ана өлімі  31,9% төмендеген.

Үміттерді жалғаған «Аңсаған сәби»

Саладағы маңызы зор, көтерер жүгі салмақты бағдарламаның бірі – «Аңсаған сәби» . Мемлекет басшысының қолдауымен 2021 жылдан бастап елімізде жүзеге асып келе жатқан бұл бастама талай жұптың үмітін жалғап, қаншама шаңырақтың шырағын жақты.

Облысқа ЭКҰ жасатуға 2015 жылы  34 квота бөлінсе, 2016 жылы 35, 2017-де 38, 2018-де де 38, 2019 жылы  36, 2020 жылы  44 квота қаралған. Тек  2021 жылы ғана аталған бағдарламаның арқасында  281 квота бөлінсе, былтыр оның саны 277-ні құраған. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы бөлінген 281 квота  өткен жылдың қараша айына дейін толық игерілген. Оның ішінде 185 жүктілік тіркеліп (65,8%), 69 әйелде түсікпен (37,2%) аяқталған, 96 әйелде (34,2%) жүктілік нәтиже бермеген. 2021 жылы ЭКҰ арқылы 119 бала туып, 3 отбасында егіз сәбилер дүниеге келген. Ал былтыр 277 квота бөлінген. Жыл басынан бері 161 жүктілік тіркеліп, оның ішінде 42 әйел босанған (26%), 72 әйелде жүктілік түсікпен аяқталған (44,7%),  45 әйел жүктілікке байланысты есепке алынып, бақылауда (27,9%), 98 әйелде ЭКҰ бағдарламасы нәтижесіз (35,7%), 19 әйел (14,2%) стимуляция (ұрықтандыру) сатысында.

2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 683 отбасы кезекте тұр, 2021 жылы 122, былтыр 462 отбасы кезекке тұрған. Биылға арнайы бағдарлама бойынша 274 квота беріліп, бүгінгі күні 92-сі игерілді. 182 квота жыл аяғына дейін игеріледі деп күтілуде.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<