Жан мен араша

845

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың шұғыл тапсырмасы мен құрылған провизорлық стационар бесқабатты студенттер жатақханада орналасқан. Әр қабаттың коридоры кең, бөлмелері ауқымды, ішкі жуынатын жері бөлек орналасқан ғимараттың ауыр­ғандардың еміне де, дәрігерлердің еркін қимылдауына да кедергі емес еді. Осы стационар қызметіне жауапты болып Әділбай Медет­баев бекітілді. Облыстық психикалық денсау­лық орталығының директоры өзіне осылайша күрделі кезеңде тағы жауапты қыз­метті қосымша қабылдап алғаны бар.

Содан не болды дейсіз?! Қаладағы Қорқыт ата атындағы университеттің №5 жатақханасын 1 шілдеден бастап 360 емделушіге арналған провизорлық орталыққа айналдырғанын жоғарыда айтқанбыз. Фототілші әріптесім Нұрболатпен бірге осында арнайы болған едік.

Ал енді стационар жұмысындағы жанкешті дәрігерлер туралы жазуымыз газет бетіне хатталар тұста ондағы емделушілердің барлығының жазылып шығуы, олардың алғысқа толы бейнеүндеулері қуанышты жаңалыққа айналды. Әрине, бұның бәрі – басшылықтың табанды бастамасы мен ақ халатты жандардың күш-жігерінің көрінісі. Шын мәнінде стационар жұмысы қалай жүргізілген еді? Сараптап, ой таразысына салған едік.

– Дәл сол 1 шілдеде жатақхананың бірінші қабатын фильтрге дайындап бола салысымен ауырғандар ағыл-тегіл келе бастады. Тіркескен жедел жәрдем көлігі есік алдына толып тұрды. Сенсеңіз, алғашқы күні таңғы сағат 8-де жедел жәрдемге команда берілген. Бес минут ішінде бес көлік келді. Қарамағымдағы қызметкерлердің көбісі әлі ғимарат ішін дайындап жатты. Өзім алғашқы науқастарды қабылдай бастадым. Қараңыз, түскі он екіге дейін 25-тен астам адам бізге орналасып үлгерді.

Рас, орталық ашылған бірінші аптада дәрі тапшылығы байқалып, керек препараттарды өзіміздің дәрі-дәрмек қорынан алдық. Екі-үш күн ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы қаладағы арнайы қоймадан дәрі-дәрмек, жеке сақтандыру киімі сияқты қажетті жабдықтардың бәрін жеткізді.  Аса қажетті оттегі тасымалдауға кәсіпкерлер қол ұшын созды, – дейді бас дәрігер Әділбай ­Медетбаев.

Стационарға науқас тәуліктің қай мезгілінде келіп түссе де, ең бірінші өкпесі рентген құрылғысы арқылы тексеріледі. Алдымен ең төменгі қабаттағы фильтрге орналастырылып, коронавирус инфекциясы бар-жоғын анықтайтын тест алынады. Егер сырқаттың талдамасы теріс болған жағдайда, стационарда қалдырылып, жоғар­ғы қабаттағы палаталардың бі­ріне орналасады. Талдама оң нә­тиже көрсетсе, науқас қала бо­йынша екі үлкен инфекциялық ста­цио­нардың біріне жеткізіледі.

– Осында ем жүргізген бар­лық дәрігер мен медициналық қыз­меткерлер жатақхананың бесінші қабатында орналасты. Үйіне бар­май, арнайы соңғы қабатта да­йын­далған демалыс орнында ты­нықты. Талапқа сәйкес, медицина қызметкерлерінің сыртқа шығуына болмайды. Олардың жа­тын орны, үш мезгіл тамақ беру мәселесі шешілген. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен волонтерлар, қала тұрғындары дәрігерлердің иммунитетін көтеру мақсатында  ас-сумен қамтып, барлық керектіні жеткізіп тұрды. Оларға барлық әріптестер атынан мың алғыс. Шілденің 1-і мен 16-сы аралығында бірінші бригада жұмыс істеген еді. 7 дәрігер, 90 медбике мен санитарлық қыз­меткерлер тапжылмай науқас­тар­ға қызмет қылды. Шыны керек, олар қатты шаршаса да, ем­делушілерге шын жаны ашы­ған­дықтан өз міндет-парызын адал атқарды десек әбден болады, – деді Ә.Медетбаев.

Медетбаев мақтан еткен ме­дицина қызметкерлері шыны­мен ерлепті. Қаршадай жас мейір­бекелер ауыр оттегі толтырылған баллонды жоғары қабатқа өздері көтеріп шыққан. Адам жанына араша болған дәрігерлер ауысым кезінде демалыс орнына талықсып жететін дейді мұндағылар.

– Провизорлық стационарда орталықтандырылған оттегі бол­мағандықтан, бастапқы кез­де бал­лон пай­даландық. Негі­зі бұл қауіпті нәрсе. Лифт бол­ма­ған­дықтан, оттегіні 4-5 қабат­қа көтеру қиындық тудыра­тын. Қыз­дарымыз жігіттермен бірлесіп, алғашқы қиын күндері өздері көтерісетін. Соңғы келген жаңа аппараттар қолдануға өте қолайлы. Салмағы 17 килограмм. Әрі-бері ауыстыру да қиындық тудырмайды. Бір мезетте екі науқасқа оттегі береді, – деді Әділбай Медетбаев ендігі сөзінде.

Бұл емдеу орнында заманауи рентген құрылғысы, сондай-ақ, коронавирус инфекциясына талдама алатын лаборатория бар. Алғашқы уақытта ПТР тест қорытындысы 3-4 күнде келсе, кейінгі күндері бір тәулікке жетпейтін уақытта нәтижесін көре алады. Тіпті, азанда тапсырған сынама қорытындысы кешке дейін дайын болады. Провизорлық стационар тек қала тұрғындарына ғана емес аймақ бойынша науқастарды қабылдапты.

Олар шынымен

қорықты

Орталықта ең көп науқас түскен уақыт сол біз айтқан шілденің басы екен. Бас дәрігердің айтуынша, бір күнде 320 нау­қасқа дейін ем қабылдапты. Жазыл­ғандардың орнына жылдам келесі науқас ауыстырылған.

– Бұл бір жиырма минут жаң­быр жауып, селдетіп, жан-жа­ғын бүлдіретін уақыт мезгілі сияқты еді. 20 шілдеге дейін осылай қиындық өтті, аурумен алысқандар саны күрт көтерілді. Кейінгі он күндікте науқастар саны біртіндеп азая бастады. Бұған басты себеп – халық өз-өзін қымтап ұстап, мұның оңай жау еместігін түсінгені болды. Олар шынымен қорықты. Өйткені, көп адам арасында вирусты же­ңе алмай кеткендер де бар еді. Шы­ны керек, біз әлі де карантин шек­теулерін алмай, сақтық шараларын ұмытпаумыз керек. Бұны осылай жеңеміз, – деп және бір нақтылады дәрігер.

Айтпақшы, жедел жәрдем кө­ліктеріне қосымша қала әкімдігіне қарасты барлық мемлекеттік қыз­мет машиналары көмекке келіпті. Орталықтағылар бұған да алғыс айтып үлгерді.

– Бір айға жуық уақытта 800-ден астам адам қабылдаппыз. Олардың өкпе қабынудан бөлек, қант диабеті, қан қысымының тұрақсыздығы сияқты қосымша аурулары да болды. Ең жаманы – көкірек көзің сайрап, миың жұмыс істеп тұрғанда ауа жетпей қиналу. Бастысы, аурумен күресуде жазылам деген сенім керек. Бұл өзіне де, бізге де көмектеседі. Біздегілер осылай ауырғандар тамырына дәрісін құйып қана қоймай, санасына жылы сөзін арнап, күліп жүріп қызмет етті. Өкінішке орай, үш адамнан айырылып қалдық. Оның біреуі орта жастан асқан болса, екеуі үлкен кісі, – деп толықтырды бас дәрігер.

30 жылдан бері дәрігерлік сапта жүрген Әділбай ағаның бар тілегі жұрт сақтықты әлі де ұмытпауы керек. Дендеген дерттің аптығы басылса да, денсаулық сақшысы осылай дейді.

Үміт қайта оянды

Бізге провизорлық орталықтың ішкі жұмыстарын жауапты дәрігер Болат пен бас мейірбике Ақмарал таныстырды. Онда да арнайы қорғаныш киімін киіп, он минуттан әрі бірінші қабатты ғана көрсетуге рұқсат алдық. Бар­лығын аралауға болмайды.

– Мен келгелі үш күн. Емдейтін дәрігеріңнің қабағының өзі түзу болса, аттай шауып кетесің. Айналайын, бұған дейін аурухана есігін аттап жүрміз ғой. Әуелде қорықтық. Аурухана жайлы жаман пікір айтуға болмайды. Бас­та бәріміз солай жұрттан есіткен сөзге сеніп, «өлсем үйде өлейін» дегенмін. Балалар үйде жатуыма қарсы болып, осында келдім. Әрі немерелерім, жүкті келінімді ойлап баруға келіскенмін. Пневмония болыппын. Ем жүргізді. Емнен бөлек, адам өзі кеуілге де семіреді демей ме?! Мұндағы тамақтандыратын адамы мен тазалықшысына дейін қас-қабаққа қарап күткенде, өзің де ауырдым деуге ұяласың. Алла абырой берсін бұларға. Күндіз-түні батамды беріп, рахметімді айтып отырамын, – дейді 64 жастағы Батыпа апа.

Әу баста орталыққа жастар мен орта буындағы аурулар түсе бастаған. Үлкендер мұнда келмеген. Мүмкін, қазақы түсінік пе, «жасарымды жасадым» деген ниетпен дерттің меңдеуіне үнсіз көндіккендердің үйде жат­қанын да есіттік. Ал енді осы орта­лық­тың қызметін жазылғандар­дан естіген қартаң кісілер де осын­да келген.

– Ем ұзақтығы 5-6 күн.  Әр қабатта бір дәрігерден бар. Адам көп кезде екі дәрігер қызмет етті. Дәрі-дәрмек жеткілікті болды. Әсіресе, соңғы келген заманауи оттегі аппараттарының көп көмегі тиді. Одан бөлек дем алу жаттығуларын үзбей жасап, барлық талаптарды сақтауға үгіт-насихат та жүргізіп отырдық, – дейді стационардағы жауапты дәрігер Болат Мырзахметов.

Бар-жоғы он екі минут ішін­де тұтас жабық қорғаныш киімі біздің тынысымызды тарылт­ты. Шылқыған тер бастан бақай­шаққа дейін барғанын білем. Апыр-ай дестік. Он екі минут киюге шыдамаған жабық киім­ді мұндағылар он екі сағат киіп жүруге мәжбүр. Әрине, оларға да сақтық керек. Иә, олар тұмша­ланып жүріп таза ауадан тарықса да, науқастарға дем жеткізіп, дерт­ті жеңу жолында жанығып жүр.

Сенім сыйлай

білдік

– Аурулар көп болды. Ашыл­ған күннен бастап 3 шілдеге де­йін біз төрт қабатқа да толық науқас қабылдап болдық. Жан-жақтан төсек-жабдық келді. Үш жүзден әрі емделуші күнделікті болды. Бірі жазылса, бірі түседі. Сізге айтайын, 22 шілде күні ғана бізде 136 науқас қалды. Қатты қиналғанымыз, кислородтық бал­лондардың жетіспеушілігі. Бос бал­лон салмағының өзі тым ауыр. Соны біздің қыздар кә­дімгідей жоғарыға бірлесіп, кө­теріп шы­ғатын. Бір күнде әрі кетсе, 20 адамнан анализ алып жүрсек, осы дерт күшейген күндері 70-ке жуық адамнан анализ алынды, – дейді бас мейірбике Ақмарал Маханбетжанова.

Оның айтуынша, дәрі­герлер­дің таңғы ас пен түскі ас­ты ішуге уақыты да болмаған. Ар­найы ыдыстағы тамақ қалай келді, солай қайтатын. Тек кешкі асты ғана талғажау еткен. Онда да шар­шаңқы күйде. Тәжірибесі аз, кеше келген жас маман-мейір­би­ке­лердің жылаған күндері аз бол­маған.

Адам көптігі соншалық, ине егуге үлгірмейтін кездер де болды. Сондай уақытта медбикелер науқастар көңілін аулап, тіпті әзіл де айтып, көңілін көтеруге тырысыпты. Бастысы, оларға ауруды жеңуге сенім сыйлай білдік дейді орталықтағы медбикелер.

– Мұнда науқастардан шағым болмауы тиіс. Уақыт тығыз. Абдырауға жол жоқ. Бәрі бірдей. Бірі үлгірмеген уколды бірі салды. Бойына қорқыныш ұялаған барлық келушілерді жылы сөзбен жұбаттық, олар да бізге сенім артты. Дәрігерлердің арқасында олар өз отбасына оралып, тіпті, әлі күнге дейін рахметін айтып, қоңырау шалатындар жетерлік, – деп жылы жымиды  мейірбике Гүлмира Абдрасулова.

«Вызов»

Осы мақаланы теріп отырып, есіме елдегі шешем түсті. Кеше ғана зейнетке шыққан ол 40 жыл ғұмырын медицина саласына арнады. Жақында ғана барғанымда көз алдымда өткен мына бір оқиға – мен үшін мақтаныш.  

Кешкілік уақытта үй телефоны шырылдайды. Маған емес. Көбіне-көп шешемізге қоңыраулатады. Оны бәріміз білеміз. Үндемей, жасыл түймесін басқан бойда, Ұлекеңнің қолына ұстата қоясың.

– Әләу…

Ар жақтан ауырған адамның өзі не сол үйдің бір пен­десінің даусы шығады. Біз жақтан Ұлекеңнің (шешем) үйрен­шікті жауабы естіледі.

– Қай жері дейсің? Дел-сал болып… Айтатыны жоқ, бұл ауру иектеп алды алаңсыз. Иә. Иә, барам ғой. Тамағың қалай?..

Сәлден соң шешемнің ауырған адамның үйіне жаяулай тартып бара жатқанын үйдегі кәрі мысыққа дейін байқар еді.

Елде тұмаумен күресіп жат­қан­дар жетерлік. Укол алушы көп деп оралады. Тіпті, туған інісі ауырып, өзі басқа аурудың шақыртуына кеткен уақыт та болған. Екі ортада өкпе артып, «менен пәленше жақын ба еді, неге бірінші маған келмейсің?!» деген туған бауырына ашуланып, «шырағым, енді ауруды ағайынға бөліп қарайтыным жоқ» деп келте қайырғаны бар.

Міне, «доғдыр» Ұлдай зейнетке шықты.  Енді пенсияға шықтым деп, қол қусырып отыра ма?! Әй, қайдам?!  Науқастан «вызов» түссе, мен білетін шешем білек түріп, бара береді.

Зейнетке шығатыннан бір күн бұрын жұмыстан қуанып келгені. Сондағы айтқаны: «укол алушылар азайыпты…»

Сақтансақ қана

бәрін сақтаймыз

Иә, солай. Сақтықты ұмытпау керек. Абзалы, той-жиынға бармаңыз, өзіңізді оқшаулаңыз. «Ауырмайтын жол іздеген дұрыс». Алда-жалда дертті болып ем іздей қалсаңыз, дәрігерлердің қарап қалмасы белгілі. Айтпақшы, біздегі мәлімет бойынша, облыс аумағында коронавирус инфекциясымен ауырған және қарым-қатынаста болғандарды бақылау мақсатында барлығы 2405 төсек-орын ұйымдастырылыпты. Оның ішінде 645-і инфекциялық болса, провизорлық төсек-орын – 1760. Қазір барлық стационарларда орын тапшылығы жоқ дейді мамандар.

Солай. Дәрігерлердің жұмысы әлі де қауырт. Ауру меңдеген жан­ға араша болам деп арпалысады. Антына беріктік, мамандығына махаббаты оларды осы жолға алып келді.

Бұл – ел саулығының жолы!

Ержан ҚОЖАСОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<