Үздіктер плей-офф сатысына шықты

570

0

Футболдан Еуропа чемпионаты бел ортасынан ауды. Кеше, 23 маусымда түнде топтық кезең мәресіне жетіп, плей-офф сатысына шыққан құрамалар толықтай белгілі болды.

Техникалық мүмкіндікке байланысты Е және F топтарында үздік шыққан құрамалар жайында әзірге нақты ештеңе айта алмаймыз. Ал қалған төрт топта бірінші және екінші орынға табан тіреген үздіктер жайында әңгімелей кеткеніміз артық болмас.

А тобында Италияға тең келерлік ешкім болған жоқ. Барлық кездесуінде қарсылас­тарын қапы қалдырып, ұпай­дан шашау шығарған жоқ. Нәти­же­сінде тоғыз ұпаймен көш басына орналасты. Бұл топтағы екінші орын төрт ұпай жинаған Уэльстің еншісіне бұйырды.

Бельгия құрамасы да В тобында ешбір іркілген жоқ. Қарсыластарын қоғадай жапырып, өз тобында бірінші орын алды. Алғашқы екі кездесуінде жеңіліп қалған Дания үшінші турда Ресейді 4:1 есебімен тас-талқан етіп, плей-офф сатысына шықты. Бұл топтағы Финляндия мен Ресейдің еншісінде де үш ұпайдан бар. Десе де доп айырмасы бойынша даниялықтар оларды артқа салып кетті.

Әлемдегі үздіктер қатарында саналатын Нидерланды да топтық кезеңде қиналмастан 1/8 финалға жолдамаға қол жеткізді. С тобындағы екінші орынға Австрия мен Украина үміткер еді. Дегенмен соңғы турда басты қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберген украиндар үшінші орынды місе тұтты.

Кеше, 23 маусымда түнге қарай D және F тобында соңғы тур ойындары өткізілді. Бұл топтардың жеңімпаздары жөнінде алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.

Ал 1/8 финал ойындары 26-29 маусым күндері өткізіледі.

Әзірге сұрмергендер көшінде үш голдан соққан төрт футболшы көзге түсіп отыр. Олардың қатарынан бельгиялық Ромело Лукаку, нидерландылық Жоржиньо Вейналдум, португалиялық Криштиану Роналду, че­хия­лық Патрик Шик бар.

Ойындар дүбірлі дода тарихында тұңғыш рет Еуропаның 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда өтуде. Бұл Еуропа чем­пио­на­тының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдас­тырылған бәсекенің топтық кезеңінде 24 құрама сынға түсуде.

Футболдан Еуропа чем­пио­наты 11 маусымда басталды. Ол 11 шілдеде мәресіне жетеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<