Коронавирус әлемдік экономикаға қалай әсер етті?

1142

0

Коронавирус БАҚ-тың басты тақырыбына айналғалы екінші жыл. Алайда экономикада маңызы жағынан одан кем түспейтін тектоникалық процестер жүріп жатыр. Атақты ағылшын жазушысы, тарихшы Адам Туз дағдарыстың экономикалық өлшемдегі хроникасын жазды. Кітап «Shutdown: how COVID-19 shook the world’s economy» («COVID-19 әлемдік экономикаға қалай әсер етті?») деп аталады. Тақырып заманауи, дәл қазір өзекті көрінгенімен, автор тарихқа айналып үлгерген 2020 жыл туралы жазады.

Оның ойынша, әлем пандемияға дайын емес еді. Оған қоса, дағдарыс та болды. Саясаткерлердің қате болжамдары мен вирустың жылдам таралуы оларды шығынға ұшыратып, бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдауға мәжбүр етті. Бұл – ешқашан болмаған жағдай. Бұрын-соңды ел үкіметтерінің бірлескен әрекеті жаһандық экономиканы жаппай тоқырауға әкелген емес. Жаһандану идеясы да күмән тудыра бастады. Түскен табыс жекешелендірілді, ал, шығын керісінше мемлекеттер мойнына артылды.

Кітаптың басында автор оқырманға: «Неге тек коронавирус дәл осындай өткір реакция тудырды?» деген сауал тастайды. Тарихта қазіргіден де сорақы оқиғалар болды. Сондықтан уақыт сынына жауап беру керек болатын. Індетке қарсы шаралар дүрбелең толқынында, асығыс ғылыми болжамдарға сүйене отырып қабылданды. Ол шаралардың қабылдануына үкіметтердің нұсқаулары, әлеуметтік келісім-шарттар әсер етті. Сонымен бірге, әлемдік қаржы айналымы мүддесі ескерілді.

Індетті елемей, қалыпты өмірді жалғастыра беруге де болатын. Әлемдік саясаттағы бірқатар авторитарлық тұлғалар осы бағытты ұстанып, үлкен тәуекелге барды. Бірақ мән бермеудің айтуға ғана оңай екенін уақыт өзі көрсетіп отыр. Ғылымға сүйенгендер де болды. Қоғамдық қысымға ұшыраған центристік саясаткерлер осылай жасады. Олар 2008 жылғы дағдарыс тәжірибесіне сүйенді. Бұл ретте автор нарықтағы өтімділікті арттыру үшін мемлекеттің өз шығындарын ұлғайту және ақша басып шығару арқылы экономиканы басқаруға жаппай қатысуы идеясын қолдайды.

Сондай-ақ, нағыз дағдарыстың негізгі өлшемдерінің бірі ретінде Батыс-Шығыс текетіресін қарастырып, себепті шығыс тарап – Қытайдың АҚШ-қа қауіп төндірді деп жарияланғанынан іздейді. Бұл ретте экономикалық мүддеден гөрі стратегиялық текетірес пен идеология күштірек болып шықты. Осылайша, экономикалық және мәдени қақтығыстар басталды. Қалыптасқан жағдайда американдық қоғам екіұдай пікірде қалды. Кітап вирустың пайда болуы мен Байденнің сайлануы арасындағы уақытты қамтиды.

Сондай-ақ, тіршілігімізге онша үлкен қауіп төніп тұрмаған кезде мұндай проблемаларға қалай тап болдық деген сауалға да өзінше жауап береді. Біріншіден, ЖРВИ ауруларын түбегейлі жою мүмкін емес. Оған қаражат жеткіліксіз. Ал инфекциялардың пайда болуының себептері жойылған жоқ. Екіншіден, әлем пандемияға дайын емес еді.

Осы жерде автор қызықты статистиканы алға тартады. ДДҰ-ның негізгі 20 демеушісі ұйымға жылына 2 млрд доллар қаржы салады екен. Бүкіл планета үшін жылына екі миллиард доллар түк емес. Оған қоса, ұйымға әлемнің алпауыт елдерінің қатарында Билл Гейтс те демеушілік етіп, АҚШ-тан басқа елдердің бәрінен көп қаржы салып отырады екен. Сондықтан, ұйым бизнестің емес, халықтың мүддесі үшін тиімді қызмет көрсетеді деп айту қиын. Осындай жағдайда вирус пайда болған кезде, үкіметтер шара қабылдауға мәжбүр еді. Конституцияда өмір сүру құқығы бар. Сондықтан, билік шығындарды есепке алмай әрекет етті. Бірақ, есептеп көрсек, миллиардтар мен триллиондар не үшін жұмсалды? Бұл шығындар өз-өзін ақтады ма?

Әрине, адам өмірін ақшамен есептеу дұрыс емес. Бірақ бұл тұрғыда да зерттеулер бар. Мысалы, еңбек адамының өндірістегі жазатайым оқиғалардың жиілігін, айталық, 0,01%-ке азайту үшін жалақысының қанша бөлігін беруге дайын екенін білсеңіз, содан кейін сол соманы қызметкерлердің санына көбейтсеңіз, бір адамның өмірін құтқару құны 10 миллион долларға сәйкес келеді. Осы формулаға салып, адамның орташа өмір сүру құнын есептеп шығаруға болады. Қалай есептесек те, нақты есеп әрбір құтқарылған адам өмірін бірнеше миллион доллар диапазонында бағалайды.

Осыған сүйене отырып, автор он триллион доллар қаржымен миллион АҚШ азаматының өмірін сақтап қалуға болады деп болжайды. Расында да, миллион өмір үшін бұл ақша көп емес. Бірақ осы жерде триллиондаған шығынға қарамастан, пандемияны ауыздықтау мүмкін болмағанын және бүгінде АҚШ-та 772 мың азамат коронавирустан қайтыс болғанын атап өткен жөн.

Оған қоса, індетке қарсы қабылданып жатқан шаралардың ешбірі өзінің тиімділігін дәлелдеген жоқ. Мысалы, қатаң шектеу шаралары, карантин енгізілмеген Швецияны алып, оны Даниямен салыстырайық. Шведтер арасындағы өлім көрсеткіші 0,1% немесе он мың адамға жоғары. Егер біз айтқан формулаға сәйкес әр адам өмірін үш миллион евро деп алсақ (бұл автордың бағалауы емес, Еуропалық комиссияның ұсынысы), онда шведтердің өлім көрсеткіші 30 миллиард евроға сәйкес келеді. Ал, даниялықтар қанша ақша жұмсады? Данияның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің тоғыз процентіне, Швецияның мемлекеттік қарызы бес процентіне өсті. Демек, шведтер жалпы ішкі өнімнің төрт процентін үнемдеген. Бұлдарды есептемегенде кем дегенде 20 млрд евро. Көріп отырғанымыздай, салыстырмалы түрде есеп локдаун пайдасында. Бірақ нәтиже мардымсыз. Қысқасы, нақты есептегенде локдаунның тиімділігі анық емес.

Қалай болғанда да, індет пайда болған тұста ойлануға уақыт аз болатын. Ал, жаппай карантин енгізудегі мақсат ауруханалардың толып кетуінің алдын алу болды. Бұл ретте әлем денсаулық сақтау саласын коммерцияландырудың да зардабын тартты деуге болады. Автор Батыс елдерін дер кезінде және дұрыс әрекет етпегені үшін айыптады. Батыс өз шекарасын мықтап жаба алмады. Қоғамдық пікір, келіспеушілктердің барлығымен санасуға мәжбүр болды. Мұндай жағдайда індетті ауыздықтау туралы ойлаудың өзі аңғалдық болар еді.

Қытайдағы локдаун энергияға, ең алдымен мұнайға деген сұранысты төмендетті. Сауд Арабиясы өндірісті қысқартуды ұсынды, бірақ Ресей одан бас тартты. Сәйкесінше, Сауд Арабиясы өндірісті ұлғайта бастады. Салдарынан фьючерстік бағалар минусқа кетіп, нарықта активтерді жаппай сату басталды. 2020 жылы 11 наурызда ДДҰ пандемия жариялады. Ауру жұқтырғандар саны өскен сайын, вирустың таралуын тоқтатудың жалғыз жолы әлеуметтік қашықтық сақтау және қалыпты өмірді толығымен тоқтату екені белгілі болды. Сол күні АҚШ континенттік еуропалықтар үшін шекарасын жапты. Ал, Еуропада реакция әртүрлі болды. Кейбірі індетті елемеуге шешім қабылдады. Қор биржасындағы дүрбелең мен ДДҰ декларациясына байланысты алаңдаушылық білдіргендер болды. Көбі жергілікті жерде әрекет ете бастады. Футбол лигалары ойындарын бірінен соң бірі тоқтатты.

Шенеуніктерді әрекет етуге мәжбүрлеген жергілікті және басқа да түрлі ұйымдардың қысымы болды. Макрон «жалпы мобилизация», Трамп ұлттық төтенше жағдай жариялады. Филиппиннен Пәкістанға дейін экономикасы әлсіз елдерде де локдаун жарияланды. Сәуір айының ортасында БҰҰ мектептердің жабылып, бұл дүниежүзінде 1,6 миллиард оқушыны қамтығанын хабарлады. Эпидемиологтар 5 айға оқшаулауды ұсынды. Бір ғана Швеция өз азаматтарын үйлеріне қамамай, қалыпты өмірді сақтауға шешім қабылдады. Дегенмен, шведтер бұл әрекетке ақша үнемдеу үшін емес, таза медициналық дәлелдерге сүйеніп барды.

Қоғамдық қысым, мысалы, жұмыс жалғасатын болса кәсіподақтар ереуілге шығамыз деп талап қойды. Сондай-ақ асыра айтылған эпидемиологиялық болжамдар ел үкіметтерін бірінен соң бірі локдаун жариялауға мәжбүр етті. АҚШ, Ұлыбритания және Үндістан «жабылды». Дегенмен, қабылданған шараларға наразылығын ашық білдірген саясаткерлер де болды. Себебі локдаунның экономикалық салдары аса ауыр еді. Алайда, Қытай мен Кореядан басқа елдерде шектеу шараларының тез алынып тасталуы жаппай өлім қаупін тудырды. Вирус жеңілген жоқ. Тіпті наразылардың бірі Трамптың өзі локдаунды мамырға дейін ұзартуға мәжбүр болды.

Қорыта келе, автор дүрбелең толқыны мен негізсіз болжамдар салдарынан әлемдік экономика күштеп тоқтатылғанын айтады. Дүрбелең тудырған кім? Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер. Ал болжамды вирус туралы деректердің жетіспеушілігі жағдайында ғалымдар жасады. Осылайша, қарапайым халық арасында ақпараттың тым көптігі мен нағыз зерттеушілердің қолында қажетті мәліметтің аздығы салдарынан коронавирус дәл осындай өткір реакция тудырды. Демек, жауапкершіліктен қорықпай, шындыққа тура қарағаннан дүрбелең туғызу әлдеқайда оңай болып тұр…

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<