Мұнай және газ бағасы өсті. Оның теңге бағамына әсері қалай болмақ?

1270

0

Әлемде мұнай бағасы күрт өсті. Еуропада газ бағасы өткен жылмен салыстырғанда 5-6 есе өсіп, мың текше метріне 2 мың доллардан асып кетті.

Сарапшылар мұнай бағасының қымбаттауына қатысты себепті түрлі жағдайдан іздейді. Олардың бірқатары «қара алтын» құнының өсуіне табиғи газдың қымбаттауы әсер етті деп есептейді.

Сонымен қатар мұнайға деген сұраныс арта түсті. Ол бағаның шарықтауына өз әсерін тигізбей қоймады. Жақында өткен ОПЕК+ қатысушы елдерінің отырысында Қазақстан Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев еліміздің алдағы айларда мұнай өндірісін арттыратынын мәлімдеді.

Келісімге қатысушылар тәулігіне 400 мың баррель болатын қазіргі өндіріс деңгейін ұжымдық түрде өсіру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім аясында Қазақстан қазан айында тәулігіне 1,5 млн баррель мұнай өндіруі тиіс. Демек, ай сайын өндіріс көлемі тәулігіне 16 мың баррельге артып отырады.

Жуырда мұнай бағасына қатысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да түсініктеме берген. Оның айтуынша, Еуропа мен Азияда жылу беру маусымы қарсаңында газ қымбаттап кетіп, нәтижесінде көп компания мұнай тұтынуға күрт бетбұрыс жасады.

Бұл дәйектеме көңілге қаншалықты қонымды? Қазіргідей ақпараттың алапат тасқыны жағдайында мұндай байламды кез келген сарапшы айта береді. Теңгенің нығаюы немесе құлдырауы мүмкін дегенге әсер ететін факторлар көп. Қазір әлемде инфляция қарқыны күшейді. Қымбатшылық ауыздықтауға келмейтін деңгейге жетті. Әлем сарапшыларының айтуынша, ақшаның құны жоғалып, оның сатып алу қабілеті күрт төмендеді. Осыған орай көмірсутегі шикізаты қымбаттауда. Кейінгі уақытта Еуропаның бірқатар саясаткерлерінің дәстүрлі отыннан бас тартып, баламалы энергия, яғни «жасыл» экономикаға көшеміз деген әңгімелері әлем нарығында қарама-қайшы пікірлер туғызды. Баламалы энергия көздерінің тым қымбатқа соғатыны қазірдің өзінде белгілі бола бас­тады. Энергия қымбаттаған сайын кез келген өндіріс өнімдерінің, қызмет түрлерінің бағасы өсетіні белгілі. Баға тұрақты деген Еуропада соңғы уақытта қымбатшылық белең ала бастады. Бұл орайда еліміздегі жағдайға оралайық.

Күні кеше ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытында дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді. Ведомство басшысына ішкі нарықтағы қазіргі жағдай туралы баяндалды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ деректері бойынша отандық мұнай өңдеу зауыттары барынша жүктелген. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлері  бекітілген жоспардан асыра өндірілуде.

Алайда тамыз-қыркүйек айларында Қазақстанда дизель отынын нормадан тыс жоғары тұтынуы тіркелді. Бұның себебі, дизель отынының бағасы төмен болғандықтан, оның транзиттік жүк көліктерімен ағыны орын алды. Энергетика министрлігі нарықты тез арада тұрақтандыру және сапалы отынмен қамтамасыз ету міндетін қойды. Күн сайын Шымкент зауытында шамамен 5,5 мың тонна дизель отыны, Атырау зауытында 4,4 мың тоннаға жуық дизель отыны өндіріледі. Бұл – ұлттық компания басқармасы төрағасының орынбасары Данияр Тиесовтің мәлімдемесі.

14 күн ішінде екі зауыт 133 мың тонна дизель отынын өндірді, бұл жоспарлы көрсеткіштерден 4 мың тоннаға артық. Биылғы жылдың 9 айында үш зауытта барлығы 3,7 млн тонна дизель отыны өндірілді.

Кеңес қорытындысы бойынша Мағзұм Мырзағалиев ұлттық компанияға мұнай өнімдерін өндіру бойынша тиісті тапсырмалар беріп, оларды толық бақылауда ұстауды міндеттеді. Жағдай осылайша барлық жерде күрделі сипат алуда.

Негізгі айтпағымызға қайта оралайық. Ресейдің вице-премьері Александр Новак жуырда мәлімдеме жасап, «қара алтын» бағасы жылдың соңына қарай барреліне 100 долларға жететінін айтты. Бұл – болжам емес, жағдайды сұрыптай білетін кәнігі маманның пікірі. Мұндай жағдайда теңгенің жағдайы қандай болады? Шикізат бағасы қымбаттаған сайын Қазақстан экономикасының «жаны кіреді», алайда теңге құнсыздануы әбден мүмкін. Бұл кей жағдайда әлемдегі геосаяси тұрақтылықтың қаншалықты бекем екеніне, сондай-ақ ел экономикасында импорт-экспорт теңгерілімінің оң балансына байланысты болады. Кейінгі уақытта Қазақстанда бірқатар өнімдердің экспорты өсті. Бұл – әлбетте, жақсылықтың нышаны. Дегенмен, экономика өсімінің күрт белең алу қарқыны әртүрлі ойларға жетелейді. Біздегі жалақының кейінгі өсуіне байланысты «артық теңгелер» нарыққа, инфляцияға, сондай-ақ теңге бағамына теріс әсер етуі әбден мүмкін.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<