Облыс үздік үштік үдесінен шықты

13429

0

Кез келген аймақтың даму қарқыны ең алдымен әлеуметтік-экономикалық тұрғысынан бағаланатыны белгілі. Бұл тұрғыда Қызылорда облысы оқ бойы озық шыға бастады. Мәселен, биыл алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша, республика өңірлері ішінен суырылып, алғашқы үштіктен көрінді. Өндіріс пен ауыл шарушылығынан бастап, құрылыс және сауда саласы ілгері басуда.

Бюджет пен инвестиция толықты

Ең әуелі әр саладағы өсімді нақты көрсеткішпен айтар болсақ, жоспардан асырыла орындалған істерді аңғаруға болады. Биыл өңдеу өнеркәсібі – 115,8 пайызға ұлғайып, қаржы көлемі 227 млрд теңгеге жеткен. Облыс бір тірегі ретінде ауыл шаруашылығына арқа сүйейтінін білеміз. Бұл саладағы өсім 101,6 пайызға артып, 157 млрд теңгені құраған. Кейінгі жылдары аймақта құрылыстың белсенді жүріп жатқанына ел куә. Мұндағы өсім 126,4 пайызға, яғни, 117 млрд теңгеге артқан. Сол сияқты тұрғын үйлер 118,9 пайыздан асып, жалпы ауданы 618 мың шаршы метрге жетіпті.

Өңірдің дамуындағы тағы бір көрсеткіш сауда саласында. Алыс-берістің көлемі 104,1 пайызға (531 млрд теңгеге) өскен. Ал ондағы көлік және қоймамен қамтамасыз ету деңгейі 107,2 пайызға артып, 210 млрд теңгені құраған. Сонымен негізгі капиталға тартылған инвестиция 125,6 пайызға (319 млрд теңге), оның ішінде жеке инвестициялар 134,6 пайызға (231 млрд теңге) жетті.

Сыр елінің әл-ауқатына қатысты оң өзгерісті мынадан аңғарсақ болады: облыс бюджеті былтыр 387 млрд теңге болса, биыл 609 млрд теңгеге дейін өсті. Өңір қазынасындағы өсім 57 пайызды құраған. Жалпы, облыстың даму бюджеті 2021 жылы 47 млрд теңге, 2022 жылы 50 млрд теңге болса, биыл 127 млрд теңгеге артып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бақандай 2,5 есе өсім бар.

Расында облыста өндірістің көлемі бұрын мұнай секілді шикізаттармен ғана толықтырылып келген. Дегенмен жергілікті билік бұл мәселеге зер салып, басқа да өнеркәсіп өндірісін дамыту арқылы жағдайды жақсарта алды.

Әлеуметтік саланың әлеуеті зор

Біз жоғарыда бюджеттің жай-күйін тілге тиек еттік. Облыс әкімдігі сол қаржының 61 пайызын әлеуметтік салаға бағыттаған. Халық үшін қажетті нысандар көптеп салынуда. Мысалы, алдағы жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектептің құрылысы жүреді. Жоба құны – 98 млрд теңге. Бұған қоса өңірдің дарынды балаларына арнап физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар мектеп-интернатының құрылысы басталды. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебiнен мектеп мәселесін шешу мақсатында қосымша 5 мектеп бой көтеруде. Қызылорда қаласында тағы 4 қосымша ғимарат салынды. Бұл ғимараттардың артықшылықтары көп. Біріншіден, балалардың үйінен мектепке қатынауына ыңғайлы болуы үшін жақын орналасқан. Екіншіден, бюджет қаржысы үнемделді. Өйткені 550 орындық мектепті жаңадан салуға 3-4 млрд теңге шығын кетеді, ал аталған мектептер 700 млн теңге қаржыға тұрғызылған.

Жар салар жаңалық көп

Облыс тұрғындары үшін жасалып жатқан игілік бұнымен шектелмейді. Қазір өңірде құны 36,4 млрд теңгені құрайтын 100 адамға арналған емхана, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана салынуда. Оған қоса облыс орталығында құны 2,7 млрд теңге болатын «Қан орталығының» құрылысы басталды. Ауыл тұрғындары да жақсылықтан шет қалып жатқан жоқ. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салынуда.

Алдағы уақытта бірқатар спорт және әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтермек. Осындай жоспардың бірі – құны 18 млрд теңге болатын 7 мың орындық Орталық стадион тұрғызу. Жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру кешенінің де құрылысы кезек күттірмей іске асады. Ал аудандарда 2,6 млрд теңгеге 11 денешынықтыру кешені бой көтермек.

Мәдениет саласы да жаңалықтарға кенелмек сыңайда. Құны 3,7 млрд теңге болатын «Өнер орталығының» құрылысы аяқталғанын ел асыға күтіп жүр. Таяуда «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. «Туған жерді бірге түлетейік» үндеуi аясында демеушілер есебінен өңірді дамытуға 37 млрд теңге қаржы тартылған. Бұл қаражатқа әуежайдың терминалы, бірнеше әлеуметтік нысандар, демалыс саябақтары, спорт-ойын алаңдары, көпқабатты үйлердің қасбеттері жаңартылып, аулалар абаттандырылды.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»0

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<