Көше сыпырушының күні қалай өтеді?

338

0

Бұл кісілермен келіскеніміздей Тұңғыш Президент паркі жақта жолықтық. Соның алдында ғана қар тоқтаусыз жауып, жерді көміп тастаған болатын. «Қызылорда тазалығы» мекемесінің қызметкерлері біз барғанда соны күреп, жинап алып, техникаға тиеп жатыр екен. Жұмыс қанша жерден қауырт болса да әңгімелесуге уақыт тапты.

Қыстың қақаған суығында көше сыпырып жүргендердің көбі әйелдер екен. Рабиға Жақауова алты-жеті жылдан бері осы мекемеде еңбек етіп келеді. Күннің ыстық-суығына қарамай далада жүргені.

– Қаланың қай бұрышына жұмсаса, сол жерді тазалаймыз. Адам көп жүретін орталық жақ пен саяжайлар жиі ластанады. Жастар бұл жұмысқа келе қоймайды. Келген күннің өзінде қиындығына шыдамай шығып кетеді. Мерекелер кезінде бізге шай ұсынатындар болады, бірақ өте сирек. Қайырымдылық көмек ретінде мешіттерден азық-түлік беріп тұрады. Жолдасымның құлағы естімейді, тұрақты жұмысы жоқ. Бес баламыз бар, алды – студент. Үлкен қызымыз тұрмысқа шыққан. Бала-шағаны асырау менің мойнымда. Басқа кіріс көзі жоқ, – дейді кейіпкеріміз.

Тазалықшылардың жалақысы – 160 мың теңге шамасы. Рабиға Жақауова соның жартысынан көбіне айма-ай несиесін жауып, пәтер ақысын төлейтінін жеткізді. Енді оған кенже баласының сырқаты қосылып отыр.

– Төртке толмаған баламызға эпилепсия диагнозы қойылған. Жиі есінен танып қалады. Әлсін-әлсін ауруханаға жатамыз. Ташкентке апарып емдеткіміз-ақ келеді. Бірақ болмашы айлықты қай жағына жеткізейін?! – дейді ол.

Рабиға Жақауова облыс орталығына отбасымен біраз жыл бұрын Қазалы ауданынан көшіп келген. «Қызылорда тазалығының» тағы бір қызметкері Әлия Қосымова бұрын ұзақ уақыт Байқоңыр қаласында тұрыпты. «Харекет» қайырымдылық қоры Қызылорда қаласынан бес бөлмелі жер үй табыстап, қазір сонда тұрып жатыр. Өзі – он баланың анасы.

– Бұған дейін пәтер жалдап күнелтіп жүрдік. Қатты қиналып кеткесін қайырымдылық ұйымынан көмек сұрадым. Балаларымның несібесіне үлкен үй бұйырды. Екі қызым – студент. Ішпесем де, жемесем де енді солардың оқу ақысын төлеп келеміз. Күн салқында қиын, табаныңнан ыза, өңменіңнен жел өтеді. Балаларымыздың оқыған адам болғанын қалаймын, – дейді кейіпкеріміз.

Он баланың әкесі, оның жолдасы Ибраш Смаилов та өзімен бірге осы мекемеде еңбек етіп жүр.

– Қыста қарды күреп тауысқанша түн жарымына дейін жүреміз. Қалада тазалыққа салғырт қарайтындар көп. Жинап алып кетіп, бір айналып келсең, қайтадан толтырып қояды. Бір көшені екі-үш қайтара тазалауға тура келеді, – дейді тазалықшы ағамыз қарды көлікке тиеп жатып.

Разия Қабыланбекова мұнда жұмысқа орналасқалы көп уақыт өте қойған жоқ. Оған дейін үй тіршілігінде болған.

– Екі балам бар еді, кішкентай кезінде біреуінен айырылып қалдым. Екі жарым жылға таяу уақыт бұрын екінші ұлым өмірден өтті. Амал жоқ, нан табу керек болды. Әр жерде жұмыс істеп жүрдім. Басымда баспана жоқ. Балам бар кезде қиындық білінбеп еді. Қайда барсам да «көмектесе алмаймыз» деп шығарып салады, – деді кейіпкеріміз көзіне жас алып.

Көше сыпырушылардың қасында тұрған бір сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде қолым да, денем де тоңып кетті. Аяз бетті қарып барады. Ал осындай ауа райында, жазда аптап ыстықта сегіз сағат, тіпті одан көп уақыт далада жүретін бұл кісілердің еңбегін енді өзіңіз бағамдай беріңіз.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<