Шыңдалған шеберлік

957

0

Шаһарды жарықпен қамтитын мекемелерде жұмыс істеп, осы салада 40 жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатқан  Дінмұханбет Әбдіреев заман сұранысына сай электрик мамандығын жанына жақын тартқан.

– 1979 жылы мектеп бітіргесін әкемнің ақылымен бұрынғы СПТУ-ға оқуға түсіп, токарь мамандығын алып шықтым. Содан 1981 жылға дейін «Қызылорда рисмаш» зауытында жұмыс істедім. Сол жылы әскерге шақырылып, 1981-1983 жылдары Кеңес әскерінде борышымды өтедім. Ал 1983-1986 жылы Қызылорда политехникумында білім алып, техник-электрик мамандығын үздік бітірдім. Сол жылы «ҚЭТТК» АҚ қалалық электр торабының электромонтері болып жұмысқа орналасып, осы саладағы алғашқы еңбек жолымды бастадым. Ол кезде жастарға деген сенім күшті ғой. Ең алдымен, үйренуші ретінде орналастым да, кейін уақыт өткесін бірте-бірте разрядым көтерілді, 5-разрядты электрикке дейін жеттім. Туған өлкемді үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету үшін жастық жалыным мен жігер-қайратымды жұмсағаныма еш өкінбеймін, – дейді кейіпкеріміз.

Талабы таудай жас жігіттің бойында қабілет бары алғашқы күндері-ақ байқалды. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген бар емес пе, оның іс-қимылынан осы қасиетін анық аңғарған қалалық электриктердің бригадирі Нұрлан Рашбаев осы кәсіптің қыр-сырын үйретті. Сол кезде мамандықты тәжірибе жүзінде меңгерудің жөні бөлек екеніне көз жеткізеді. Аз жылда сол саланың соқпағымен адаспай алға қадам басты, әріптес ағасынан көп нәрсені үйреніп, өмірлік азық етті.

Кейін шыңдалуына кәсіби шеберлігін көтеруі де себепші болды. Қызылорда аграрлық-инженерлік институтынан экономист мамандығын алып шығып, саланың ендігі дамуына басшылық қызметте жүріп үлес қосты. Оның ішінде «ҚЭТТК» АҚ мекемесінде техника қауіпсіздігі қызметінде басшы, Шиелі аудандық электр торабында басшы, «ҚЭТТК» АҚ-да бас инженер және қалалық электр торабы басқармасында басшы қызметтерін атқарды. Бүгінде Дінмұханбет Сейдуллаұлы – Қызылжарма электр торабының басшысы.

– Өмір жолымда біршама қызметте болдым. Бірақ саламнан алыстаған емеспін. Қазір басшылық жасап отырған Қызылжарма АЭТ мекемесі үш бағытта қызмет етеді. Біріншісі – әуедегі электр желілерін қадағалау, екіншісі – кабельдік желілерді жүргізу және соңғысы – подстанция. Бізге теміржолдың арғы беті, яғни, Шанхай, КБИ, Коммунизм, әл Фараби, Гагарин, Титов және Комсомол шағын ауданы қарайды. Міндетіміз – апатты жағдай туындағанда тез арада қалпына келтіру, электр есептегіштердің көрсеткішін алу және ұрлықты болдырмау. Жоғары кернеулі тоқпен жұмыс жасау оңай шаруа емес. Бұл ыждағаттылықты, жан-жақтылық пен біліктілікті қажет етеді. Бүгінде тұтынушыларға сапалы электр энергиясын беру үшін аянбай еңбек етудеміз, – дейді тәжірибелі маман.

Иә, қазір электр энергиясынсыз күн жоқ.  Біздің кейіпкеріміз энергетика саласындағы жетістіктері мен жоғары кәсіби қабілеті үшін талай рет кәсіпорынның алғысын алып, түрлі Құрмет грамоталарымен марапатталды. Көп жылғы еңбегі еленіп, ҚЭЭҚ-тің Құрметті энергетигі атанды. Мерейтойлық төсбелгілер иеленді. ТМД бойынша «Еңбегі сіңген энергетик» атанса, 2020 жылы ҚР Президентінің «Халық алғысы» медалін тақты. Ал былтыр облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қазақта «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөз бар. Дінмұханбет Әбдіреев алдыңғы толқын аға буыннан тәлім алып, өз ісінің озаты атанып, ұжымдағы жас мамандардың ақылшысы, тәлімгеріне айналған. Оның ізінен ерген жастар бүгінде энергетика саласында еселі еңбек етіп жүр.

Отбасында өмірлік жарымен бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Алды үйленіп, немере де сүйгізді. Кіші ұлы да осы саладан алыс емес. Әкесі сияқты нағыз электрик болмағанмен, облыстық энергетика басқармасында қызмет етеді. «Ат тұяғын тай басар» деген осы шығар.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<