Халыққа қызметі қалтқысыз

125

0

Тәуірбайдың көпшілікпен тіл табыса білетін дағдысы жаныңды жадыратады. Кішіпейіл мінезді жігіттің еңбек жолына көз тастасаңыз, бірсыпыра жетістіктерді аңғарасыз. Түрлі сатыдан өтіп шыңдалған.

Ол ғасыр тоғысқан тұста Қорқыт ата атындағы университетті экономист-қаржыгер мамандығымен бітіріп, зейнетақы төлеу орталығы Қазалы аудандық бөлімінің маманы ретінде еңбек жолын бастады. Ізденімпаз жігіт ұжым арасында іскерлігімен тез танылды. Тындырымдылығының арқасында көп ұзамай осы мекеменің жетекші маманы, бас маманына көтеріліп, 2007 жылы Қазалы аудандық зейнетақы төлеу орталығының басшылығына тағайындалды. 2016 жылдан «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ-ның облыс бойынша филиалы, әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша Қазалы аудандық бөлімінің басшысы қызметін атқарған Тәуірбай Задашұлы қазір әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша аудандық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істейді.

– Қызметі 1997 жылдан басталған зейнетақы төлеу орталығы қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік қамсыздандыру саласы болып, филиалдың аудандық бөліміне біріктірілген. Алғашқы 1997-2005 жылдар аралығында халыққа әлеуметтік төлемдер жөнінен 10-15 түрлі қызмет көрсетсе, нақты кезеңде бұл қызметтердің түрі көбейіп, 30-40-қа жеткен. Әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша тәжірибесі мол 10 маман жұмыс жасайды. Аудан бойынша әлеуметтік төлем алушылардың төлем мөлшерін қайта есептеп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Біздің әлеуметтік қамсыздандыру саласы декреттік төлем, бала туғанда бір жарым жасқа дейінгі күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы, 4 балалы отбасыларға жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты және мүгедектігі бойынша жәрдемақы, жұмысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы, зейнеткерлік жасқа толғанда зейнетақы және әлеуметтік төлем алушылар қайтыс болған жағдайда бір реттік жерлеу көмегін төлейді, – дейді Тәуірбай Задашұлы.

Әлеуметтік сала әлеуметтік топтардың мүддесін, қоғам мен тұлғаның ара қатынасын, тұрмыс пен еңбек, денсаулық пен бос уақытты қамтитын қоғамның негізгі салаларын қамтып келеді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<