Екі айда едәуір ілгерілеу бар

574

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төраға­лығы­мен әлеуметтік-экономикалық даму жөнінде жиын өтті. Жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.

Жыл басынан бері екі айда облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 102,6 млрд теңгенің өнімін өндірді. Тамақ өнімдерін өндіру 3,2 процентке, жеңіл өнеркәсіп 6,0 процентке, өзге де бейметалл минералдық өнімдерді өндіру 2,2 есеге,  жиһаз өндіру 31,4 процентке, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату 8,1 процентке артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 9,1 процентке қамтамасыз етілді (24,1 млрд теңге өнім өндірілді).

Есепті кезеңде өңір экономикасына 25,3 млрд теңге инвестиция салынды, бұл 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,8 процентке артық. 2,5 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары орындалды немесе 2020 жыл­дың тиісті кезеңіне 129,6 процентті құрады. 99 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда НКИ 101,9 процентті құрады.

Ауыл шаруашылығының жал­пы  өнімінің  көлемі 8,8 млрд тең­гені құрап,  2020 жыл­дың сәйкес кезеңіне 2,2 процент өсім қамтамасыз етілді.  2021 жылдың 1 наурызына 8111 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 1264-і тұрақты жұмыс орны.

Биыл  индустрияландыру бағ­дарламасы аясында облыста жалпы құны 48,5 млрд теңгені құрайтын, 506 жұмыс орны құрылатын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар – «Табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы»  («Orda Glass ltd» ЖШС), «Қуат­ты­лығы жылына 1500 тонна құс етін өндіру» («Қармақшы құс» ЖШС), «Ас тұзын өндіру» («Аралтұз» АҚ), «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару өндірісі»  («Qazaq Qamel» ЖШС).

Аймақ басшысы әлеуметтік-экономикалық даму тұрғын­дар­дың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, бірқатар тапсырма берді. Қала және аудандарда өндірісті дамытуды, су тапшылығы жағдайында ғылымның озық жетістіктерін енгізуді жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<