Алғыс айту күнінде қайырымдылық шаралары өткізіледі

194

0

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында облыста Алғыс айту күнінде біршама игілікті шаралар өтеді. «30 игі іс» акциясы ұйымдастырылып, қоғамның осал топтарына әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев хабарлады.

Алғыс айту күніне орай «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: Бірлік пен бірегейліктің моделі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, «Жаныңда жүр жақсы адам» тақыбында еркін форматта жастардың кездесуі ұйымдастырылады.

– Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген алғыс айту күні баршаңызға құтты болсын! Алғыс айту күні – тағдыр тәлкегімен еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың қонақжай қазақ халқына тағзымының белгісі. Бүгінде Қазақстан 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдерін тоғыстырған көп ұлтты, зайырлы мемлекетке айналды. Ал «Қазақстан халқы Ассамблеясы» қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің өміршең құралы болып отыр, – деді облыстық ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев.

Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған» атты этнос өкілдерімен кездесу, облыстық мемлекеттік архивінде «Сыр елі, саған мың алғыс!» тақырыбында 1937-1944 жылдары Сыр өңіріне қоныс аударған этнос өкілдері мен ұлттық мәдени орталықтар туралы архив қорында сақталған құжаттар көрмесі өткізіледі. Бұдан бөлек, білім ұйымдарында «Анама Алғыс айтамын!», «Ұстазыма мың алғыс!» тақырыбында тәрбие сағаттар, жоғары және арнаулы оқу орындарында дәрістер оқылады.

Алғыс айту күніне арналған бұл мәдени-бұқаралық шаралар облыстың барлық аудандары мен елді мекендерінде жалғасады. «30 жылға – 30 тілек» тақырыбында әр сала үздіктерінің бейнеқұттықтаулары БАҚ және әлеуметтік желіде жарияланады.

– Қазіргі таңда Алғыс айтудың маңыздылығын халық арасында кеңінен насихаттап, түрлі форматтағы шараларды ұйымдастырудамыз. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен республикалық деңгейде «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы өткізіледі. Аталмыш жоба Қызылордада 1 наурыз күні аймақ басшысының қатысуымен өтеді. Жобаны қала, аудан халқы және меценат, кәсіпкерлердің қатысуымен ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл шараның маңызы зор, – деді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бауыржан Мастеков.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сыр елінде 35 түрлі этнос өкілдері тұрады. 20-ға жуық этномәдени бірлестіктер мәдениетті, дәстүрді жаңғырту бағытында жұмыс жасауда. Сондай-ақ, 300-ге жуық қоғамдық келісім кеңестері Аналар кеңестері рухани құндылықтарды насихаттауда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз