Аралда мектеп оқушысы «бомба» туралы хабарлаған

1312

0

           

Өткен 11 наурыз күні сағат 11.30 шамасында Арал аудандық № 3 өрт сөндіру бөліміне ұялы телефоннан қоңырау шалынып, «Ғимаратта бомба бар, қане, өртті өшіріңдер» деген мәтінде хабарлама түсірген. Қоңырау шалушының  даусынан оның жасөспірім екені белгілі болған, сонымен қатар ұялы байланыс номері анықталған. Бұл туралы өңірлік комуникация қызметінде өткен брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин мен облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Уразов мәлімдеме жасады. Бұдан өзге жауапты орган басшылары «Жалған терроризм» туралы қоңырау шалу үшін заң алдындағы жауапкершілік туралы да айтып берді.

Алайда өрт сөндіру қызметкерлері анықталған номерге кері байланысқа шығуға тырысқанымен, қоңырау шалушы телефонын көтермей, оның тұрғылықты жерін анықтау құқық қорғау органдары үшін біршама уақыт алды.

Терроризмге қарсы іс-қимыл саласы бойынша бекітілген ведомствоаралық бірлескен бұйрықтарға және ішкі істер органдарының іс-қимыл алгоритмдеріне сәйкес тиісті шаралар қабылданып, жедел іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде «жалған терроризм» туралы хабар түсіруші Арал қаласының тұрғыны, 2012 жылы туылған, 3 сынып оқушысы екені анықталды. Қазіргі уақытта тіркелген іске байланысты тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабында терроризмнің жаңадан жасалып жатқан әрекеті туралы дәлелді жалған хабарлау алты жылға дейін бас бостандығынан айыру және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған мемлекеттік органдардың материалдық залалын өтеуі мүмкін.

Соңғы рет облыс аумағында жалған терроризм туралы хабарлама 2017 жылы тіркелген. Алайда бұған дейінгі құқық бұзушылықтар алкогольдік тәуелдігі бар немесе жүйке ауруларымен арнайы есепте тұратын ересек азаматтармен жасалса, бұл жолы мұндай әрекетке барған тұлға – кәмелетке толмаған жасөспірім болып отыр.

Бұл – қылмыстың ауыр түрлеріне жатады. Және де Заңға сәйкес, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс үшін оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады. 

 Облыстық терроризмге қарсы комиссиямен аумақта терроризм көріністерін туындауы мен таралуына ықпал етуші факторлардың алдын алу және болдырмау мақсатында тиісті шаралар үнемі ұйымдастырылуда.

Облыс бойынша баспа материалдар, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар орналастырылса, сонымен қатар облыс бойынша террористік тұрғыдан осал деп танылған барлық объектілерде және білім беру мекемелерінде «жалған терроризм» үшін заң алдындағы жауапкершілік туралы жадынамалар орналастырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<