Ашықтық – басты қағида

1097

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Antikor Live» жобасы аясында тікелей эфирде сұхбат берді. «Әкімдіктердің ашықтығы, есептілігі және қолжетімділігі» тақырыбында өткен сұхбатқа ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Ардақ Ерсейітов қатысты.

Онлайн шарада әлеуметтік желідегі облыс тұрғындарының пікірлері не­гізінде сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты бірқатар сұрақ қойылды. Алғашқы сауал өңірдегі жем­қорлықпен күрес шараларына қатысты өрбіді.

– Құқықтық статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 10 ай қорытындысымен сыбайлас жемқорлық сипатында 81 қылмыс тіркелді, ол өткен жылмен салыстырғанда 26,4 процентке төмен. Жемқорлық сипатындағы қылмыстық істер бойынша біздің облыс өңірлер арасынан 16-шы позицияға орналасты. Осы көрсеткіш оң нәтиженің айғағы. Алдағы уақытта да қарқынды шаралар жалғасады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс әкімі азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар ашықтық принципін ұстанатынына тоқталды. Бүгінде облыстық әкімдіктің ресми интернет-ресурсы арқылы кез келген азамат қажетті ақпаратты ашық түрде алады. Салалық басқармалардың жұмысы, конкурс хабарландырулары, нормативтік құқықтық актілер, өңірдегі барлық жаңалықтар күн са­йын жаңартылып тұрады. Ал, ашық бюджеттердің интерактивті картасы өзінің тиімділігін байқатып та үлгерді. Облыс бойынша картада 1883 бюджет жарияланып, 706 ұйым тіркелді және 3 өтініш келіп түскен. Олардың барлығы мемлекеттік органдармен дер кезінде қаралды. Айта кету қажет, енгізілген бюджеттің жалпы көлемі 663,6 млрд теңгені құрап отыр. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар мен бөлінген қаражат арасында сәйкессіздіктер туындаған жағдайда азаматтар осы картада пікірлерін қалдыра алады.

Бұдан бөлек, «Электронды үкімет», «Ашық диалог» egov.kz порталында облыс әкімінің қатысуымен түрлі тақырыптарда интернет-конференция­лар өткізілуде. Бүгінге дейін 8 онлайн кездесу ұйымдастырылып, кері байланыс орнатылды. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс бойынша салынып жатқан құрылыс нысандары туралы толық ақпараттар да арнайы сайтта орналастырылып, «Халық мониторинг» (Halyq Monitoring) электронды жүйесі іске қосылды.

Облыс әкіміне кәсіпкерлік субъектілердің заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша да сауалдар қойылды. Бұл ретте Гүлшара Наушақызы жақында «Бизнеске ар­налған Үкімет» кеңсесінің жұмысымен танысқанын, кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру күн тәртібіндегі мәселе екенін алға тартты.

– Өңірлік бизнес-ортада әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлық көріністерін жою, кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау үшін «Бизнесті және инвесторларды қорғау» (Protecting business and investments) жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында жыл басынан бері облыстағы инвесторлар мен кәсіпкерлерді демеу үшін 6 шетелдік және 15 отандық жобамен келісім-шарт жасалды. Одан бөлек, пандемия кезінде бизнесті жоғалтпау үшін 51 мыңнан астам кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер беріліп, 4 мыңнан астам кәсіпкер міндетті әлеуметтік-медициналық сақ­тандыру төлемінен босатылды, – деді облыс әкімі.

Сұхбат барысында 9 мың сауда алаңы 700 млн теңге жалдамалық төлемдерді өтеуден босатылғаны айтылды. Ауыл кәсіпкерлерін жеңіл­дікпен несиелендіруге бағытталған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қызметі 2025 жылға дейін ұзартылғаны да қолдаудың толастамайтынын көрсетіп отыр. Аймақ басшысы мемлекеттік қызмет көрсету, қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал­ға байланысты бөлінген бюджет қара­жатының мақсатқа сай игерілуіне бақылау жалғасатынын баяндады.

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Ардақ Ерсейітов те өткен жылы Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы Заңға қол қойғанын, осы Заңның қабылдануымен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді. Мемлекеттік қызметшілердің сыйлық алмауына, енді қандай да бір қызметкердің бармақ басты, көз қыстылық іске қатысы бары анықталса, мемлекеттік орган басшысы отставкаға кететіні жайлы өзгерістерді тағы бір еске салды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<