Орындалған арман

104

0

Көкірегі көмбе қариялардың әңгімесіне балалықпен назар аудармай, біз сөз қадірін түсінем дегенше, небір шежіреші кісілер жер бетіндегі сапарын аяқтап, мәңгілікке бет түзеді. Бұл «Адам – бір көшкен керуен» деген заңдылық емес пе?

Осыдан біраз жыл бұрын Ібіраш Ителгиев атамыздың жазбаларын баласы Алтынбек аға «Өмірім туралы естелік» атты кітап етіп жарыққа шығарғанда, бұлақ бастауынан су ішкендей болып, мол қазынаға кенелдік.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Ібіраш  атамыз жайлы өзі жазып қалдырған естеліктерді негізге алып, әңгіме өрбітудің реті келді. Ол алдымен ауыл молдасынан сауат ашты, оқуға құштарлығының арқасында латын жазуын да меңгерді. Орысша жазуды көкесінен,  төрт амалды өздігінен үйренді. Мектепте білім алу үшін небір қиындықты бастан өткерді.  Орта дәулеті болғаны үшін әкесін Қармақшы түрмесіне қамады. Өзін «бай-құлақтың баласы, мұндай жаттарға интернатта орын жоқ» деп белсенділер  қудалады. 1932-нің алапат ашаршылығының зардабын тартты, шешесі аштықтан келген ажалдың тырнағына ілікті. Сол уақытта колхоз бухгалтеріне жәрдемші, тәбелші болып, балық аулап күнелтті. 1934 жылдың пісімшілігіне жеткенше жуа, қоғаның басын терді, 18-ге толғанша бейнетті белшеден кешті. Сол жылы егін мен бақша бітік шығып, ел еңсесін көтере бастады да, Ібіраш атамыз «Бозарық» колхозына бухгалтер болып орналасты. Одан 1937-нің аласапыраны басталды. Тағы сол «байдың баласы» деп түрткі көрді, бірақ бұлт арасынан күн шығатыны анық еді.

Соғыс оты тұтанғанда 25 жаста, ауылдағы ағайын арқа сүйейтін жігіттердің қатарында еді. Тамыздың 3-і күні повестка алып, ертеңіне ауданға жүріп кетті. Әскери комиссариатта комиссиядан өтіп, елден 9 тамыз күні аттанды. Орынбордан 18 тәулік жүріп, Примор өлкесінің Шкотово деген аудан орталығына түсті. Бір айдан кейін Владивосток қаласының жанындағы «Первая речка» деген жерде дайындықты ширата түсті. Қараша айының орта шенінде полктен 115 адамды батысқа қарай жіберді. 

«Оның ішінде Омар Байназаров, Тұрақ Құрмантаев, Қуантай Тұрсымбаев, Дүйсеней Өтепбергенов және мен бармын. Батысқа фронтқа барады екенбіз деп қуанып жүрміз. Біз ойлағандай болмады, түн ортасында  пойыздан түсіріп,  үлкен казармаға әкелді. Сол жерде бір ай карантинде болдық. Сосын Тұрақтан басқамызды түгелдей 12 шақырым жердегі авиация полкіне әкеліп, химиялық заводқа тапсырды. Бұл взводта 10-15-тей жас солдат бар екен» делінген естелікте.

Орналасқан соң бөлімнің мекен-жайын алып, елге хат жазды. Ертесіне кезекші взвод командирі шақырып жатқанын айтты. Барса кіші лейтенанттың  алдында түнде жазған хаты жатыр екен.

– Мынау сенің жазған хатың ба? 

– Мен, иә…

– Онда бүгіннен бастап маған писарь боласың, – деді.

Орыс тілін жөнді білмейтінін айтып көріп еді, «үйреніп кетесің» деді.

Сонымен кіші лейтенант Носенконың писарі болды. Взводта ондай лауазым жоқ, әскери ойынның барлығына да қатысуы керек. Бір жылдан кейін полктің штабында писарьлік жұмыс атқарды. Сол жерде партияға өтті.

1945 жылдың 9 тамызынан Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, 1946 жылдың 6 шілдесі күні туған жерге оралды. Қан қасаптан аман келу екінің біріне бұйырмаған бақыт, өзімен бірге аттанған жігіттермен шұрқырасып табысты, қайтпағандар да бар екен. Елдегілер әбден қажыған, соғыс өрті шарпымаған шаңырақ қалмаған. Аман-есен келген жігіттердің барлығы жұмысқа кірісті. 

Соғысқа дейін істеген «Ақжар» МТС-інде­гі жұмысына оралып,  бас бухгалтердің орын­басары болды. Одан әрі қарайғы еңбек жолы сельпода жалғасты. Жатпай-тұрмай сауда жұ­мысының техникасын меңгеруге кірісті.  Оқуға, білім алуға деген ынтасы бір мысқал да кемімеді.  Кешкі мектепті бітіріп, аттестат иеленді.

 Ендігі арманы – қалайда жоғары білім алу. Асылы, адам мұратына жету үшін талпынысын тоқтатпау керек екен. Ібіраш атамыз жасы 40-қа келсе де, оқысам деген ойынан қайтпады. Бір күні Мәскеудегі Орталық Тұтынушылар одағының жоғары кооперативтік мектебіне оқитын адамға сұраныс келгені жайлы естиді. Оған бару үшін кооперацияда басшылық қызметте ең кемі 5 жыл еңбек өтілі, онжылдықты бітірген аттестаты болуы керек екен. Барлық талапқа сай келіп тұр. Көктен іздегені жерден табылған ол Алматыға оқуға аса ықыласты емес кісінің құжаттары кеткенінен хабардар болды. Ол кезде қазіргідей құрдай қатынап жатқан көлік қайда? Амалдап Қармақшыға жетіп, одан Қызылордаға хабарласып, мәселе оңынан шешілді.

Мектеп партасында отырып үздіксіз орта білім алмаған соң, Мәскеуде оқу оңайға соққан жоқ. Бірақ жылдар бойғы арманына енді қол жеткенде аянып қалмады. Жоғары кооператив мектебін 1959 жылы бітіріп елге оралды.  Қызылорда мен Шымкент облысының тұтынушылар одағында, сауда саласында басшылық қызмет атқарып, зейнетке шықты.

«Жапырағы жайқалып, сұлудай бұралған бәйтерек те кезегі келгенде қурап, орнында тек шыбығы қалады. Шалқыған шалқар да қайтып, орнында жылтырап шалшығы қалады. Міне, адам баласының өмірі де сол сияқты емес пе, оқушым» деп сыр шертеді атамыз жазбаларында.

Бүгінде Ібіраш Ителгиевтің әулеті атамыз­дың өзі еркелеткен 4 немересінен 12 шөбереге жалғасып, Алтынбек аға мен Рсалды апа жапырағын жайған бәйтеректей өсіп-өніп отыр. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында немерелері қала орталығына атасының суретімен билборд орнатты. Бұл – аштықты, қудалауды, соғысты бастан өткерсе де, жігері жасымаған, қадір-қасиетін жоғалтпаған Ібі­раш Ителгиевтің орындалған арманы, оған көрсетілген құрметтің бір ұштығы.     

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<