Қамданған қапы қалмайды

594

0

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің бас­тығы Б.Данилов орман шаруа­шылық­тарындағы өртке қауіпті кезеңнің қорытындысы, алдағы жылға да­йындық шаралары, азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар қызметтерінің қыс мезгіліне әзірлігі туралы баяндады.

Облыс аумағында орман және жануарлар дүниесін қорғау бо­йынша 8 мемлекеттік мекеме орналасқан. Осы мекемелердің қорында 6,6 млн гектар жер көлемі болса, оның 3,1 млн гектарын орманды және тоғайлы алқаптар алып жатыр. 2014-2020 жылдар аралығында облыс бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңімен барлығы 22 өрт сөндіру бекеті құрылды.

Жыл басынан мемлекеттік орман қорында 48 өрт оқиғасы орын алып, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 есеге көбейген. Келтірілген залал көлемі 9,4 млн теңгені құрап отыр. Жалпы өрттің шығуына себеп көктемгі және күзгі кезеңдегі ауыл шаруашылығы жерлеріндегі шөптерді өртеу болып отыр.

Еске салайық, 21 қазанда Жаңа­қорған ауданы Түгіскен ауылындағы егістік алқаптың шамамен 30 гектар жерінде өрт оқиғасы орын алды. Оның салдарынан осы алқапта жайылып жүрген 1300 бас уақ малдың 261-і шығын болып, қалған ­686-н күйік шалған.

Осы ретте, аймақ басшысы Қызыл­орда қаласы мен аудан әкімдеріне, көктемгі егіске да­йындық және күзгі егін жинау науқанынан кейін егін алқаптарын өртеу кезінде өз тараптарынан кезекшілік ұйым­дастыруды және өртеу алдында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан рұқсат алуды қатаң тапсырды.

Сондай-ақ, мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ елді мекендерде кезең-кезеңмен өрт бекеттерін құру, оларды қажетті өрт сөндіру құрал-жабдықтарымен жарақтандыру жүктелді. Бұған қоса қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес ерікті өрт сөндіру құрылымдарының қоғамдық бірлестіктер нысанында құрылуын қарас­тыруды, өз аумақтарындағы шаруа қожалықтарына 2021 жылғы көктемгі дала жұмыс­тарына дайындық барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігі ескертілді. Қажет болған жағдайда тиісті құзырлы орган өкілдерін қатыс­тыра отырып, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды ұйымдас­тыруды және алдағы жылға ауыл шаруашылығы алқаптарын өртеу кестесін әзірлеуді жүктеді.

Облыс аумағынан 2642 шақырым қатты жабынды автомобиль жолдар жүйесі өтеді. Респуб­ликалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1112 шақырымды және жергілікті маңызы бар автожолдар 1530 шақырымды құрайды.

2020-2021 жылғы қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға облыстық азаматтық қорғау қызметтерінің барлығы 1324 адам және 383 бірлік әртүрлі техника дайындыққа келтірілген. Алайда, жыл сайын ауа райы­ның қолайсыз жағдайларына байланысты республикалық және облыстық маңыздағы автожолдарда көлік құралдарының жолаушыларымен бірге жолда тұрып қалу фактілері орын алып келеді. Нақтырақ айтсақ, 2018-2019 жылдары «Қызыл­орда-Жезқазған» автожолында 107 көлік 208 жолаушысымен қар құрсауында қалған. Сондай-ақ, Ақтөбе облысында жолдың жабылуына байланысты транзиттік көліктер Арал ауданының территориясында ұзақ уақытқа тоқтап, жолау­шылар мен жүргізушілер жылыту пункттеріне көшірілді.

Оған қоса, азаматтардың қысқы уақыттағы қауіпсіздік шараларын сақтамауы салдарынан балық аулау кезеңдерінде мұз астына түсіп, қаза болу жағдайлары да тіркелуде.

Облыс әкімі күрделі метеорологиялық жағдайларда күтіп-ұстау­шы мекеме жол бойы мониторинг жұмыс­тарын жүргізіп, күнделікті ауа райы болжамын ескеріп, қауіпті деген жол учаскелеріне қар тазалайтын техникаларын жақын орналастыруы керек екенін ескертті.

Сондай-ақ, жолаушылар тасымалдау көліктерінің қыстық дизель отынымен қамтамасыз етілгенін қатаң бақылауға алуды, жол бойы орналасқан жылыту бекеттерінің үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етуді тапсырды. Жолдың жабылғаны жөніндегі дабылды ескерту алысымен санатына қарамастан көлік құралдарының жолға шығуына қатаң түрде шектеу қою қажеттігін еске салды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<