Терминал кеңейтіліп, ұшу ғимараты салынады

570

0

Өңірде қолданыстағы әуежай терминалын кеңейту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тілеуов хабарлады.

Осыған дейін облыста жаңа әуежай терминалын салу жобасы қаралған болатын. Жобаның тиімсіздігіне байланысты бұл мәселе қайта талқылаудан өтіп, тер­минал кеңейтіліп, жанынан қосымша ұшу ғимараты салынатын болды. Қазір ғима­раттың жоба-сметалық құжат­тамасына жергілікті бюд­жеттен қаржы бөлініп, әзір­ленуде. Жобаның болжамды құны 1,5 млрд тең­геден аспайды деп күті­луде. Жаңа терминалдың көлемі екі есеге, шамамен 1400 шаршы метрге кеңейеді.

– Бірнеше жылдан бері жаңа әуежай құрылысын салудың әртүрлі нұсқасы қаралды. Бастапқыда бұл жобаны инвесторлар есебінен салу жоспарланды. Одан кейін  мемлекеттік-жекешелік әріптестік меха­низмі арқылы іске асыру туралы шешім қабылданды. Әртүрлі механизмдер, жобаны іске асыру схемалары, қаржыландыру әдістері де қарастырылды. Алайда, бағасы тым қымбат болды. Әрі республикалық бюджет қаражатының шек­теулігіне байланысты ор­талық мемлекеттік орган­дар тарапынан қолдау тап­пай, құрылыс жұмыстарын бас­тауға мүмкіндік болмады, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Кеңейтілген әуежай терминалы халықаралық стандарт талаптарына сай болады. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың екінші тоқсанында басталады деп жоспарлануда. Аяқталғаннан кейін облысаралық және халықаралық тұрақты әуе рейстері саны мен бағыттары көбейтілмек.

Бүгінде «Қорқыт ата» әуежайы арқылы аптасына 32 рейс  орындалуда. Олар  «AirAstana», «Qazaq Air», «Skat», «Fly Arystan» әуе компанияларымен бірге жүзеге асып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<