Туризмді түлету қажет

474

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтың туризм саласын дамыту мәселелеріне арналған жиын өткізді. Оған басқарма басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн арқылы байланысқа шықты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысы 2025 жылға қарай Республиканың жалпы ішкі өніміндегі туризм саласының үлесін кемінде 8 процентке жеткізу міндеті тұрғанын атап өтіп, өңірде туризмнің әлеуетін арттыру және жұмысты жандандыру қажет екенін қаперге салды.

Жиында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов пандемияның салдарынан туын­даған карантин шаралары әлем­дегі автомобиль экспор­ты мен мұнай өнімдерінен кейін тұрған туризм саласына едәуір әсер еткенін атап өтті. Мә­селен, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облысқа келушілердің саны 32139 адамды құрап, арғы жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 41% азайған. Ал, орналастыру орындарымен 469,3 млн теңгеге қызметтер көрсетіліп, 39% тө­мен­деген.

Басқарма басшысы биыл об­лысқа туристік бағытта 45000 адам келеді деп жоспарланғанын және 1,5 млрд теңге қаржыны құрайтын 5 туристік нысанды іске қосу арқылы жаңадан 70 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болатынын тілге тиек етті.

Өңірде облыстық жобалық кеңсе аясында «Visitorda.kz» ресми ақпа­раттық-туристік сайты әзірленген. Со­­нымен бірге «Возрождение» ара­лын­­дағы кемелердің қалдықтары ор­наласқан аумақтан аспан астындағы мұражай ашу жұмыстары пысықталуда. Мұнан бөлек, алдағы кезеңде туристік фирмалар, жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушыларына «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, «Сығанақ», «Жанкент» қалашықтары мен басқа да тарихи орындарға танымдық турлар ұйымдастырылмақ.

Облыс әкімі өңірде демалыс орындары көп болғанымен, сервистік қызмет көрсету мен инфрақұрылым мәселесін жетілдіру қажеттігін на­зарға салды. Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа «Қамбаш» дема­лыс айма­ғына кіреберіс жол мен автотұрақ салу мәселесін шешуді тапсырды.

– Арал ауданында туризмді дамы­туға мүмкіндік көп. Туристердің қы­зығушылығын пайдаланып, «Қамыс­тыбас» туристік маршруттар бойындағы туристік, мәдени-тарихи нысандардың инфрақұрылымдық жағдайын жақсар­туды қолға алу керек, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы Қазалы ауданындағы «Жанкент» қалашығын абаттандыру, Құттыбай кесенесі мен «Сараман-Қоса» мұнарасына жол салу мәселелерін қарады. Қармақшы мен Байқоңыр қаласында туризмді да­мы­ту жағдайын талдау және тиісті жұ­мыстарды атқару қажеттігін міндеттеді.

– Қармақшы ауданында ішкі мәдени туризмді дамытуға мүмкіндік беретін «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, «Марал ишан» кесенесі, «Же­тіасар», «Алтыасар», «Шірік-Рабат», «Сырлытам», «Қосқала» ескерткіштерін, Шиелі ауданындағы Ханқожа көлі, Жаңақорған ауданында «Сығанақ», «Өзгент», «Аққорған» қалашықтары, «Хорасан ата», «Сунақ ата» кесенелері және «Қатынқамал» үңгірі секілді та­рихи орындарда туризмді дамыту ке­рек және аталған нысандарға ба­ратын жол мәселесін реттеуіміз қажет, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі аудандарда туризм индустриясын дамыту үшін кешенді жұмыстар жалғастыруды және осы тұста жаңа бастамаларды іске асыруды тапсырды. Жиында айтылған әрбір мә­селелердің орындалуына ба­қы­лау жасауды орынбасары Нұрлан Тілешовке жүктелді.

Айта кетейік, облыста 4 жағажай, 4 шипажай, 11 демалыс орны, 30 жол бойы сервистік кешен, 113 орналастыру орны демалушыларға қызмет көрсетеді және 12 туристік фирма жұмыс жасайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<