Жедел жәрдем автопаркі жаңарды

563

0

Жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының автопаркі толықты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 44 көліктің кілтін ұйым басшыларына салтанатты түрде табыс етті.

Пандемия кезінде медицина саласында жұмыс қыза түскені рас. Коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде ақхалаттылар жүрді. Ауру асқынғанда жедел жәрдем өкілдеріне тыным болған жоқ. Қоңырау шалу­шылар қатары көбейіп, жүктеме артты. COVID-19 ғаламның ортақ проблемасына айналған тұста оның маңызы артпаса, кемімек емес.

Аймақ басшысы жедел жәрдем қызметін орталықтандырудың арқа­­сын­да Қызылорда қаласы мен аудан­дарда бір деңгейде қызмет көрселіп келе жатқанын жеткізді. Бүгінде об­лыс­тық меди­циналық жедел жәрдем стан­сасы еліміздегі ұлттық шұғыл меди­­ци­наны үйлестіру орта­лығының ба­­ға­лау рейтингінде алдыңғы орында тұр.

– Алыс елді мекендердің халқы сапалы, уақытылы көмектің қол­же­тімділігін анық сезініп отыр. Сон­дай-ақ, республикалық маңызы бар трас­салардағы жол-көлік оқиға­сын­да зардап шеккен жолау­шыларға алғашқы көмек көрсетіп келеміз. Оны дер кезінде орындауда сани­тарлық көліктердің техникалық жағдайы әсер ететіні сөзсіз. Сапалы көрсет­кіштерге тоқталсақ, биыл ша­қыруға кешігу көрсеткіші 2,5%-тен 1,9%-ке, жедел жәрдем тобының көз алдындағы өлім көрсеткіші 3,2%-тен 1,6%-ке азайды. Нәтижелі реа­­­нимация деңгейі 47,2%-тен 56,3%-ке көтерілді, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы 40 реанимобиль кілтін облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына, Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңа­қорған аудандары мен Төретам бөлім­деріне үлестірді. Қармақшы мен Жала­ғаш­қа жылжымалы меди­циналық ке­шенді табыстады. Арал ауданаралық ауру­ханасына 2 реанимобиль көлігін «Аралтұз» акцио­нерлік қоғамы алып берді.

Сала ардагері Тұрғанбай Маханов адам өміріне араша түсуде ақхалаттылардың ролі жоғары екенін айшықтады. Әсіресе, жедел жәрдем өкілдерінің әбжіл қимылы мен сапалы қызметі талайдың жанын сақтап қалуға сеп. Ол мемлекет қолдауы үшін ризашылығын жеткі­зіп, алдағы жұмысқа сәттілік тіледі.

Аймақтың денсаулық сақтау жүйесінде атқарылып жатқан ілкімді істер аз емес. Жергілікті тұрғындарға 2423 дәрігер, орта буынды 9528 маман қызмет көрсетіп келеді. 2016 жылдан бастап қажетті мамандықтар бойынша 91 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалды.

Сонымен қатар 2018 жылдан бастап М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина универ­ситетімен арадағы келісімге сәйкес өңір басшысының арнайы гранты бөлінді. Бүгінде жалпы тәжірибелік 100 дәрігер жергілікті бюджет қаражаты есебінен даярланып жатыр.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<