Қаржы нарығы қарқынды дамуда

926

0

Осыдан 27 жыл бұрын ұлттық валюта қолданысқа еніп, төл теңге айналымға шықты. Бұл еліміздің тәуелсіз экономикасының дамуына жол ашып, ұлттық қаржы жүйесінің құрылуына мүмкіндік берді.

Ұлттық валюта енгізілгеннен кейін облыстың бюджеті 1993 жылдың қоры­тындысы бойынша небәрі 135 млн теңгені құраса, 1995 жылға қарай 5,4 млрд теңгеге жетті. Мұнан кейінгі жылдар көрсеткішін бағамдасақ, бюджет көлемінің арта түскенін байқаймыз. Бүгінгі күні облыс бюджетінің көлемі – 377 млрд теңге. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова айтты.

Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша өңірдің жергілікті бюджетіне 45,6 млрд салық пен төлем түсті. Бұл 2000 жылдың көрсеткішінен 5,8 есе артық.

Ұлттық валютаның енгізілу тарихына келсек, еліміз үшін 1992-1993 жылдары оны дайындау ең жауапты әрі шұғыл атқарылуы тиіс міндет болды. Ол кезде елімізде ақша бастыратын фабрика болмады. Сондықтан төл теңге Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын 400 жылдан астам тарихы бар банкнот фабрикасында басылып шықты. Бұл ел тарихындағы ең бір айтулы дата болатын. Осылайша 1993 жылдың 15-і күні ұлттық валюта қаржы нарығында айналымға енді. Елбасы Жарлығымен бұл күн төл валютаның туған күні әрі Қаржыгерлер күні болып белгіленді.

–    1995 жылдан бері теңге Алматыдағы Банкнот фабрикасында басылып шығады. Ал темір ақшалар Өскемендегі Монета сарайында соғылады. Қазір Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі елдегі ұлттық валютаның жалғыз эмитенті бола отырып, ежелгі ақша сарайлары мен қазіргі технология дәстүрлерін үйлестіру ісін табысты жалғастыруда.

Айта кету керек, жақын арада Қазақстан Ұлттық банкі «Дала қазынасы» сериясымен «Жеті қазына» монеталарын айналымға шығарады. Бұл монета жобасында номиналы 100 теңгелік биколорлы айналыстағы монеталар және алтын, күмістен дайындалған коллекциялық монеталар ұсынылған, – деді ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Әсет Мұстафин.

Қазір облыста уәкілетті банктердің 12 филиалы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы­ның филиалы, 22 микроқаржы ұйымы, коллекторлық агенттігі қызмет атқаруда. Осы жылдың 9 айында банктердің экономиканы несиелеу көлемі 30,2 процентке өсіп, 282,4 млрд теңгені құрады. Жеке тұлғаларға берілген несие көлемі – 24,3 процентке, заңды тұлғалардың несиелері 53,7 процентке артқан. Тұтынушылық мақсатында берілген несие көлемі 163,8 млрд теңгеге 23,5 процентке өсіп, жалпы қарыздан үлес салмағы 58 процентті құрады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<