Сайлауға әзірлік тыңғылықты жүруде

445

0

Кеше облыстық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Белгілі болғандай ҚР Парламентінің Мәжілісі  және мәслихат депутаттарын сайлау 10 қаңтарда  өтеді.  Сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаеваның айтуынша, саяси науқанға әзірлік жоспарға сай жүруде.

Бүгінде Парламент Мәжі­лісі  мен мәслихаттар депу­тат­тарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөнінде негізгі іс-шара­лардың күнтізбелік жос­пары бекітілді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен ау­дан­дарда сайлау округ­терін құру туралы аумақтық сайлау комиссияларының қаулылары қабыл­данған.  Жоспарға сәйкес Парламент Мәжілісіне кан­дидаттарды ұсыну 10 қара­шада басталып, 30 қара­шада жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталса, мәсли­хат депутаттығына канди­даттарды ұсыну 10 қараша мен 4 желтоқсан аралығында жүреді. Ал партиялық тізім­дерді тіркеу 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жүргізіледі.

Сонымен бірге партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депу­тат­тарын сайлаудың қорытын­дыларын сайлау өткізілген күннен бастап жеті күндік мерзімінен кешіктірмей, яғни 2021 жылғы 17 қаңтарда ҚР Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Мәслихат де­пут­таттарын сайлау қоры­тындысы өткізілген күннен бастап бес күннен кешік­тірмей 15 қаңтарда тиісті ау­мақтық сайлау комиссиясы анықтайды.

Жалпы сайлауда «Ақ жол» демо­кратиялық партия­сы, «Ауыл» халық­тық-демо­кратиялық патриоттық пар­­тиясы, «Бірлік» партиясы, Қа­зақстанның халық пар­тиясы, «Nur Otan» партиясы, Жалпыұлттық социал-демо­­кратиялық партиясы бақ сынайтын болады. Олар сайлау кезінде өз кан­дидаттарын партиялық тізім­мен ұсынады. Бірлескен сайлауда облыс, қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі.  Біреуі – мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, ал, үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен таңдауға арналған. Осылайша, үш бюллетень бөлек саналып, нәтижесі де бөлек шығарылады.

Айта кетейік, мәслихат депу­таттығына сайланатын депуттаттар саны 11 қыр­күйекте Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітіліп, облыс, қала және аудан мәслихаттарына сайла­натын депутаттар саны 152 болып айқындалды.

Мейрамгүл Дауылбайқызы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<