Такси аулаған тажалдар

851

0

Екі қылмыскерді өзара сөз байласуға үлгертпей екі ка­мераға бөліп қамап тастаған. Оқиғадан хабардар болған қа­лалық, облыстық жедел уәкілдер Тереңөзекке ағылып келіп жатты. Олардың барлығы да бұрын жоғалған таксистерді өлтірген осылар болуы мүмкін деген Әмірдің болжамын қолдап, қуат­тайды. Көпшілігінің жо­ғал­ған так­сишілерді іздеуге қатысы бар. Солар туралы бір дерек айтып қала ма деп, қилы-қилы сұрақ қояды. Қылмыскердің бірі Мырзабек Бешбаев бүгінгі оқиға туралы Кәттебай айтқанды қайталай береді. Сөзіне сенсең, шабуылды бастаған бұлар емес, келіскен ақысын екі есеге өсіріп жіберіп, шатақ шығарған анау. Кәттебайдың санына пышақ салған да сол. Өздерінде жазық жоқ, такси жалдап, Тереңөзекке келе жатқаннан басқа.

– Тереңөзекке не жұмыспен келе жатыр едіңдер? – деп сұрады Серік.

– Осында Сара деген апамыз тұратын еді…

– Шалының аты Сейді ме?

– Иә, Сейді.

– Бірақ олар әлдеқашан бақилық болған адамдар ғой.

– Балаларына келіп едік.

– Мен оларды жақсы танимын, – деп Серік жылы-жылы сөйледі, – Сара сенің апаң болса, Сейді менің ағайыным.

Төмен қарап түнеріп отырған айыпкердің көзінен үміт ұшқыны білінді. Алайда саусағының дірілі қорқынышын әйгілеп қойып жатыр.

– Байқаймын, ақсаққа ерем деп арандап қалып отырсың ғой, – деді Серік қамқорсып. Анау басын еріксіз шұлғыды.

– Кеше жігіттермен біраз сілтеп қойыппыз, – деді енді Серік әңгіме ауанын басқаға бұрып жіберіп. Қылмыскердің талайын көрген тәжрибелі жедел уәкіл ғой, мынаның араққұмар екенін аңғарды ма, жорта солай деді. Орнынан тұрып барып дәлізде жүрген біреуге әлдене деп еді, ол көпке ұзатпай бір бөтелке әкеп беріп кетті. Серік су ішетін айғыр стақанның түбіне сыздықтатып құйып қойды.

– Сонымен, таксисті неге пышақтадыңдар?

Қылмыскер жігіт бір сәт стақаннан көзін айыра алмай қалғанын байқаған Серік:

– Өлтіріп, «семерканы» алып кетпек болдыңдар ғой? – деді де, жауап күтпестен, – Ал, тартып жібер, ер жігіттің ­басынан нелер өтпеген?! – деп қосты.

Шөлдеген қой сияқты ста­қанға жедел ұмтылған анау ар ­жағына құйып жіберген арақ­тан ләззат алғандай, көзін жұмып, басын шайқады. Серік оның қимылын үнсіз бақты. Ол бөтелкеге бір, бұған бір қарайды. Қайда отырғанын содан кейін ғана аңдап, жүзі қабарып сала берген.

– Таксисті өлтіріп, «семерканы» алып кетпек болдыңдар ғой?

– Иә, иә, – деді дауысы тұншығып шығып.

Стақан түбіне арақ тамызып, өз қолымен ұсына берді де, қайта тартып алды.

– Мас боп қаласың. Сосын бәлеге мен қалам. Сен әуелі айт әңгімеңді.

Мырзабек төмен қарап, сәл отырды да, ескі базардан таксиді қалай жалдап алғанын, оны орта жолда Қарөзекке баруға қалай көндіргенін, өзінің оны қалай қылғындырғанын, Кәттебайдың қалай пышақтағанын асығыс-үсігіс айтып шықты.

– Айттым ғой, анау ақсақ құртқан сені. Бәрін ұйым­дасты­рып жүрген сол болып тұр ғой. Солай ма?

Мырзабек басын изеді.

– Бәрін ұйымдастырған Кәттебай ғой? – деп қайта сұрады Серік. – Анықтап айт!

– Ұйымдастырған Кәтте­бай, – деді зәресі ұшқан қыл­мыскер қолы қалтырап.

– Дұрыс, осылай еркек сияқты жауап беру керек.

Ол екінші мәрте ішкен соң Серік бөтелкені стақанның ернеуіне жорта соғыстырып, шишаның сиқырлы үнін естіртіп аздап құйып қойды.

– Енді мынаны айт. Вишневый цвет «Семерканы» қайттіңдер?

Осыны айтқанда ол бүкіл денесімен селк ете қалды. Екі көзі алақандай болып бұған бажырая қарап қалыпты.

– Мен ол жайында жақсы білем. Өтірік айтам деп ойлама! Бірақ бір нәрсені білмей тұрмын. Ол жігітті өлтіргесін машинасын сен алдың ба, әлде анау ақсақ алды ма?

Бешбаев үндей қоймады.

– Ақшаны бөліп алып­сыңдар ғой.

– Жоқ, бөліскен жоқпыз, – деп қалды Бешбаев ышқынып.

– Енді қайттіңдер, әлде бәрін өзің алдың ба?

– Ол көлікті бұзып, бөл­шектерін өз машинасына салды.

– Соның бәрін істеген сен деп отыр досың, – деді Серік. – Бешбаев өлтірді деген жерді өшірткізем. Шыныңды айт, анау неше таксисті өлтірді? Бүгінгіні қоспағанда…

Мырзабек бір уақ төмен қарап үнсіз қалды.

– Сафари «Жигули» ше, сол жігітті Титов жақтағы мусорға көміп кетіпсіңдер ғой.

Ол саусағын қайта-қайта бүгіп аз-кем отырды да, «қыста екеу, жазда екеу» деді дем жетпегендей алқынып.

***

– Таксисті өлтіріп, машинасын өз пайда­ларыңа жаратуды көздедіңдер, – деді Қызылорда облыстық ішкі істер депар­таментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Әділхан Сабыров Кәттебайға тік қарап. Әділхан оқиға туралы хабарды естіген бойда Тереңөзекке жеткен-тұғын. – Досың былай қылғындырып тұрыпты, сен пышақпен үш рет ұрыпсың. Мойындайсың ба, осыны?

– Анау досың бәрін айтып берді. Бұлтақтама, кәне шындықты айт! – деді аудан­дық бөлім бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, майор Айдар Мәншәріпов.

Ожабаев бірауық үнсіз қалды да:

– Мойындаймын, – деді торы­ғып. Дауысы қысылып шық­са да Бешбаев сияқты емес, бұл­тақтамай мығым отыр. Оқиғаны бастан-аяқ баян­дап берді.

– Келісім болды ғой арала­рыңда, таксисті өлтіреміз деген?

Қылмыскер басын шұл­ғыды.

– Алдын ала жоспар жасап, қалай өлтіретіндеріңді келісіп алдыңдар ғой.

– Солай болды.

– Бұдан басқа, қыста екеу, жазда екеу, бұдан басқа төрт таксисті өлтіріпсіңдер. Бүгінгіні қоспағанда.

– Мен оларды білмеймін. Ол… маскүнем, алқаш. Не айтып, не қойғанын білмейді.

– Ожабаев, – деген қатал да­уыс шықты сол кезде есік жақтан. Келіп тұрған подполковник Әмір Шаймағамбетов екен. – Сен Ожабаев, мына фотоға қара! Сен оны танисың! Танымаймын деп айта алмайсың!

Қолындағы фотоны Ожа­баевтың көз алдына тосты. Өзі оның өңіндегі өзгерісті бағып тұр. Оның жыпылықтаған көзі­нен шошыну аңғарылды.

– Он тоғыз жастағы жас баланы қалай көзің қиып өлтірдің, а? Оның сұр «Жигулиі» қайда? Қызыл «Жигули» ше? Оны да сен өлтірдің! Бұлтақтама! Айт! Өз еркіңмен айтқаның ескеріледі.

– Қызылды мойындаймын. Бірақ ана баланы… – деп басын шайқады.

Тереңөзектегі ішкі істер бөлімінде қарбалас жұмыс таң атқанша бір толас­тамады. Ертеңіне бөлім бастығы Әмір Шаймағамбетов ұсталған қос айыпкерден жауап алынып, хаттама толтырылғанын, бұдан басқа төрт қылмысты мойындағанын мәлімдеп об­лыстық ішкі істер депар­таментіне баян­хат жолдады.

***

Облыстық ішкі істер бас­қар­масы, тергеу бөлім­інің бас­тығы, полиция подпол­ковнигі Талғат Бұрханов таң­мен таласа Қызылордадан шық­ты. Оған Сырдария ­ау­дан­дық ішкі істер бөлімінің  тер­геу жөніңдегі орын­ба­сары, полиция майоры Айдар Мән­шәріпов пен тер­геушісі Сағымбек Маликов Тереңөзектен қо­сылды.

Олар Жосалыға сәске болмай жетіп, қылмыскер Кәттебай Ожабаевтың үйіне тұмсық тіреді. Бұрын үйіне үнемі олжалы оралатын Кәттебай бұл жолы олай емес, дарбазадан қарулы күзетпен, қолы кісендеулі күйі аттады.

– Көрсет, машиналарды қай жерде бұздың?

Балдағын сықырлатып, гараж­ға қарай жылжыды. Қақпасын ашып қалғанда іште «Жигулидің» заттары толып тұрғанына сол жерге келгендердің бәрі куә болысты. Тіпті, таксидің сары айдар белгісіне дейін жүр. Иінді біліктің бесеуі шықты. Мотордың басқа да заттары табылып жатыр. Терезе әйнектері, генератор, стартер, панель, руль доңғалағы, бұрылыс қосқыштары, пеш вентиляторы, айна, беріліс қорабы, бас қойғыштар, бензин багы және басқа да ұсақ-түйектер.

Өз меншігіндегі N645 АZM «ВАЗ-2103» маркалы көлігі де осында тұр. Барлық айғақ зат бір «КамАЗ»-ға лық толды.

Осы тексеріс барысында гараждан 2001 жылғы шілденің 31-де жоғалған Жақсымұрат Ескермесов (1963 жылы туған) пен 2003 жылғы шілденің 5-де жоғалған Талғат Нұрым­бетов (1977 жылы туған) көліктерінің бөлшектері табылды. Сол себепті осы екі қылмысты сөзсіз мойын­дамасқа амалы қалмады. Ал ол машиналардың қаңқа-шанағы қайда деген сауалға, Бешбаев екеуі автогенмен кесіп-кесіп, біреуін қыстақтың шығыс жақ шетіндегі «Қарөзек» өзені жаға­лауына, екіншісін қыстаққа кіре­берістегі темір жол көпірінің сол жақ жағалауына өз машинасымен апарып тастағанын айтуға мәжбүр болды. Оны Жосалының полиция қызметкерлері тауып, жинап әкелді.

Іс сол күннен бастап облыс тергеушілеріне берілді. Бұл топты облыстық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Талғат Бұрханов басқарды. Құра­мында тергеушілер Мүсілім Бердібеков, Әділхан Сабыровтар болды.

Бір топ полицияның үйін тінтіп, қорасын ақтарғанын анадайдан бақылаған әйелі әуелі шошып қалса да, күндердің бір күнінде отағасының дәл осылай, қарулы айдауылмен келетінін сезетін сияқты. Ләм-мим үн қатпады. Бойжетіп қалған қызы ғана еңіреп жылап жіберді. «Осының бәрін шынымен сен бе істеген, әке?» деп күйзеле көз жасын төкті. Кәттебай болса, барлық қасіретін соған артқандай, салмағын балдаққа салып, мықшиып тұр.

***

… Кәттебай ашық көк түсті «Жигулиді» зымыратып айдап келе жатыр екен дейді. Су жаңа емес, алайда өзінің ескі «тройкасынан» әлдеқайда қуатты. Жүрісі ширақ, лыпып тұр. Лыпып тұрған көлікпен такси болған қандай жақсы?! Клиенттерді шабақ ілген шағаладай іліп әкете бересің. Міне, тағы бірі қол көтерді. Жап-жас жігіт. Жанында үндемей біреу тұр. Жосалыға бара жатқан жолда машинам бұзылып қалды дейді. Соған жеткізіп салшы деп өтінеді. Сұрағаныңды берем дейді. Әрине, береді. Көлігі бұзылып жолда қалса, бермей көрсін. Қуанып кетті. Бір жағынан тақымындағы тәуір машинаны трассаға салып, бір байқап көрмек.

Жас жігіт алдына, үнсіз тұрғаны артқа отырып жатыр.

«Жолда бұзылып қалған сондай «Жигули» маған кездеспейді екен» деп ойлады. Айтпақшы, өзі Байқоңырға «Жигули» ұрлауға келген сияқты еді ғой… Енді таксиші болып кеткені қалай? Соған қайран. Ол ол ма, артқа жайғасқан жігітті айнадан қарап танып қап, тіпті таң-тамаша болсын. Өзінің Мырзабегі. Сол жағына қарай жапырылған танауын көргенде қалай танымайсың. Әйгілі танау ғой. Ал ол болса, тым-тырыс. Үндемейді. 

«Сарытоғай» бекеті ма­ңына келгенде жанында отыр­ған жас жігіт: «Осы араға тоқтаңызшы, дәрет сындырып алайық» дегені. Е-е, мейлі… Тоқтады. Сол-ақ екен, артта отырған Мырзабек ұмтылып кеп мойнына сым салып жіберіп, күштеп тартып қалсын. Қылғынып, екі көзі бадырайып шарасынан шығып кете жаздап… өмірінде бұлай қиналмаған шығар… тілі салақтап аузына сыймай тұншығып барады. Алла-ай, бұ не пәле? Мырзабектің қолындағы қара сым тамағын жұтындырмай, қиып барады ғой. Өлдім-ау… Бір кезде сым үзіліп кетті. Сол кезде жанындағы жас жігіт орындық астындағы тұтқаны тартып қалып, арқалықты шалқасынан құлатып жібергені. Қолы рульден ажырап кетті. Ағаш аяғының икемге келер түрі жоқ.

– Үніңді шығарма! Артқа кет! – деді жас жігіт жыланша ысқырып. Бір қолымен кеудесін басып, жаншып барады. Қолы қандай ауыр еді. Темір тәрізді. Саусағын сындыра-мындыра алтын сақинасын шешіп алып жатыр. Арттан Мырзабек те буындырып, әкетіп барады. Жыланша жылыстап артқы орындыққа ысырылуға мәжбүр болды. Мырзабек пакеттен басқа сым алып, бұның бұлқынғанына қарамай, қолын қайырып байлап тастады. Қолды сыммен байлаған қандай жаман, сәл қозғалсаң, білезіктен қиып түсетін сияқты.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

жазушы,

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,

полиция полковнигі

(Басы өткен санда.

Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<