Шиелі ауданында кәсіпкерлік саласы қарқын алған. Мұнда шағын және орта бизнес едәуір ілгерілеп, кәсіп бастаған жандар ісін жандандырып келеді. Солардың бірі – «BarlyBai & K» өндірістік кооперативі. Кәсіп иесі – Қанат Мұсаев. Өткен жылы ашылған қызанақтан томат пастасын өндіретін цех жұмысы өркендей түскен. Кәсіпкер бізбен әңгімесінде шаруа жайын, өнімнің құрамын, сұраныстың қалай болып жатқанын және тауарды өткізуде қандай мәселелер бар екенін айтып берді.
Бұл істі бастау көптен ойда болды. Жазда піскен өнімді дер кезінде сатып немесе басқалай кәдеге жаратпаса бұзылып кетеді. Шиелінің жері тың болғандықтан шығар, қызанақ ұзақ жолға жарайды. Өзге өңірлермен қатар Ресейге де жөнелтеміз. Езілмей қалпын сақтайды. Тек шілде айларында сұраныс азаяды. Себебі екінің бірінің бақшасында піседі. Бағасы да төмендейді. Қыркүйекте халық қыс қамына кіріскенде ғана сұраныс арта бастайды. Жаз айларында талай диқанның өнімі ысырап болады. Бір күннің өзінде қаншама тонна қызанақ жарамсыз күйде төгіледі. Обал дүние, бірақ амал жоқ.
Содан ізденіп, қызанақтан томат жасауды қолға алдым. Тиісті сала қызметкерлерімен кездесіп, бизнес жоспар құрдым. Алматы қаласындағы білікті технолог мамандармен кеңестім. Алдымен талапқа сай ғимарат салдым. Үлкен іс болғандықтан құрал-жабдықтардың заманауи үлгідегі автоматтандырылғанын алғанды жөн санадым. Бірақ бұл да әжептеуір қаражатты талап етеді. Осы тұста мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрдім. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 27 млн теңге несие алып, көршілес Ресей мемлекетінен қажетті құрылғыларды алдырдым. Өнімді құюға арналған құтылар да Ресейден келеді. Ал сыртындағы қаптамасы Алматы қаласында дайындалады, – дейді ол.
Бүгінде кәсіпкер 10 түрлі өнім шығарады. Атап айтар болсақ, қызанақ, баклажан және ащы салаттың бірнеше түрі, қызанақ, қауын, қарбыздан тосаптың үш түрі дайындалады. Құтысы 250 грамнан бастап 1 литр аралығында. Бағасы нарықтағыдан 30 пайызға төмен. Әзірге Қанаттың өнімі облыс көлемінде сатылып отыр. Тұтынушылар тарапынан да оң бағасын алып үлгерді.
– Өнімнің сапасына кепілдік беремін. Бау-бақшада ешқандай химиялық тыңайтқыштар қолданылмайды. Таза өнім болғандықтан құрамын сақтайды. Құтының сыртында қоспасы, қалай сақталу керектігі, бәрі де жазылған. Табиғи өнім болған соң ұзақ сақтауға келмейді. Мысалы, өзге елдерден және өзімізден шығатын өнімнің құрамында ұзақ сақталуға арналған қоспалар қосылады. Сол себепті сауда сөрелерінде өтіп кеткенше тұра береді. Ал біз мұндай қоспаларды қоспадық. Әзірге 10 түрлі өнім шығарып жатырмыз. Биыл тағы да 10 түрін шығаруды ойластырудамыз. Маусым айында қызанақ, қауын, қарбыздан шырын дайындап көреміз. Сонымен қатар томат соустары мен шие тосабын да саудаға шығарсақ деген ниет бар, – дейді кәсіпкер.
Өнім өткізуге қолдау қажет
Әңгіме барысында өнімді өткізу жайы қалай болып жатқанын сұрадық.
– Біздің өнімдер облыс аумағына ғана шығарылып жатыр. Оның өзінде ірі сауда орталықтарымен келісім әлі де жүргізілуде. Бұрын жергілікті тауар өндірушілердің өнімін қолдауға арналған жақсы жоба бар болатын. Сауда орталықтарында арнайы бұрыш жасақталатын. Сонда жергілікті кәсіпкерлердің тауары қойылатын. Халық өзімізден қандай заттар шығып жатқанын біле алатын. Осы ретте біз кәсіпкерлік саласындағы арнайы мамандармен де бірлесіп жұмыс істеудеміз. Еліміздің барлық өңіріне шығаруға да талпыныс бар. Алғашқы қадамды бастадық, Батыс Қазақстанға өнім жіберудің жолдарын қарастырудамын, – дейді ол.
Әрине, қай кәсіпте де бәсеке бар. Осындай кәсіп әсіресе, Шымкент қаласында жақсы дамыған. Түр-түрін шығарады. Ал Қанат Мұсаев өзіне сенімді, саланың қыр-сырын зерттеп, көп ізденді. Ұтымды тұсы өзі де диқан. Өнімнің 90 пайызы бақшасында піседі. Дайын дақылдардан тосап, шырын, салат түрлерін шығарады. Қазір 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Биыл жұмыс ауқымы кеңейсе, тағы да 10-нан астам адамды жұмысқа алмақ.
– Кәсіптің өміршеңдігі сапада. Өнімнің табиғи әрі дәмді болуына аса мән беремін. Жаңадан өнім шығарарда технолог маман және қызметкерлермен бірігіп, талқылаймыз. Дәмі, құрамы үйлесіп жатса ғана саудаға шығарамыз. Тұтынушының да пікірі маңызды. Кадр мәселесі де шешімін тапқан. Жергілікті тұрғындармен қатар, арнайы білімі бар технолог мамандар да еңбек етеді. Жұмыс екі ауысымнан тұрады. Қызметкерлердің айлығы жақсы әрі тұрақты. Адал еңбекті қашанда бағалаймыз, – дейді ол.
Кәсіпкер алдына үлкен мақсат қойған. Бес жыл ішінде өнімін нарықта қалыптастырып, сұраныс көлемін ұлғайтуды көздейді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<