Қоғамды құндылықтар ұйыстырады

544

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Халқы­мызды біріктіретін ортақ құн­дылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнық­тыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұ­нын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деген ой ұшқыны бар. Бұл тақырып қоғамда талқыланғалы бері бірталай уақыт өтті. Наурыз қайта жаңғырған 90-жылдардан бері мерекелеу үрдісі бірте-бірте өзгеріске ұшырады. Бұл – заңдылық, бірақ Наурызды атап өтудің мазмұны қаншалықты байыды? Ұлыстың ұлы күнін жылына бір рет ұлттық киім киетін, 3-4 күн демалыста қыдыратын, орталық алаңға киіз үй тігілетін мереке ретінде ғана қабылдау белең алған секілді.

Президент мақаласында айтылған Наурыз мере­ке­сін атап өтудің тұжырым­дамасында қандай мәселелер қамтылуы тиіс? Осы сауалды режиссер, продюсер, мәдениеттанушы, этно­графтарға жолдадық. Соған орай облыстық халық шығар­машылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орта­лы­ғының бас режиссері, Мәдениет саласының үздігі, «Шапағат» медалінің иегері Орынгүл Бурханованың пікірін оқырман назарына ұсынамыз. 

Табалдырығымыздан ат­та­ған жаңа 2021 жылмен барша сыр­бо­йы­лықтарды құттықтаймын. Өз­деріңіз білесіздер, өткен жыл оңай болған жоқ. Пандемияның салдарынан барлық жерде жұмыс онлайн режимге көшірілді, карантиндік шектеу шаралары, оқшаулану – мұның бәрі біздің күнделікті өмірімізді басқаша арнаға бұрғанмен, қал-қадірімізше еңбек еттік. Бұл бізге тәжірибе мектебі болды. Мысалы, өзім бұған дейін жасаған жұмыстарыма, өткізген мәдени шараларыма талдау жасап, бәрін ой елегінен өткіздім. Әлемде не боп жатыр, өзге мемлекеттердің мәдениеті мен өнеріндегі жаңалықтар қандай, осы бағытта көп оқып іздендім. Интернет арқылы әлемнің ең мықты деген опера театрлары мен музейлеріне – «Гранд опера», «Метрополитен  опера», Сальвадор Далидің музейіне виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік алдым.  Көрдім, көп ой түйдім.

Қазіргі заманғы қоғамдық тәрбиенің негізгі көзі – мерекелер мен мәдени-көпшілік шаралар. Қазақ халқында мән-мағынасы зор екі мереке бар, оның біріншісі – Тәуелсіздік күні болса, екіншісі – Нау­рыз, яғни Жаратқанның бұй­рығымен жаңа құтқа кенелу сәті. Сонан да болар әр  қазақ үшін Нау­рыз – мерекелердің мерекесі. Жалпыхалықтық сипаты бар Нау­рыз мейрамын жұрттың бәріне бірдей, ұлты мен тегіне қарамастан жатырқамай қабылдайтындай етіп өткізсек жөн болар еді. Ғалым Ақселеу Сейдімбектің жазбаларында: «…Грек тарихшысы Квинт Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, бозбалалар тойдың шы­райын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан» деген жолдар бар.

Біз мәдени шаралардың ұйым­дастырушысы бол­ған­­дық­тан әуелгі кезде жұрт­шы­лыққа театрлан­ды­рылған қойы­лымдар жасап, ертегі кейіпкерлерінің өнерін ұсынып келдік. Алдағы уақытта ай­мақтың сөзі уәлі, аузы дуалы абыз ақсақалдарының (Қызыр баба), елге сыйлы көпбалалы аналарымыздың (Ұмай ана) батасын алуды, тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға Наурыз сыйын ұсынуды тәжірибеге енгізу керек.

Жыл сайын орталық алаңға киіз үйлер тігіліп, үй­лерде аста-төк дас­тарқан жа­­йылады. Алдында «басшылар кіріп шықсын, сосын, сосын»  деп адамдар тұрады. Көпшілік «бұл қараша халыққа арналмаған» деп ренжіп қайтады. Мүмкін киіз үйлерге арнайы ат беріп, бір киіз үйде «Ұршық басындағы ұлағат» дегендей, әжесі мен немересі, бір киіз үйде қайынсіңілілер мен жеңгелер ұршық иіріп, жүн түтіп, құрақ көрпе көктеп, іс тігіп отырса, бір киіз үйде ағалар мен інілер сұхбат құрып, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйіп отырса, ғажап емес пе? Ұлыс күні дәстүр-салтты насихаттау ең ізгі іс болар еді.

Сосын дәстүр-салт­та­ры­мызды тек Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті өмірде жастардың санасында жаңғыртып отыру аса қажет. Дастарқан басында үлкеннің батасын алғаннан кейін астан дәм тату, ас ішіп болған соң бата қайыру, ер балаға айдар шаш қою, ашамайға мінгізудің мәні жиі айтылып отырса, балалардың құлағына сіңіп қалары сөзсіз. Мені қынжылтатыны – тұсау кесер рәсімін өткізудегі олқылықтар. Мәдениет қызметкерлеріне ар­налған семинар-тренингтерде айтып жүрмін, айта беремін. Корей халқында бала 1 жасқа толғанда той тойлап, жолына қайшы, кітап, ақша қойып, бала осы заттардың ішінен қайсысын барып көтеріп алса, болашақ өмірін сонымен байланыстырып, яғни тігінші, ғалым, банкир болады деп болжам жасап жатады. Қазір біздің қазақ та тұсауы кесілген баланың жолына доллар,  ұялы телефон қойып мәре-сәре болуды әдетке айналдырды. Осыны доғаруымыз керек. Қазақтың киелі қамшысы, Абай атамыздың кітабын ырымдап қойып жатса, абзал болар еді. Ата-бабаларымыз қыз бала 13 жасқа толғанда үйдің оң жағынан орын дайындап, жасауын жасап, тақиясына үкі тағып, ер балаға қамшы ұстататын болған. Осы дәстүрді қайта жаңғыртсақ деген ой бар. 

Балалар Жаңа жылды, Аяз Ата мен Ақшақарды асыға күтеді. Армандарын хатқа жазып жатады. Наурызды ше? Бұл мейрамды балалардың санасына сіңіру үшін отбасында ата-анасы, мектепте ұстаздары қызықты етіп жеткізіп отырсақ жақсы болар еді. Мысалы,  Наурыз мейрамына арналған ертеңгілікте Бақ пен Қызыр баба, (Бақ Қызыр бабаны жетектеп жүреді), Көктем аруы – Нұрша қыз тілек айтып, балалардың өнерін тамашалап, сыйлықтар (келген жылдың иесі, мәселен, ойыншық сиыр, құрт-ірімшік түйілген қал­таша, жаңылтпаш, мақал-мә­телдер жазылған хат-открытка) үлестірсе, «Өмір ағашына» бала­лардың тілегі жазылған хаттарды ілу де артық етпейді.

Наурызды Амал мереке­сінен бастау, әр күніне атау беру туралы бұған дейін этнографтар пікір білдіріп, тұжырымдамаларын ұсын­ды. Этнолог, мәдениеттанушы Серік Ерғалидың тұжырым­дамасы бойынша мейрам наурыздың 14-нен басталып, яғни 14 наурыз – Шуақ күні, 15-і – Береке, 16-сы – Өніс , 17-сі – Жайнау, 18-і – Тағзым, 19-ы – Алас, 20-сы Шаттық, 21-і – Үйлесім, 22-сі – Ұлы таң күні болып аталған.   Әрине,  бұл – құптарлық ұсыныс.

Мәдениет саласындағы ұзақ жылдық тәжірибемде Наурыз тақырыбына қаншама сценарийлер жаздым, өзім режиссерлық жасадым. Оның ішінде орталық алаңда, мекемелер мен ұйымдарда өткен театрландырылған қо­йы­­лымдар мен балалар ертеңгіліктері бар. «Петро­Қазақстан Құмкөл ресорсиз», «ҚазГермұнай» сынды үлкен компанияларда өткен мерекеде канадалықтар, қытайлықтарға Наурыздың мәнін түсіндіріп, алғыс алдық. 2011 жылы Нау­рыз айтысын өткіздік.

Біздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз әлі де зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Мысалы, қазақта «Шөміш қағу» ырымы бар. Көктем келіп күн күркірегенде келіншектер «Күн күркіреді, көк дүркіреді! Көк мол болсын, халық тоқ болсын» деп, киіз үйдің жақтауына шөміш қағып ырым жасаған. Сәуір айында ауыл жігіттері жиналып аңға шыққан, ол «Салбурын» деп аталған. «Шарғы салу», яғни ұзатылып бара жатқан қыз өзінен кейінгі сіңілісіне немесе құрбысына орамалын тастап кету  рәсімі де бар. Қазір қарап отырсаңыз, ұзату не үйлену тойларында еуропалықтарша қалыңдық гүлін төбесінен лақтырып, оны қағып алған қыз «енді менің жолым» деп мәре-сәре боп жатады.

Жалпы, ата-бабаларымыз ырымды жақсылықтан үміт­теніп, ты­йымды жаман­дықтан қорғанып жүре­тін­діктен күн­делікті тұрмыс-салтында қол­данған. 2008 жылы орталық алаңда киіз үйдің алдында бір ырым жасалды. Кимешек киген әже ақ матаны жайып үстіне суық қарулар айбалта, қанжар, садақ, найза, шоқпарды қойып, бетін ақ шүберекпен жауып, үстінен немересін жүргізді. Әже:

– Келешегің жарқын боп,

Тыныштық елді жайласын!

Бес қаруы дұшпанның

Табаныңның астында

Қабырғалы қазағым,

Басыңнан бағың таймасын!

Дұшпанның бес қаруы табаныңда

Тыныштық болсыншы за­маныңда, – дегенде ел аға­лары кішкентай баланы көтеріп алды. Әже батасын берді де, бала:

– Ұлы күні Ұлыстың,

Еліме Наурыз келгенде

Жасампаз елдің жырымен,

Періште көңіл сайрасын.

Іргесі берік ел болдық

Елімді бастап Елбасым.

Астанам – асқақ ақ ордам,

Шалқи бер, әлем байқасын! – деп тілегін жеткізді. Нау­рыз мейрамы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген жылы орталық алаң­дағы театрландырылған қойы­лым­ның сценарийі бойынша  25 жасқа толған немересіне әжесі кемер белбеу сыйлайды. Бұл да болса дәстүрімізді жаңғыртудың бір жолы деп білемін.  Белбеу – жігіттің жан дүниесінің сандығы, жігіт жігерсіз, болбыр болмау үшін белдік таққан.

Болашақта Наурыз мейрамын сахналық кейіптен арылтып, бүгінгі күнмен байланыстыру керек деп ойлаймын. Мерекенің берекесін кетірмей, ұлттық тамырымыздан алшақтамай, елдігіміз бен дәстүріміздің айшық-өрнегін дәріптей берейік.

Жазып алған

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз