Сенім мен күмән арасы

788

0

Бір айға жуық уақыт бұрын «Сыр бойы» газетінің сайтында «Коронавирусқа қарсы екпе салдырдыңыз ба?» деген сауалнама жарияладық. Оған жауап берген 300-ден астам адамның 71 проценті екі жауаптың «жоқ» нұсқасын таңдапты. Сонда екпе салдыруға ел неге асықпайды? Енді сенім мен күмәннің аражігін салмақтап көрейік.

ҚАЛАЙ ТЕЗ?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылдың 11 наурызында COVID-19 коронавирусына байланысты пандемия жариялады. Қытайдың Ухань қаласынан басталған жұқпалы ауру жер-жаһанға лезде тарап кетті. Пандемия жарияланған соң ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус барлық елдің үкіметін қауіпті індеттің таралуына қарсы жедел әрі батыл шаралар қолдануға шақырды. Осыдан кеп әр мемлекет карантин шараларын қажеттілікке қарай біресе қатаңдатып, біресе жеңілдетті.


Кесірлі кеселді тежеудегі жалғыз жол – вакцина шығаруға бірнеше ел ғалымдары іле-шала білек сыбана кірісіп кетті. Бірақ оның тез арада айналымға қосылуы көптің көкейінде күмән тудырды. Біреулер «екпені COVID-19 пандемиясы жарияланбас бұрын әзірлей бастаған, демек, бұл – қолдан жасалған ауру» деді.


Енді «Stopfake.kz» сайтындағы ресми жауапқа назар салыңыз:


«Біріншіден, SARS-CoV-2 – ғылымға белгісіз вирус емес, коронавирустың жаңа штамы. Ол анықталған кезде ғалымдардың қолында коронавирус туралы толық мәлімет бар еді. Сонымен қатар әлемде SARS және MERS коронавирустарынан туындаған аурулардың өршуі болған. Ғалымдар сол кезде-ақ оларға қарсы вакцина жасауға тырысқан. Бұрынғы зерттеу, тәжірибе нә­ти­желері жаңа штамға қарсы вакцина әзір­леуге көмектесті.


Екіншіден, вакцина жасау үшін бұрын-соңды болмаған тәсіл қолданылды. Бір уақытта көптеген елде әртүрлі тәсілмен жүз­деген препарат әзірлене бастады. Сынақ, тәжірибе және қорытынды туралы барлық мәлімет әлем ғалымдары үшін қол­же­тімді болды. Бұл вакцина жасау кезінде қателіктерге ұрынбауға, белгілі бір іс-әрекеттердің нәтижесін алдын ала болжауға мүмкіндік берді.


Үшіншіден, вакцина жасау бағдарла­маларының үлкен қаржылық қолдау табуы препаратты әзірлеу мен тестілеу процесін едәуір жылдамдатуға мүмкіндік берді.


Төртіншіден, кандидаттар тізіміндегі кейбір вакцина жаңа технология бойынша әзірленді. Оларды жасау үшін SARS-CoV-2 коронавирусының тікенектерін құрай­тын S-ақуыздар ғана қажет. Оларды зертха­на­лық жағдайда жасауға болады, яғни міндетті түрде тірі вирус қажет емес».

ФАКТ ӘЛДЕ ФЕЙК?

Вакцина төңірегіндегі алып-қашпа әңгіме коронавирус тарала бастаған кездегідей әлі сейілмей тұр. Әлеуметтік желіге арбалған әлем оның ақ-қарасын ажыратуға асықпайды. Небір жел сөз онсыз да абыржулы адамдардың ойын онға, санасын санға бөлді.


«КАМЕДА» қоғамдық қорының дирек­торы Махаббат Еспенова вакцинация төңірегіндегі қазақстандықтарды толған­дыр­­ған түйткілдерді атады. Олар «екпе ескі коронавирус штамында сыналған, му­тацияға ұшыраған вирусқа қауқарсыз», «қазір вакцина алатын болсақ, үш-төрт жыл­дан кейін, тіпті келешекте қандай әсері бола­тынын білмейміз», «оның орнына бел­гісіз сұйықтық егіліп жатыр» дегенге саяды.


Енді бұлардың факт әлде фейк еке­нін електен өткізейік. Бірінші сұраққа байланысты медицина ғылымдарының док­­торы Ботагөз Кәукенова былай дейді: «Оларды жеке штамм ретінде қарас­ты­ра­тындай, соған байланысты алаңдай­тын­дай мутациялану бола қойған жоқ, яғни олардың түпкі вирустан айырмашылығы бар. Бірақ түбегейлі өзгеріске ұшырамаған. Демек, оны қандай да бір жеке ауру деп қарастыру немесе оған жеке вакцина әзірлеу қажеттілігі туындаған емес».


Әлемжеліде желдей ескен «COVID-19-ға қарсы вакциналар бүкіл адамзатты жоюы мүмкін» деген пікірге «Stopfake.kz» былай түсініктеме беріпті: «Бұл теория доктор Ванден Босшенің ашық хатына негізделген. Босше иммундық қашу туралы жазды. Бұл – адамның иммундық жүйесі вирусты немесе патогенді танып, жоя алмайтын құбылыс. Кейде вакцинация нәтижесінде иммундық қашу байқалады. Бұл мәселені шешу үшін вирустар мен қоздырғыштардың көптеген штамынан бірден қорғайтын полисахаридті вакциналар әзірленді. COVID-19-ға қарсы вакциналар бойынша иммундық қашу жағдайлары әлі тіркелген жоқ».


Ал «Спутник V» вакцинасының құра­мында Ресейде шығарылған «Эльбрус» про­цессорлары бақылай алатын сұйық крис­талды чиптердің бары туралы қауе­сетке Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин нүкте қойды. «Вакцина – сұйықтық, оның чипке айналуы ақылға қонымсыз. Цифрлар туралы білімім бойынша вакци­наның чиптеу құралы екеніне сенбеймін», – деді ол.

БЕДЕУ БОЛЫП ҚАЛМАЙ МА?

Facebook, Telegram, WhatsApp… Бұ­лардың қай-қайсысында да адамды адас­тыратын ақпараттан көз сүрінеді. Соңғы күндері енді «екпе бедеулік пен белсіздікке әкеп соғады екен» деген шықты. Оның анығын маманнан артық кім білген?!


«Егемен Қазақстанның» 2021 жылғы 3 мамыр күнгі санында отандық вакцина әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас ди­ректоры Күнсұлу Закарьяның сұхбаты жа­рияланды. Сонда ғалым талай жылдан бері сәбиге зар болып жүрген әйелдің вак­цинадан кейін жүкті болғанын жеткізіпті. «Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мыр­задан сұрасаңыздар, нақты айтып береді. Бізге белгілі ақпарат бойынша еріктінің бірі – 43 жастағы әйел. Ол бізге келіп жылап, 20 жыл бойы бала көтере алмай жүріп, жүкті болғанын айтып, алғысын жаудырды», – дейді Күнсұлу Закарья. Га­зет тілшісіне мұны Жамбыл облысының бас дәрігері растаған. Айтуынша, осындай жағдайдағы тағы екі әйел «QazVac»-тың екі компонентін қабылдағаннан кейін құрсақ көтерген.


Қызылордадағы №3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Нұрия Жұма­ғалиева да тәжірибесіндегі жағымды жа­ңа­лықпен бөлісті. «Келушілердің бірі ек­пе алғасын арада екі аптадан өткенде бо­йына бала біткенін біліп, сүйінші сұрады. Сондықтан оның ерлі-зайыптылардың ұр­пақ өрбіту қабілетіне қандай да бір кедергісі бары дәлелденбеген», – дейді медицина өкілі.


«Экомед» адам ұрпағын өрбіту емха­насының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқош­қарова вакцинаның көмегімен сау баланы дүниеге әкелуге болатынын айтып отыр. «Мамандар әуелі екпе салдырып, жүктілікті сосын жоспарлауды қолдайды. Жүктілік кезінде вирустық ауру жұқтыру әйел мен құрсақтағы баланың денсаулығына, өміріне қауіп тудыруы мүмкін. Ал вакцина салдырғаннан кейін пайда болған иммунитет оның деңгейін едәуір төмендетеді», – дейді репродуктолог, дәрігер.

МЕЖЕ – 371 МЫҢ

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының 6 мамыр күнгі мәліметінше, былтырдан бері 5895 адам ауру құрығына ілінген. Өкініштісі, соның 16-сы көз жұмды.
Ал ел көлемінде жаппай вакциналау науқаны басталған 1 ақпаннан бергі ара­лықта COVID-19 вакцинасын қабылда­ғандар саны 63401-ге жетіп отыр. «Бет­пердені шешіп, бұрынғы өмірге қайта оралу үшін аймақта 371 мың адам екпе салдыруы керек. Қазіргі көрсеткіш, әрине, өте аз», – дейді басқарма басшысы Сәбит Пазылов.


Халық үшін қазір «Спутник V», «Qaz­Vac» пен «Hayat-Vax» вакциналары қолжетімді. №3 емхана бас дәрігерінің орынбасары Нұрия Жұмағалиева ресейлік препаратқа сұраныс жоғары екенін айтты. «Өзіміздің өнімді қолдайтын елжанды азаматтар да аз емес. Бірақ қандай вакцина болмасын, COVID-19 пандемиясын тежей алады. Адам бойында оған қарсы имму­нитет қалыптастырып, келесі жолы ауырған жағдайда оны жеңіл өткеруге көмектеседі. Халықтың 80 проценті екпе қабылдаса, қалыпты тіршілік ырғағына түсер едік. Сол кезде көңіл-күй гормоны да көтеріледі. Бұл бәріміз үшін маңызды», – дейді дәрігер.


Күні кеше елде вакцинаның екі ком­понентін де салдырғандар үшін бірқатар шектеу алып тасталатыны хабарланды. Олардан енді біраз жерде ПТР сынамасының қорытындысы талап етілмейді. Мысалы, вахтаға келген қызметкерлерден, топтасқан ұжымдарға баратын адамдардан, ауруға байланысты жұмыс орнында болмаған не­месе демалыс, іссапардан келген медицина қызметкерлерінен, тәжірибе алдында ме­дициналық жоғары оқу орындары мен медицина колледжінің студенттерінен.


Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, егер вакцина салдыр­ғандар коронавирус жұқтырған­дармен бай­­ланыста болып, ол расталса да, оқшау­ланбайды, бірақ медициналық бақылауда болады. Ал кеңседе жұмыс істейтіндерге қашықтан жұмыс істеудің қажеті жоқ.

Назерке Саниязова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<