Z ұрпақ, қайда барасың?

2456

0

X, Y, Z… Бұл – әр заманда бір-бірін алмастырған ұрпақтар буынының шартты атауы. Оны әлеуметтік феномен ретінде әуелгілердің бірі болып ХХ ғасырдың басында неміс әлеуметтанушысы әрі философы Карл Мангейм ұсынды. Ғалым құндылықтары мен әлеуметтік-тарихи тәжірибесі ортақ адамдарды осылай топтастырды.

1991 жылы америкалық зерттеушілер Уильям Штраус пен Нил Хоу буын теориясын ойлап тапты. Теория бойынша әр буынның ойлау қабілеті мен өмірлік ұстанымының түбегейлі өзгерісіне кемі ширек ғасыр керек.

Ұрпақтар жіктелісін саясаттанушы Айдос Сарым жақсы келтіріпті. «Осы теорияға салатын болсақ, – дейді ол, – бүгінгі Қазақстанда бірнеше ұрпақ өкілі ғұмыр кешіп жатыр:

Үнсіз ұрпақ (1923-1943 жылы туғандар)

Олардың құндылықтарының пайда болуына сталиндік қуғын-сүргін, жаппай ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс сияқты ғаламдық оқиғалар әсер еткен. Басты құндылықтары – адалдық, ережелерді сақтау, заңға бағыну, қызметке, лауазымға құрмет, ар-намыс, шыдамдылық, төзімділік.

Бэби-бумерлер ұрпағы (1943-1963 жылы туғандар)

Бұлардың құндылықтарының пайда болуына Сталиннен кейінгі жылы­мық, адамның ғарышқа ұшуы, қырғи­қабақ соғыс, медицинаның, білім беру жүйесінің жақсаруы, ғылымның дамуы әсер еткен. Әкелері соғысқа қатыс­қан­дықтан өзін «жеңімпаз ұрпақ» санаған. Басты құндылықтары – оптимизм, пайда мен карьераға құштарлық, ұжымшылдық, «командашылдық», «жастық культі».

Х ұрпақ немесе Белгісіз ұрпақ (1963-1983 жылдары туғандар)

Бұлардың құндылықтарының қалып­тасуына қырғиқабақ соғыс, қайта құру, жариялылық, Ауғанстандағы соғыс, Чер­нобыль апаты, СПИД, есірткі сияқты оқиғалар әсер еткен. Басты құндылықтары – өзгеріске дайындық, таңдау мүмкіндігі, жаһандық ақпараттану, техникалық бі­лім, индивидуализм, ғұмыр бойы оқуға әзірлік, көзқарастардың бейресмилігі, жа­ңа эмоция іздеу, прагматизм, өзіне ғана сену, гендерлік теңдік.

Ү ұрпақ. Желі ұрпағы немесе Миллениумдер (1983-2003 жылы туғандар)

Олардың құндылықтары КСРО-ның ыдырауы, террористік актілер мен аймақтық соғыстар, сандық техноло­гияның күрт дамуы, ғаламдық аурулар, мода мен өнер әсерінен туындады. Ұялы телефондар мен интернет – аталған буын үшін күнделікті үйреншікті дүние. Бас­ты құндылықтары – парыз бен борыш, жауапкершілік, аңқаулық, бағына білу. Олар үшін табысқа тезірек жету маңызды.

Z ұрпақ (2003-2023 жылдар ара­лығы)

Бұл ұрпақ дипломнан гөрі білімді артық санайды. Қауіпсіздік мәселесіне көп көңіл бөледі. Қалыптасқан ережелерді, заңдарды сақтауға, жаңалыққа бейім. Техника мен ғылымның дамуы олар үшін қалыпты».

Енді мынадай сұрақ туады: шет­ел­дік ғалымдар ұсынған ұрпақтар буы­­нының жіктелісі қазақ менталите­тіне қаншалықты сәйкес келеді? Әлеу­меттік ғылымдар магистрі, әлеумет­танушы Нұр­сұлтан Қаражанның айтуынша, жа­һандық ақпарат ағынында жал­пыадамзаттық құндылықтардан тысқары қалу мүмкін емес. Жаңа сандық технология, өзге елдердің мәдениетін білу арқылы рухани баю, шексіз экономикалық сауда-саттық қатынасы сияқты пайдалы нәрселер таразының екінші басындағы ұлт жастары, олардың бет-бейнесі, рухани күші секілді түсініктерді еңсеріп тұр.

– Кеңес одағында жастардың санасында «әлемдегі ең әділетті қоғам» (коммунистік қоғам) атты стандартты түсінік қана болды. Ал оның дүние жү­зіндегі авангарды – КСРО, КОКП. Коммунистік идеология жастардың бо­йынан атадан балаға мұра ретінде қалып, рухани заңдылықтар жүйесін бұзды. Ата-баба қаны арқылы сіңетін мәдени-рухани қуатты сүлікше сорып, салт-дәстүрден, діл мен діннен алыстатты. Тарихи тізбек үзілді. Ал бұл – адамның ішкі рухани әлемін байытатын иләһи мазмұнмен суарылған дәстүрлердің «ес­­кінің сарқыншағы» деген желеумен қолданыстан шығуы. Рационалды ғы­лымды меңгеріп, рухани ілімнен құр қалу кесірінен қуыс кеуде, тағдырдың сынағына қарсы тұра алмайтын, нигилист, инфантильді қасиеті басым жастар легі қоғамға қосылды. Біз үзіліп қалған рухани шынжырға қайта жалғану арқылы ғана жаһандық мәдени ықпалға қарсы тұрарлық иммунитет қалыптастыра аламыз, – дейді ол.

Әлеуметтанушы бір жолы алматы­лық студенттер арасында зерттеу жүр­гізіпті. Сонда байқағаны, олар аға буын өкілдеріне қарағанда кітап оқуға құ­лықсыз. Бірақ бұл жастар мүлдем кітап оқымайды деген сөз емес.

– Бүгінде электронды құрылғылар мен интернетті серік еткендер көп. Рес­понденттер болашақта электронды кітап баспа кітаптың орнын басатынына нық сенімді. Бұған интернеттегі көркем әдебиет аясының кеңеюі түрткі. Оның үстіне, қазір керек мәліметті компьютерден, гаджеттен оп-оңай ала аласың. Жастардың социомәдени дамуы үшін кітап оқудың маңызы зор. Алайда, жаһандану заманындағы түрлі технологиялық және инновациялық прогресс студенттердің оқылым формасын өзгертіп, техногенді студенттер тобын қалыптастырды, – дейді Н.Қаражан.

Осы күні жас та, жасамыс та телефоннан бас алмайтын болды. Оқушының өзі сонымен дос. Бесіктегі балаға дейін қолына ұстатсаң, тыныштала қалады.

– Үлкеннің де, кішінің де өз смартфоны бар. Сол арқылы ойын ойнап, мультик, кино көріп, әлеуметтік желіні ақтарып, қажет ақпарат алады. Ес білмейтін баланы да сонымен жұбататын жағдайға жеттік. Бірақ телефон пайдалануға бірден тыйым салудың жөні жоқ. Ондағы түкке тұрғысыз бағдарламаларды жойып, не көріп отырғанына жиі көз салып қойса, жеткілікті. Ата-ана баланың назарын басқа жаққа, мысалы, кітап оқуға, далада ойнап, бой сергітуге, өзі қызығатын іспен айналысуға бұра алады. Одан қалды, ұсақ-түйек үй шаруасына аралас­тырып, қолпаштап отырса, құба-құп, – дейді Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектеп мұғалімі Асылзат Қайназарова.

Қызылордадағы Назарбаев зияткер­лік мектебінің оқушысы Гүлдана Сәби­това замандастарының гаджет пен смарт­фонға әуестігін әбестік санамайды. Өйткені дұрыс қолдана білген адам үшін оның тиімді тұсы баршылық. Кейіпкеріміз – сөзіміздің жарқын мысалы. Гүлдана өзімен бірге оқитын Дәулет Райымбекпен бірге электрокардиограф ойлап тапты. Құрылғының көмегімен жүрек ақауларын дер кезінде анықтап, дерттің асқынуына жол бермеуге болады.

– Жүрек – қан тамырлары арқылы денедегі қан айналымын жүзеге асыратын аса маңызды бұлшықетті мүше. Онда ақаудың пайда болуы адам өміріне зор нұқсан келтіріп, көп жағдайда өлімге алып келеді. Электрокардиограф ауруды барынша ерте анықтау мүмкіндігін ұсынады. Құрылғыны әлі де жетілдіреміз, патенттеуге өткізіп қойдық, – дейді өнертапқыш өрен.

Мыңжылдықтар тоғысында дүниеге келген ұрпақтар буынының әлеуметтік медиада өмір сүруі – заңдылық. Өйт­кені олар әлем мобильді телефоннан смарт­фонға ауысып жатқан дәуірде өсті. Сондықтан басқа басқа, онлайн әлемнің қыр-сырын білмейтін ата-аналарымен ашық әңгімелесудің өзі Z ұрпақ үшін мұң. «Бүгінгінің жастары…» деп басталатын әңгіменің ауаны осыған саятын сияқты. Алдыңғы буынның өзінен кейінгіге ыл­ғи көңілі толмайтыны ұрпақтар тео­рия­сының төркініне келетіндей…

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<