Музей экспедициясы

1405

0

Жуырда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Арал-Қазалы өңіріне белгілі тарихи тұлға – Әжімбет Қарайғыровтың мұрасын зерттеу, жинақтау мақсатында «Сыр өңірі бойынша далалық экспедиция және эмпирикалық зерттеулер» және «Құнды жәдігер» жобалары бойынша тарихи-этнографиялық экспедиция ұйымдастырды.

Экспедиция Арал ауданының Шөмішкөл ауылында болып, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының мүшесі, қуғын-сүргін құрбаны, ағаш ұстасы, зергер, суырып салма айтыс ақыны, болыс, елге белгілі азамат Әжімбет Қарайғыровтың қазіргі уақытқа дейін сақталған материалдық мұрасынан телехабар түсіріп, ауылдан 50 шақырым жерде орналасқан 1961 жылы «Әжімбеттің белгісі» ретінде тұрғызылған мұнарасы және ұсталықпен айналысқан қара дүкенінің орнына фиксациялық жұмыстар жүргізді.

Әжімбет Қарайғыровтың жиен ұрпағы Әбуәли Қаниұлы Әжімбет атасының қолының табы қалған, ұсталық құрал-саймандарын сақтаған қобдиын музей қорына үлкен құрметпен тапсырды.

Сонымен қатар, экспедиция нәтижесінде Әжімбет Қарайғыровтың немересі Айымкүл Тасмағамбетованың жинақтауымен Шөмішкөл ауылы тұрғындарының тұтынған этнографиялық бұйымдары – келі-келсап, шоқ үтік, майшаммен музей қоры толықты.

Экспедицияның нәтижелі болуына ат салысқан Әжімбет Қарайғыров әулетіне, әсіресе Мұхтар Анапьяев пен жары Айымкүл Тасмағамбетоваға алғыс білдіреміз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<