Өнерге өріс, мұраға қоныс – Сыр елі

1266

0

Қазақ өнері мен мәдениеті дүниені шарлады. Бір ғана «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениеті мен өнерін әлемге насихаттау жолындағы қыруар жұмыстар жүзеге асырылып, айтарлықтай табыстарға қол жетті. Бұл жетістікке Сыр бойының қосқан үлесі ерен.

Сыр мәдениеті мына жылдан бастау алады деп кесіп-пішіп айту анықтық болмас. Алайда, Қызылорда облысы құрылған жылдардан бастап өнер мен мәдениет саласы сөз болғанда Нартай Бекежанов есімі қоса айтылады.

«Өздерің білер Нартаймын,

Нар болсам-дағы қартайдым.

Арнасы бар да өзі жоқ,

Баяғы боран айқайдың»

деп басталатын «Нартай әнін» 1934 жылы маусымда Алматыда өткен бүкілқазақстандық бірінші жиында Жаппас Қаламбаев қобыздың сүйемелдеуімен орындаған. Еліктірер лирика мен шынайылыққа толы, өте ерекше туынды халық жүрегінен кең орын алды.     

Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО Мәдениет жөніндегі Кеңестік халық комитетінің шешімі бойынша бүкіл республикаларда артистердің үгіт-насихат бригадалары құрыла бастады. Сондай алғашқы концерттік бригадалардың біріне Күләш Байсейітова да басшылық еткен.

Атылған артиллерия дүмпуіне, жарылған бомба жаңғырығына қарамастан Жамал Омарова, ағайынды Абдуллиндер, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова, Шара Жиенқұлованың би ансамблі майдан даласында өнер көрсеткен.

Ызғарлы жылдарда Нартай Бекежанов өзінің концерттік бригадасымен халықты жауға қарсы жеңіс жолындағы екпінді еңбек етуге рухтандырған. Қиын-қыстау кезеңде облыстың шалғай, жолсыз ауылдарын аралап, әскери бөлімшелерге барып, Нартай ансамблі екі мыңнан астам концерт берген.

Бейбіт күндері Нартайдың концерттік бригадасының ізімен талай ансамбль құрылып, Сыр мәдениетінің саңлақ өкілдері қалыптасты. Олар егіншілер мен малшыларды еңбекке жігерлендірді.

Әр жылы Сыр мәдениетінде елеулі өзгерістер мен айтулы жетістіктер орын алып отырады.

2004 жылдан жүзеге аса бастаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс көлемінде де көп жұмыс атқарылды. «Қазақ радиосы» қорынан алынған үнтаспалар, жеке адамдардан алған мағлұмат, құжаттар арқылы 40-тан аса ақынның айтыстары жүйеленіп, жинақталып «Сырда өткен сөзсайыс» атты кітап және  2010 жылдың сәуір айында мәдениет басқармасы жанынан қоғамдық негізде құрылған  Халық университеті,  «Сыр өңірінің мәдениеті» атты тарихи-анықтамалық кітап пен үнтаспа  және «Сыр саңлақтары» атты жинақ баспадан шықты.

2012 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі тойына тарту ретінде Қызылорда облысы әкімінің бастамасымен кезінде дүние салған және көзі тірі Сыр бойынан шыққан 225 танымал ақын, жазушы, әнші, композитор, сахнагер, жыршы, күйші-домбырашының дауыстары мен шығармашылығы, өмірдерегі жазылған «Қайталанбас дауыстар» аталатын Сыр саңлақтарының антологиясы  500 данамен екі тілде кітап-диск түрінде шығарылды. 2013 жылы  әлемге әйгілі «Шаһнама» эпопеясын қазақша сөйлеткен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 36 дәптерден тұратын теңдесі жоқ  қадым қолжазбасының  аудиоэнциклопедиялық нұсқасын жасау қолға алынып, шайырдың 34911 жолдан тұратын Фирдоуси «Шаһнамасының» толық нұсқасын жырлап, үнтаспаға жазу үшін Сыр өңірінен таңдаулы 22 жыршы іріктелді. Заманауи құралдар арқылы өскелең ұрпақтың көкірегіне жауһар жырларды сіңіріп, аудиокітаптар арқылы отансүйгіштікке баулуды мақсат еткен жобаның нәтижесі талғампаз жұрттың ыстық ықыласын аударды.

Осы рухани қазыналарды халыққа жеткізуге сол кездегі облыстық мәдениет саласының басшысы, белгілі өнертанушы ғалым, жырау Берік Жүсіпов қомақты үлес қосты.

Кеше бетімізді перделеген пандемия кезеңінде де қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығы, ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы сынды айтулы оқиғалар жоғары деңгейде насихатталды.

Облыстық мәдениет саласы соңғы жылдары жақсы бет-бейне қалыптастырды. Осы үлеске идеология қызметкерлері Руслан Рүстемов, Асқар Есжанов есімдері де ортақ. Сала жұмысына бүгінгі күні тәжірибелі маман Мира Қазбекова басшылық жасап отыр.

Сыр елі – талай дарын иелерінің бесігін тербеткен дархан дала, қыдыр қонған құтты мекен. Өнер өлкесінің өр биігіне айналған Сыр ана топырағы таланты теңіздей толқыған, өшпестің отын маздатқан өлке. Осындай  киелі мекеннің өнер шаңырағының бірі – облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы.

Облыстың рухани өмірі, мәдени өрлеуі мен Сыр өнерінің өзіндік өрнекпен дамуында жарты ғасырдан аса тарихы бар халық шығармашылығы орталығының орны дара.

Сыр елінің рухани өмірі мен мәдени өрлеуіне алпыс жылдан астам тарихы бар Халық шығармашылығы орталығының қосқан үлесі орасан. Бұл мәдени мекеме – облыстың барлық мәдени шараларына белсене қатысып қана қоймай, халықтың рухын көтеріп, өнер әлеміндегі жаңа есімдерді тәрбиелеп шығаратын ұлттық ұстахана.

1958 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің Қаулысына сәйкес «Облыстық халық творчествосы үйі» болып ашылған мекеме алғашқы уақытта құрамында 3-4 адамы бар қоғамдық негіздегі мәдени-үгіт тобы ретінде ауылдарды аралап еңбекші, егіншілерге арнап өнер көрсетсе, 1958-1960 жылдары «Шығармашылық үйі» болып құрылды. 1961-1963 жылдары мекемені белгілі айтыс ақыны Надежда Лушникова басқарды.

1999 жылы орталық мекеме ретінде жабылып, «Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.

2020 жылдың наурыз айынан бастап орталықты Мәдениет саласының үздігі Жанат Құрамысова басқарып келеді.

Орталық жұмысының негізгі міндеттері – ҚР мәдени саясатының тұжырымдамасын, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімдігінің өкімдерін, шешімдері мен қаулыларын басшылыққа алып, дәстүрлі, инновациялық әдістерді, жаңа заманауи техникалық құралдарды пайдалана отырып халық шығармашылығын насихаттауға, қолдауға мүмкіндік жасау. Сондай-ақ, ата-баба мұрасы болып қалған ұлттық салт-дәстүр, өнегелі өнер мен мәдениетімізді – қазіргі ұрпақтың ғана емес, болашақтың да бағыт-бағдарына айналдыру.            

Қазіргі уақытта Сыр мәдениеті мен өнерін дамытуда мәдени қызметтің жаңа тәсілдері мен әдістері уақыт талабына сай түрленіп, мәдени-көпшілік  шаралар атқарылуда. Сондай-ақ, талантты өнерпаздардың қабілеттерін дамытып, шығармашылығын шыңдау үшін қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп, әлеуметтік өмір салтын байытуға, жоғары мәдени талғамын қалыптастыруға арналған жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта түрлі жанрда халықаралық, республикалық, облыстық шаралармен қатар, байқау-конкурстар, фестивальдар тұрақты өткізіліп келеді.

Осы тұрғыда 2006 жылдан бері түркі тілдес елдердің  ұлттық музыкалық өнерін дәріптей отырып, өзара  мәдени қарым-қатынасы мен байланысын нығайту, қайталанбас өнерінің озық үлгілерімен жұртшылықты таныстыру және кеңінен насихаттау мақсатында Түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

«Жыр мұра» жобасы аясында  Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарынан жыр-терме және 7 ауданнан   қобыз үйірмелері  ашылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 23 жыр-терме үйірмесіне 288 оқушы, 16 қобыз үйірмесіне 64 оқушы қатысады. Жоба аясында «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция жүргізіліп, соның нәтижесінде мәдениет жанашырлары қырықтан аса жыршы-жыраудың дауысын, осынша ескі сарындағы мақам-саздарды, алпыс шақты  өнерпаздың орындауындағы терме-толғауларды олжалап отыр.

Талантты өнерпаздардың шығармашылығын дамыту, насихаттау, жаңа есімдер шығару мақсатында облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде мәдени шаралар, байқау-конкурстар  өткізіліп келеді.

Облыс әкімінің қолдауымен, орталық 1994 жылдан бастап Халық Қаһарманы, КСРО Халық артисі Р.Бағланова атындағы облыстық, қазіргі таңда республикалық деңгейдегі «Ақмаңдайлым» әншілер конкурсын, 2006 жылдан бастап композитор К.Дүйсекеевтің республикалық «Туған жер» әншілер конкурсын, дарынды әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Б.Шөкенов атындағы республикалық «Отан-Ана» эстрадалық әншілер конкурсын дәстүрлі ұйымдастырып, өткізіп келеді.

Сондай-ақ,  2011 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан мүмкіндігі шектеулі өнерлі балалардың «Жүрек жылуы» облыстық өнер фестивалі өз нәтижесін көрсетіп,  талантты өнерпаздар халықаралық фестивальдарға қатысып, жүлделермен оралып жүр. 

Республика көлемінде Сыр елінің балалар шығармашылығы жоғары деңгейде дамыған жанр болып есептеледі. 1999 жылдан бастау алған облыстық «Бозторғай» конкурсы республикамызға танымал өнер иелерін жарыққа шығарған өміршең байқау.

Орталық жанында балалар студиясы жұмыс жасайды. 2020 жылға дейін студияға ҚР Еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетова жетекшілік етті. 

2019 жылы Чехия Республикасының Прага қаласында өткен VII халықаралық «Diamond voice» конкурсына студия өнерпаздары Берік Арайлым жүлделі І орынға ие болса, Төлеубай Дінмұхамед бас жүлдені жеңіп алып, «Бриллиант дауысты әнші» атанды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2019 жылы елордада «Рухани қазына-2019» мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің ІІ республикалық фестивалі болып, 18 аталым бойынша 13 облыс арасынан 200-ден астам мәдениет саласының қызметкерлері қатысқан фестивальда «Ең үздік облыстық халық шығармашылығы орталығы» атағын жеңіп алды.

СЫР МӘДЕНИЕТІ – ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДА

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Сыр мәдениеті мен өнері де кең құлаш жайды. Мәдениет мекемелері де мейлінше жаңа келбетке еніп, өркендеді. Облыс бойынша типтік жобадағы 31 клуб, 6 музей, 1 кітапхана, 1 мемлекеттік архив құрылысы салынып, пайдалануға берілді.

Биыл облыс әкімінің тікелей бастамасымен Қызылорда қаласында заманауи бейнедегі «Өнер орталығы» салынып жатыр.

Бұған дейін облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамбльдері, камералық оркестр, т.б. кәсіби өнер ұжымдары құрылып, олар бүгінде өз өнерімен аймағымызға ғана емес, шетелдерге де танылып үлгерді.

Сонымен қатар, өңіріміздегі мәдени құндылықтарды зерттеп-зерделеу мақсатында ежелгі өркениет ошақтары саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қыпшақ, Қазақ хандықтарының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау, қорғау, пайдалану мақсатындағы қазба жұмыстары мұнан әрі де жалғасын таппақ.

Сырбойылық өнер ұжымдары ұлт өнерін әлемдік сахнаға алып шықты. 2001 жылы құрылған «Томирис» би ансамблі АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, БАЭ-нің Абу-Даби, Ресейдің Қазан, Өзбекстанның Ташкент, Шыршық қалаларында өткен фестивальдарда өнер көрсетіп, қазақ би өнерін насихаттады.

2007 жылы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдығына орай облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі құрылды. Осы мерейтойға орай республикалық жыраулар сайысы мен ақындар мүшәйрасы өткізілді.

Санай берсек, Сыр мәдениетінің тәуелсіздік жылдарындағы атқарған толайым істері баршылық, игі шаралары мол.

2018 жылы облыс көлеміндегі ескерткіштердің 3D форматтағы интерактивті картасы әзірленіп, 150 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылды. Осы жылы Қорқыт мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізіліп, облыстық филармония жанынан «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылды. Осыған сәйкес, облыс мәдениет үйлері мен клубтарында қобыз үйірмелері ашылды.

Облыс мәдениет және өнер ұйымдарында дәстүрлі өнерді дәріптеуге арналған «Бабалар тарауы», «Тау тұлға Тұрмағамбет», «Кино – тарих келбеті», «Сағынышқа айналған бейнең» айдарлары, «Алтын уық» жобалары қолға алынды. Облыс музейлерінде «Тарихи тұлғалар», «Бұл үйде кім тұрған?», «Музей радиосы», «Асыл мұра», «Жас өлкетанушы», «Киелі мұра» музейлік жобалары жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқудың дәстүрлерін қолдау мақсатында «Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тарту,  кітап оқуды насихаттау және «Оқитын ұлт – оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру бағытындағы 2021-2025 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары» бекітіліп, «Сыр шаңырағы» Youtube каналында «Балалар әдебиеті» айдары ашылды.

Сондай-ақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып империя Алтын Орданың мерейтойын атап өтіп, оның негізін қалаушы әрі қазақ хандарының түпатасы Жошы ханның есімін ұлықтау жөніндегі бастамасы Сыр елінде өз деңгейінде көрініс тапты.

2020 жылы республикалық «Алтын домбыра» жобасы аясында айтыскер ақын Мұхтар Ниязов «Айтыстың ақтаңгері» атанып, үшінші мәрте «Алтын домбыра» сыйлығын жеңіп алды. Алтын домбыра салтанатты түрде Сыр еліне әкелініп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне құнды жәдігер ретінде қойылды.

Қазақстанның және КСРО халық артисі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың  100 жасқа толуына орай әншінің есімін мәңгі есте қалдыру үшін Қызылорда қаласында Роза Бағланованың ескерткіші бой көтеріп, «Ақмаңдайлым» республикалық әншілер конкурсы өтті.

Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жауһар мұрасы «Шаһнама» дастанын насихаттау мақсатында «Шұғыла шашқан Шаһнама» атты дастан жырлаушылардың облыстық жыр фестивалі өтті.

Белгілі жырау Алмас Алматовтың «Шыңғыснама» тарихи дастаны алғаш рет республика жыршы-жырауларының қатысуымен жырланып, жұртшылық оны әлеуметтік желі арқылы тамашалады. 

Сондай-ақ, облыстық мәдениет саласы осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді мемлекеттік тапсырыс негізінде ұйымдастыру жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарды.

Бұл жоба – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту, оларға рухани-мәдени бағыт беру, жеткіншектердің бос уақытын мазмұнды және тиімді ұйымдастыру мүмкіндігі.

Сыр елінде талантты балалар көп. Қазіргі қазақ сахнасында жүрген Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев секілді дарынды әншілер осы Қызылордадан қанаттанды. Оларды Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетова мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Таймановтың тәрбиелегенін білеміз.

Сыр өнері мен мәдениетінің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, әрине, бір-екі парақтың көтерер жүгі емес, біз олардың оннан бірін ғана атап-түстеп отырмыз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<