Жібек баулы сұңқардай самға биік

492

5

Жақында әлеуметтік желі парақшасынан жанды дауыста әсем ән салып тұрған әдемі қыздың бейнежазбасын көріп, бұрын-соңды ешкім естімеген талант иесін өзім тауып алғандай қуандым. Пікір алаңына «нағыз әнші» деген жазба қалдырдым. Ол – қармақшылық Айжан Қыдырбек есімді жас әнші екен.

Таңертең мені редактор өзіне шақырып, «осы әншіні газетке жазайық, жас дарынға қолдау көрсете­йік» деп ұсыныс айтты. «Ойымыз бір жерден шықты» деп тағы қуандым.

Мен неге қуанып жүрмін? Сонау тоқсаныншы, екімыңыншы жылдардың ішінде – Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Арайлым Ыбраева, дәстүрлі әншілер Үміт Медеуова, Күнсұлу Түрікпен секілді жас өнерпаздар жөнінде газетке суреттеме жазып едім, кейін олар күллі қазақ жұртына танылып, өнер жұлдызына айналды. Кейде мен сөзі киелі «Сыр бойы» газетін жас таланттарды хас таланттарға айналдыратын ақ баталы ордадай сезінемін.

Енді көзіме қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Айжан елестеп отыр. Оның бойға біткен дарыны осылай ой қорытуға әсте ла­йық.

Айжан Қыдырбек Қармақшы ауданындағы Т.Көмекбаев атындағы 250 мектеп-лицейінде 9 сыныпты бітіріп, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде оқыған. Жеңіс Сейдуллаұлы, Сәкен Майғазиев, Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева секілді өнер тарландарынан тәлім алған. Еңбек жолын Қызылорда облыстық филармониясынан бастаған. Бұл өнер ордасында – Талғат Мақашов, Әзиза ­Іздіқұлова, Әбді­халық Мұста­фаев се­кілді тәлімгерлерден тә­жірибе жинаған.

Ең бастысы, бітім-болмысында қан мен сүттен сіңген өнер бар.

Әкесі Қыдырбек домбырамен «ауылдың алты ауызын» айтатын өнерлі жан. Анасы Хадиша – Қармақшы өңіріндегі жүз жырау шыққан Тұрмағамбет ауылының тумасы. Кез келген ақынның өлеңін кітаптан оқығандай айта беретін жадына таңғалмай тұра алмайсыз. Ал, нағашы әжесі Мағужан – Тұрмағамбет шайырдың  қарындасы.

Ауылда тұрып, жалпақ жұртқа аты естілмей келе жатқаны болмаса Айжанның алған атақтары да атан тартарлық.

2008-2010 жылдары қатарынан үш рет респуб­ликалық ән байқауының Гран-при иегері болған. Одан беріде Италияда өткен халықаралық «Rimini Fest» ән байқауында Гран-при, Түркиядағы Халық­аралық «Art Olimpia» ән-би байқауында І орынды иеленген. Ал, 2013 жылы Франциядағы Халықаралық «Париж аспаны астында» ән байқауында тағы да Гран-при сыйлығын жеңіп алған.

Айжан бүгінде Қармақшы аудандық мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызмет атқарады. Өнер жанашыры, сүлейлердің сынығы атанған Арнұр Көшенейдің тәрбиесін алып жүр. Қоғамдық жұмыста да белсенді, «Дәметкен ана» балаларды оңалту орталығының ерікті тобының мүшесі.

«Жанды дауыста өнер көрсету кеңінен қолға алынса, еш ойланбастан жеке ән кешімді өткізер едім», – дейді Айжан. Оның осы сенімділігі ұнайды. Көріпкелдігіміз болмаса да жиырма бір жастағы дарынның кемел келешегін елестетуіміз ел тілегімен ұштасары хақ.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Пікірлер:
  • Өте талантты дауысы ерекше құлаққа жағымды естіледі.
    Жүрекке жеткізіп орындайды.
    Тек биік шыңдардан көрейік.
    Мен сізді әрқашан қолдауға әзірмін.
    Міне осындай әншілерді көтеруіміз керек. Жас талантты қызға қолдау білдірейік ағайын.

  • Ия, шындығында өте керемет жазылған екен. Айжан Қыдырбек қызын бүкіл аудан журтшылығы біледі.Айжанға өнерің өрге жүзе берсін ,деп тілек айтқым келеді.

  • Айжан орны бөлек. Өлең айтқаны, жанды .Творчествалық бақ тілеймін,Сыр өңірінен шыққан әнші апалары мен ағаларының жолын берсін.

Пікір жазыңыз