«АҚ СҰҢҚАРДЫҢ» АСУЫ БИІК

704

0

Сыр өңірінде жекеменшік медицинаны дамыту ісі қарқынды жүріп жатыр. Аймақтағы жеке клиникалар мемлекеттік тапсырыс аясында тұрғындарды тегін қабылдауда. Солардың қатарында Жалағаш кентіндегі «Ақ Сұңқар-Ж» клиникасы бар.

Емхана есігінен енгеннен жылы жүзбен қарсы алған біздің кейіпкердің есімі Ләззат екен. Жалағаштың Бұқарбай батыр ауылының тумасы әуелі облыс орталығындағы жоғары медициналық колледжін үздік бітіріп, 1993 жылы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық институттың түлегі атаныпты. 2001 жылы жоғары білімді дәрігер болып туған жеріне қайта оралған Ләззат аудандық ауруханада табан аудармастан 16 жыл дәрігер болыпты. Институтты жаңа бітіріп келген түлек әуелі жансақтау бөлімінде дәрігер, терапия бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері қызметін атқарып, сол жылдары саланың барлық қыр-сырын меңгерген. Ұзақ жылғы тәжірибе жеке орталық ашуға негіз болды.

– Ультрадыбыстық зерттеу орта­лы­ғын құрып, жеке клиника ашуға себеп – кәсіпкерлерге арналған түрлі бағ­дарламалар мен реформалар болды. Елбасы Жолдауында айтып көрсеткендей, аймақ тұрғындарының денсаулығын жақсарту бойынша өз ісімді бастамаққа бел будым. Оның алдында 2015 жылы елімізде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заң қабылданғаны да бұл ойымды бекіте түсті. Ондағы мақсат – мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұзақ­мерзімді ынтымақтастықты ны­ғайту болатын. Жолдасымның қол­дауымен осы ғимаратты сатып алып, қайта жөндеуден өткіздік. Медициналық құ­рал-жабдықтар сатып алынды. Тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында тегін және ақылы емдік ша­ра көрсетуді осылай бастадық, – дей­ді ем­хананың бас дәрігері Ләззат Серікқызы.

Емхана басшысының айтуынша, жеке­меншік әріптестік аясында келісім-шарт жасалып, кәсіпкер емханаға қа­жет­ті құрал-жабдықтар сатып алады. Ден­саулық сақтау саласында мем­ле­кет­тік-жеке­меншік әріптестігінің қол­ға алына бастағаны тұрғындар үшін де, дәрі­герлер үшін де тиімді. Жаңа заманның медициналық құрал-жаб­дық­тарының келуімен емдеу сапасы жақсарады.

– Облыстағы «Атамекен» кәсіп­керлік палатасының қолдауымен арнайы «РИЦ» бағдарламасы арқылы былтыр тамыз айында 10 миллион теңге несие алғанмын. Оған ультрадыбыстық зерттеу аппаратын алдырдық. Қосымша құрылғылар әкелінді. Алынған аппарат арқылы бүйрек, бауыр, өт және қуық қабы, жүктілік бойынша, жатыр аурулары, сүт безі, ұйқы безі, кіші жамбас органдары, тағы басқа ауруларға зерттеу жүргізіп отырмыз. Мемлекеттік тап­сырыс арқылы келісім-шартпен тегін ем жүргізетін он орындық күндізгі стационардың жұмысы осы. Былтыр осы бағдарлама аясында біз 600-ге жуық тұр­ғынға ем көрсеттік. Келешекте екі­қабатты нысан тұрғызып, толықтай жатып ем алатын тәуліктік емхана салсам деген жоспарым бар, – дейді кәсіпкер-дәрігер Ләззат.

Айта кету керек, дәл осындай тегін көмек көрсететін жеке емдеу орталығы аудандар арасында Жалағаш және Арал ауданында ғана өз жұмысын бастаған. Біз барған Жалағаштағы кәсіпкер-дәрігер өзімен бірге тұрақты 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы арнайы жолдамамен келген мейірбикелерге бар білгенін де үйретіп жүр.

– Бас ауырып, балтыр сыздаса осы қызға көрінемін. Ләззаттың білікті дәрігер екенін бүкіл Жалағаш біледі ғой, – дейді Бұқарбай батыр ауылынан келген зейнеткер Роза Табынбаева.

Осылай «туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзді ұстанған Л.Кәріпова дертіне шипа іздеген ағайынның қасынан табылып жүр.

Ержан ҚОЖАСОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<