БИЗНЕС КӨЗІ – БОС ҚҰТЫ

341

0

  Біз керексіз санайтын затты пайдаға жаратып,  тәп-тәуір дүние жасап жатқан жандар бар. Сол арқылы қаржы тауып та отыр.  Бұл да кәсіптің бір түрі саналады. Бүгінгі сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де көшеде ең көп шашылатын пластикалық құтыны кәдеге жаратып, түрлі бұйымдар жасайды.  Ол қала тұрғыны – Нәзипа Сарымсақова.  

Екінші топ мүгедегі Нәзипа қос жанарының нашарлығына қара­мастан, осы істі қолға алғанына 10 жылға жуықтады. Ол үшін әрбір уақыт қымбат. Шеберге бұл ой немерелерін серуенге алып шыққанда келіпті. Қоқыста жанып жатқан кұтылардың әдемі бейнеге енгенін көріп таңғалыпты. Бұдан тәуір дүние жасауға болатынына көз жеткізді. Алғашында 5 литрлік құ­тыларды пай­даға асырды. Одан түрлі пішіндегі бейнелерді жасап шы­ғарды.

Бүгінде ол пластик құтыдан мультфильм кейіпкерлерін, сан алуан гүл түрлерін жасайды. Оның туын­дыларына балабақшалардан сұраныс жоғары. Қала тұрғындары, аудан, ауыл мектептерінің технология пәнінің мұ­ға­лімдері, бала­бақша ­тәр­бие­шілері мен мектеп оқу­шылары шеберді арнайы іздеп келіп, дәріс алады екен. Еңбекқор жан бір бөлмесін жұмыс орнына айналдырған. Онда бас сұқсаңыз, бейне бір жайқалған бау-бақ­шада жүргендей әсер ала­сыз. Тіпті, мұндағы гүл­дердің тірі гүлден еш айыр­машылығы жоқ. Бір қара­ғанда кәдімгі үйде өсіп тұрған бөлме өсім­дік­тері секілді. Одан бөлек жиын-тойларға кәдесый орнына қолдану үшін тапсырыс бере­тін­дер де жиі келеді. Сыйлыққа ала­тын­дардың да қарасы көп.

Шебердің айтуынша, бұл кәсі­біне  көп құрал қажет емес. Қара­жатты да талап етпейді. Тек су және шырын­дардан босаған құты болса жарап жатыр. Бір жағынан қала қоқыстан тазарады. Сонымен бірге әжептәуір табыс көзі. Әсіресе, шебердің қолынан шыққан раушан, қызғалдақ, нәркес, бәйшешек, түймедақ пен інжугүлдер көздің жауын алады. Ерекшелігі сол гүл­дерге күтім керек емес. Ұзақ  уақыт сақтауға болады.

Кейіпкеріміз алдымен бос құты­дан гүл жа­пы­рақтарын жасап, үл­­гісін салады. ­Балауыз шамның көмегімен пі­ші­нін келтіреді. Гүлдің атауына қарап, түрлі-түсті бояумен әрлейді. Дайын болған туындыны  арнайы ыдысқа орналастырады. Содан нағыз сәнді бөлме гүлі болып шығады. Тек көп уақытты қажет ететіні қатпарлы раушан гүлі. Сондықтан бағасы да сәл қымбаттау болады. Айына шамамен 50-60 құты гүл жасап шығады.

Апамыз білген-түй­генін балалары мен неме­релеріне үйретіп, ке­лін­дерін де баулыды. Бү­гінде үш келіні де ене ісін жалғап, мектепте оқу­шы­лардың осы өнерге деген қызығушылығын арттыруда. Шебердің туындылары талай көр­ме­лерден орын алып, байқау­ларға да қатысты. Жүлдеден кем емес.

– Осы істі қолға ал­ға­нымда әжептәуір табыс таптым. Қызы­ғу­шылық танытып, сатып ала­тын­дардың қатары көбейді. Демек, кәсіп ашуға болады деп ойладым. Кәсіп те ашып, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыдым. Бірақ күн санап көзім нашарлай берді. Денсаулық басты байлық болған­дықтан, кәсіпті тоқтатуға тура келді. Біраз уақыт ем алдым. Бірақ ішкі сезімім мен күшім қашанда істі жал­ғастыруға болатынын хабарлап тұрады, – дейді Нәзипа.

Өзін-өзі қайрап, үй­ренген кәсі­біне қайта кі­рісті. Үнемі ізденіс үс­тін­де жүретін шебер жұ­­мысын жетілдіріп, жаңа гүл түрлерін жасау үшін көп еңбектенеді.

Сара  АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<