Даму жолындағы диқан ауылы

346

0

Аймақтағы газбен қамтылған алғашқы ауыл – Ыбырай Жақаев елді мекені. Шиелі ауданына сапар барысында осы ауылға арнайы барған едік.

Ақ күріштің атасы атанған даңғайыр диқан атындағы ауыл аудан орталығымен іргелес орын тепкен. Шиелі кентімен екі ортаны жалқы көше бөліп тұр. Биылғы қыстың басында ауылға газ құбыры тартылды. Осылайша, мұндағы 70-тен астам отбасы экологиялық таза отын көзін пайдалануға мүмкіндік алды. Көгілдір отынның игілігін көріп отырған ауыл тұрғындарының бірі Құралбек Әбуовпен жолығып, тілдескен едік.

– Ауылға өткен жылдың қараша айында салтанатты жағдайда газ берілді. Сол күні облыс басшысы келіп, ауыл халқының қуанышына ортақ­тасты. Расында, біз бұл сәтті тағатсыздана тостық. Сондықтан да бұл күн ерекше күн болды. Мен ешкінің «Заненский» тұқымын алдырып, өсіріп отырмын. Газдың мүмкіндіктерін шаруа қамына да пайдалансам деген ой бар. Бұған қоса, табиғи газ көмірге қарағанда әлдеқайда тиімді. Кәсібімізді дамытуға да септігін тигізеді, – деді іскер жігіт.

Иіркөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ержан Оразбекұлының айтуынша, Ы.Жақаев елді мекеніндегі тағы 130 тұрғын үйдің иелерімен газ кіргізу туралы келісім-шарт жасалып, жұмыс жалғасуда екен.

– Елді мекенге газ желісін жүргізген «Ануқұрылыс» ЖШС мамандарына ризашылығымыз мол. Көгілдір отынға биылғы қыс басында қосыламыз деп ойламаған едік. Баға жетпес сый болды. Тіпті алғашқы күндері өз көзімізге өзіміз сенбей жүрдік. Иә, енді бұрынғыдай пеш жағып әуреленбейміз. От жағып, күл шығарған күндер артта қалды. Қазір үй тап-таза әрі жылы. Бас­тысы, бір қалыпты температура, – дейді ауыл тұрғыны Ләззат Пәрманқұлова.

Естеріңізде болса, былтыр Шиелі кенті іргесіндегі Бидайкөл елді мекеніне де газ құбыры тартылды. Мұндағы газдандыру жұмыстарын «Демеу және К» ЖШС жүргізуде. Ауылға 23 шақырымдық құбыр желісі тартылып, мамандар осындағы 38 тұрғын үйге газ кіргізді. Алдағы күндері газ құбыры сынамадан өткізіледі. Сол кезде келісім-шартқа отырған тұрғындарға көгілдір отын беріледі. Қазірдің өзінде мұнда бірнеше бригада жұмыс жасауда. Жалпы, ауылда 702 шаңырақ түтін түтетіп отыр.

Міне, өткен жылдан бастап Сыр өңіріндегі ауылдар да табиғи газбен қамтыла бас­тады. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асы­рылған үлкен жоба облыс тұрғындарының әлеу­меттік жағдайының жақсаруына мүмкіндік беріп отыр. Айта кетейік, Шиелі ауданы бойынша бірінші кезекте 5 елді мекенге газ жеткізу көзделген. Бұған қоса, биыл облыстағы тіректі елді мекендерді газдандыру жұмыстары басталады.

Дәуіржан Елубаев.

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<