Қазалылық оқушылар ұлттық үлгіде киіне бастады

1056

0

Қазалылық ұстаздар ұлттық киімді ұлықтап жүр. Әйтеке би кентінде орналасқан №266 мектеп-лицей мұғалімдері 1 наурыздан бастап мектепке ұлттық нақышта киініп келеді. Ағай-апайларының жақсы бастамасын лицей оқушылары да іліп әкетті. 

Мектеп-лицей басшысы Бердібек Сейілханұлының айтуынша, бұл үрдіс білім шаңырағында бұрыннан қалыптасқан. Мұғалімдер мен оқушылар салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жаңғыртумен қатар, қазақтың ұлттық киімдерін киім, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуде. Осы №266 мектеп-лицейдегі үлгілі үрдісті аудандағы өзге білім ордалары да жалғастырып жатқанға ұқсайды.

– Байқасаңыз, балалар үстіндегі оюмен көмкерілген камзол, тақия сондай жарасымды көрініп, көз сүйсіндіреді. Негізі, бұл бастаманы әуелі мұғалімдер болып бастадық. Содан соң шәкірттеріміз де қызығушылықпен жалғастырып әкетті. Біздегі бар мақсат – жыл мерекесі Наурызда ғана жарқыратып киіп, қалған күндері ұмыт қалатын ұлттық  киімді облыс көлемінде насихаттау. Шыны керек, он күннен бері өз ұлттық киіміміздің ең әдемі екенін өзіміз де, оқушылар да сезініп жатырмыз. Тіпті, киімде нақышталған ою-өрнек аттарына дейін жаттап, қазақтың әуелден киім тігу өнеріне тәнті болып, үстінен тастамай жүрген тұрғындарды да жиі байқайсыз, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Гүлсайрам Баймаханова.

Біз тілдескен Жанерке Ұзақбай мен Ақжүніс Үсенәлі осындағы бастауыш сыныптың 3-сынып оқушылары. Ұлттық киімді бірінші болып кигенін аса бір мақтанышпен айтқан олар Наурыз мерекесінде ұлттық тағам түрлерін жасап үйренбекші екен.

– Шапанды аталар, қамзолды әжелер ғана киеді деп ойлайтынбыз. Қазақша көйлекті концертте билегенде ғана киетінбіз. Ал бізге осы киімді әрдайым киіп жүрген ұнайды, – дейді Жанерке мен Ақжүніс.

Наурыз айын толықтай ұлттық киіммен өткізетін мектеп ұжымы өз шәкірттеріне де сыйлық үлестіреді. Мерекені балалар толыққанды сезінуі үшін қазақтың ұлттық ою-өрнектері бар қалташалар дайындалып, жент, құрт, ірімшік, талқан, сөк сияқты  тағамдардан дайындалған тәттілер таратылады.

Соңғы уақытта көпшіліктің санасында «ұлттық киімдер тек Наурыз мерекесінде ғана киіле ме» деп қалыптасқан теріс пікір жоюға ұмтылған ұйымшыл мектеп ұжымы келесі оқу жылынан бастап қазақы нақышта тігілген мектеп формасын тігуді бастамақшы. Мектеп басшылығының қолдауына ие болған №266 мектеп-лицейі ұстаздарының бұл бастамасы облыс көлеміндегі өзге мектептерге үлгі болады деген сенім де жоқ емес.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<