«Ханшайымның» құтты қадамы

447

0

Аралдық жеке кәсіпкер Сарагүл Құлбаеваның «алдағы уақытта мектепте оқитын қыз балаларға тігіншілік  өнерді, ісмерлікті терең меңгеруге тегін үйрететін  үйірме ашу жоспарымда бар» деген сөзіне әуелі таңданып қалдық. Өзі басшылық жасайтын тігін цехында біраз адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің бұл талабын естігенде «жүріс-тұрысыңның бәрі ақшамен өлшенетін бүгінгідей қоғамда мұндай адами көзқарас танытуыңа қарағанда қазақы тәрбиемен сусындаған шығарсың» деп топшылап қойғанмын. Қателеспеппін.

Сарагүлдің бойына тігіншілік, ісмерлік өнер нағашы әжесі Рабиғадан дарыпты. Рабиға әженің тоқыған алашасы, басқан киізі, текеметке салған ою-өрнегі жұртшылықтың әлі жадында. Әжей алаша тоқығанда кішкентай Сарагүл жіп шиыршығын  қазыққа шалып,  жүгіріп жүретін. Осылайша киелі өнерге жастайынан көзі қанықты. Ол кездегі көрші-көлем бір-біріне ағайыннан артық қатысатын. Әсіресе, киіз басқан күн мерекеден еш кем түспейтін. Өңшең апалар бас құрап, киіз басуға көмекке келеді. Жарасымды әзілдескен қалпы бар тірлікті тындырушы еді. Рабиға қардай аппақ киізге түрлі ою-өрнек салғанда Сарагүлге дүниеде нағашы әжесінен асқан мықты адам жоқтай сезілетін. Тамсана түсіп, өзі де осындай шебер болсам деп армандайтын. Міне, сол  әжесі  қазір 80 жасқа келді. Аллаға шүкір, әлі ширақ. Көзінің қарашығындай  жалғыз ұлы Өтебай мен келіні Майра мінсіз  қызмет жасап, мәпелеп  бағып-қағып отыр.

Сарагүлдің мектеп қабырға­сындағы оқу үлгерімі жақсы болды. Мұнан соң Ақтөбедегі Жұбанов атындағы университеттің физика-математика факультетін тәмамдаған жас маман өзі оқыған № 62 мектепте информатика пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Бұрынғы үздік шәкіртін ұстаздары да жақсы ықыласпен қарсы алды. Арада жылдар жылжыды.

Кейін  кәсіпкерлік жолға бет бұр­ды. Бұған дейін анасы Үйтолған  апай үйден көрпе-төсек тігіп, кәсіп жасайтын. Ол кісі әзірлеген ұзатылған  қыздарға арналған жасау-жабдықтар жанарыңды арбайтын. Сапалы да сәнді бұйымдарға сұраныс та жоғары.

Сарагүл осы кәсіпті дамытуды қолға алды. Жеке қаражатына  тігін цехын ашты. Айтпақшы, Сарагүлдің жолдасы Серікбай Саянов та – ауданға танымал кәсіпкер. Қазіргі таңда «Ханшайым» аталатын тігін цехын Сарагүл басқарады. Цехтағы талапқа сай өнім дайындайтын, тігін машиналарын шын мәнісіндегі шеберлер иеленген. Бұл тұрғыда Сарагүлдің ұжымының шоқтығы биік.

«Ханшайым» тігін цехы тапсырыс­пен қонақ көрпе, құс жастық, матадан жасалған жұмсақ сандық, кәде-сый салатын қоржын, дорба, қыз жасауына кіретін бұйымдар, бесік жасауы, шымылдық, төсек жапқыш, қазақы көйлек, жеңсіз, кәжекей, т.б. дайындайды. Әрине, табыс оңайлықпен келмесі белгілі. Кәсіп жолында кездескен кейбір кедергілер жүре-бара түзелетіні анық. Бұған Сарагүл Құлбаеваның сенімі кәміл. Ал сенім жетістікке жетелейді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<