Құндылықты қастерлеген көрме

359

0

Ұлт құндылығын қайта жаңғыртқан Амал мерекесінде облыс орталығына республиканың «темірге тіл, жаңқаға жан бітіретін» қолөнер шеберлері жиылды. «Қобыз үні» атты көрмені облыс әкімдігінің қолдауымен, «Arai sity mall» сауда орны және «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығы ұйымдастырған.

Есті ел ерекшелігін ескеріп, барын бағалайтыны рас. Көрмеге аймақтағы барлық аудандармен қатар Алматыдан Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер шеберлер орталығы, Түркістан өңірі, Сарығаш ауданынан  темірден түйін түйген ұста, зергерлер қатысты. Он сан ою жиылып, бедерленген бұйымдар ұлт мәдениетінен, болмысынан хабар беретіні рас. Көрмеде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес мәдени шараның маңызы туралы айтты.

– Қауышу күні – ата-бабадан қалған төл мерекеміздің бірі. Қыстан төрт көзі түгел шыққан халқымыз бір-бірін «Амал келді! Жыл келді! Жаңа жасыңмен!» деп төс қағыстырып, құттықтаған. Бұл мереке қазір еліміздің батыс өңіріне тән дегенімізбен, оның түп-тамырында тұтас қазақтың танымдық тарихы жатқанын ұмытпағанымыз жөн. Ал, кешегі қиын-қыстау заманда жігінен ажырап қала жаздап, ел ішіндегі шебер жандардың арқасында бүгінге аман жеткен қолөнерімізді дәріптеп, ұсынып жатқан қолөнершілерге ризашылық білдіреміз, – деді ол.

Қауышу жоралғысынан басталған көрмеде ұлттық ән мен күй қалықтап, қала тұрғындары «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының ұлттық киімдер шеруін де тамашалады. Орталық бүгінде мерекелік киімдерден бөлек, мемлекеттік қызметкерлерге ұлттық киім үлгілерін ұсынуымен де танымал. 

Сондай-ақ, шарада еліміздің әр өңірінен келген қолөнершілердің бұйымдары сынға түсіп, сарапқа салынды. Бас бәйге мал терісі, былғарыдан сәнді де сапалы дүние дайындайтын Шымкент қаласынан келген Берік Бейсбековке табысталды. Ал өзге шеберлер арнайы орындардың жүлдесін еншілеп, ынталандыру сыйлығына ие болды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<