ҚОЛӨНЕРДІ ДӘРІПТЕУШІ ХАЛИДА

696

0

Іске икемді бүгінгі кейіпкеріміз Халида Ақтілекқызы бабадан қалған қолөнерді дәріптеп жүр. Небір киім, бұйым, қыз жасауын көпшіліктің сұранысына сай түрлендіріп дайындауға дағдыланған.

– Бала күнімнен өнерге жақын болдым. Бисерден әртүрлі бұйым жасай бастағанымда ата-анам, достарым «бәрекелді» десті. Осылайша шығармашылыққа жақын екенімді түсіндім. Бірақ экономист мамандығында оқыдым. Сонда да сабақ пен өнерді қатар алып жүретінмін. Біртіндеп ұлттық нақышта киім тігуді үйрендім. Алдыма мақсат қойдым, соған жету жолында еңбектеніп жүрмін, – дейді шебер.

Халида бүгінде өнерді табыс көзіне айналдырған. Бүгінде ол жеке кәсіппен айналысады. Сондай-ақ, шеберлік сағатын ұйымдастырып, ниет білдірген қыз-келіншектерге киім тігу әдістерін үйретеді.

– Әлеуметтік желідегі ұсыныстарға байланысты білгенімді басқалармен бөлісейін деп шештім. Бірқатар шәкіртім өз топтамаларымен тапсырыс берушілердің көңілінен шығып үлгерді. Бұл – мен үшін үлкен жетістік, – дейді қолөнерші.

Кейіпкеріміздің айтуынша, тапсырыстың көпшілігі Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан облысынан түседі екен. Шебердің ендігі ойы – мемлекет қолдауына жүгініп, кәсібін өрге домалату.

 

Маржан НҰРХАНҚЫЗЫ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің студенті. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<