САУДА ЖЕЛІСІНІҢ ТӨРТІНШІ ОРТАЛЫҒЫ

286

0

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қалада «Small» сауда желісінің төртінші орталығы ашылды.

Шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысып, тәуелсіз елдің дамуына кәсіпкер азаматтардың қосқан үлесі зор екенін атап айтты.  Облысымыздың кәсіпкерлікті дамыту бойынша үздік аймақ атанып, Елбасы марапатына ие болғанын тілге тиек еткен өңір басшысы уақыт талабына сай жаңа сауда орталығының ашылуымен барша сырбойылықтарды құттықтады.

– Кезінде нарықты игеруді ашық базарда бастадық. Ал ХХІ ғасыр талабына сәйкес жылы да жарық, кең, көпшілікке ыңғайлы сауда орталықтары іске қосылды. Сондықтан көшеде тұрып сауда жасаудың заманы өтті, осындай нысандардың іске қосылғаны біз үшін өте қажет және уақыт талабы,– деді облыс әкімі.

 «Small» сауда орталығының жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды, 12 мың тауар түрлерімен қамтылған және, бір атап айтарлығы, 135 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл өңірдегі кәсіпкерлікке жасалған жағдайдың жемісі екенін де атап өтуіміз керек.

– Елдің көкейтесті мәселесін шешудің екі ғана жолы бар. Бірі- мемлекет, екіншісі – кәсіпкерлер арқылы. Біз 2018-2020 жылдарды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияладық. Биылғы жылдың өзінде республикалық, облыстық бюджеттен, екінші деңгейлі банктен, халықаралық және отандық қорлардан 32 млрд теңге қаржыны кәсіпкерлікті қолдауға жұмсап отырмыз, – деген аймақ басшысы бұл мақсатта атқарылған жұмыстың нәтижелі екенін атап айтты.

Халыққа сапалы қызмет көрсетуді мақсат еткен сауда орталығы алғашқы жұмыс күнін бастап та кетті. Жылы да кең, көпшілікке ыңғайлы сауда орталығына келушілер де дән риза.

– Бүгін төртінші сауда орталығын іске қостық. Мұнда халыққа сапалы өнім ұсынуға барлық жағдай жасалған. Көкөніс сақтайтын, шұжық өнімдеріне арналған тоңазытқышты бөлімдер бар. Бағасы арзан, екі апта сайын жеңілдік акцияларын ұйымдастырамыз, – дейді «Small» сауда желісінің облыс бойынша филиалы директоры Гүлмира Төлекова.

 Қала тұрғыны Сәуле Алмаханова үшін бұл сауда желісінің орны бөлек. Себебі, өзі 10 жылдан бері «Small» сауда желісінің бірінші орталығында кондитер болып жұмыс істейді.

– Талай адамға тұрақты жұмыс көзі болған сауда желісінің бүгін тағы бір нысанға көбейгені үлкен қуаныш. Себебі, халық сауда мәдениетіне үйренді. Бағасы да қымбат емес, – дейді ол.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылған сауда орталығы – қарапайым халық үшін баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің бір қадамы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<