Сәулет пен дәулет салтанаты

576

0

әуелсіздік алғалы еліміздің барлық өңірлерінде заманауи талаптарға сай құрылыс кешендері көбейіп, егемен еліміздің көркейіп-көріктенуіне үлес қосуда. Аймақтың айбынын арттырып, әулетіне сән қосып, өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда сала мамандарының зор үлесі бар.

Соңғы жылдары республикада, оның ішінде Сыр өңірінде құ­ры­лыс саласы қарқынды дамуда. Сәулеті мен сәні келіскен әсем ғи­мараттарда қолтаңбасы қалған Сыр құрылысшыларының кәсіби ме­рекесі 75 жылдық мерейтоймен тұс­­па-тұс келіп отыр. Н.Бекежанов атын­дағы драма театрда облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов сала мамандарын құттықтап, үздіктерді марапаттады.

– Құрылыс индустриясы – эко­но­миканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақ­тылығы осы саланың дамуына тікелей байланысты. Бүгінде өңірімізде құрылыс индустриясы қарқынды дамып, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік әлеуетінің артуына айрықша ықпал етіп келеді. Құрылыс саласының өркендеуін облыс орталығы Қызылорда қаласы аумағының  өсуінен, аудан орталықтары, ауылдар мен елді мекендердегі әлеуметтік обьектілер мен тұрғын үй құрылыстарынан, салынған жолдардан байқауға болады. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар қауымының еңбегі ерен. Аймағымыздағы ірі жобалар құрылысшылардың табандылығының арқасында жүзеге асырылды. Заманауи мектептердің бой түзеуі, спорт кешендерінің салынуы, жылдар бойы армандап келген  жолдардың ауылдарға дейін жетуі – құрылысшылардың күн-түн демей атқарған еңбегінің нәтижесі. Сыр жұртшылығы атынан барша құрылысшыларға алғысымды білдіремін,– деді облыс әкімі.

Биылғы жылы 4 әлеуметтік нысан ел игілігіне беріледі. Тағы 23-нің құрылысы жүргізілуде. Соңғы 6 жылда тұрғын үйді пайдалану көлемі 2,5 есеге артты. Осы уақыт аралығында қаламызда жаңа 10 шағын аудан, 5 тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, 8 мыңға жуық адам жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы және инженерлік коммуникациялық инфра­құрылымды дамытуға респуб­ликалық бюджеттен 12,9 млрд теңге бөлінді. Жалпы бағдарлама аясында биыл облыс көлемінде барлық қаржыландыру көздерінен 1862 пәтерді құрайтын 43 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда.

– Сәулеті мен дәулеті келіскен Сыр­дарияның сол жағалауында жаңа қала бой түзеп келеді. Бірқатар нысан пайдалануға берілді. Ондағы жаңа үйлердің басым бөлігі қазақы ою-өрнекпен бедерленіп салынды. Қыркүйек айында «Болашақ» университетінің құрылысы аяқ­талады.

Өздеріңізге белгілі, биыл Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан кейін, қалпына келтіру жұмыстарына, сондай-ақ, Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан Шығыс моншасының құрылысына Сыр құрылысшылары да зор үлес қосуда. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мырза да көршілес өңір тұрғындары атынан ыстық лебіздері мен құттықтауларын жолдады,– деді аймақ басшысы.

Мұнан кейін сахна төрінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының негізінің қалануына 75 жыл толуына орай «Құрылысы қарышты Қызылорда» атты тарихи-танымдық кітаптың тұсаукесері  өтті. Оның лентасын қию құрметі облыс әкімі мен сала ардагері Нұрлыбай Нысанбаевқа берілді. Кітаптың авторлары – ардагер Қабдеш Шағыров және басқарма басшысы Мұхамедиса Әлсеріков. Тарихи-танымдық дүниеде 75 жыл ішіндегі Сыр елі құрылысының қалыптасу, даму тарихы мен бүгінгі қарқыны архив, баспасөз құжаттары мен естеліктер негізінде жазылған. Онда өңірдің даму тарихы, Қызылорда су торабы, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын материалдар фабрикасы секілді ХХ ғасырдың алып құрылыстары, соның басы-қасында жүрген ардақты ардагерлердің естеліктері мен өмірбаяндарынан мәліметтер де бар. Сонымен қатар, ірі құрылыс мекемелері, пайдалануға берілген әсем де заманауи әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қала, құрылыс басқар­масына басшылық жасаған басшылар, облыстың құр­метті құрылысшылары мен сәулетшілері туралы ақпарат­тармен танысуға болады.

Құрылысшы – ең ауыр, жауапкершілігі зор маман­дық­тардың бірі. Олардың қол­таңбасы қалған  зәулім ғи­мараттар мен әлеуметтік нысандар қалың жұртшылықтың игілігіне айналуда әрі ел дәулетінің еселеп артуына ықпал етуде. Бүгінгі кәсіби мейрам күні осындай майталман мамандарға облыстың «Құрмет грамотасы», облыс әкімінің «Алғыс хаты», 75 жылдыққа арналған төсбелгі, «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» төсбелгісі, «Қызылорда облысының құ­рылыс саласының ардагері» мерекелік белгісі, «Сыр құрылысына –75 жыл» номинациясы табысталды.

Шара соңы өнерпаздардың концертіне ұласты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<