Төменгі күнкөріс деңгейі 70 процентке көтеріледі

393

0

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдау шараларын күшейту керек. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға деген көмек барынша сезілуі шарт. Бұл – Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезіндегі тапсырмасы. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев осы тапсырманы орындау барысында атқарылып жатқан бастамалар жайын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тарқатып айтты.
– 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік кө­мек көрсету критерийі ең тө­менгі күнкөріс деңгейінің 50 процентінен 70 процентке, яғни 14849 теңгеден 20789 тең­геге дейін көтеріледі. Оны таға­йын­даған кезде отбасының жиын­тық табысынан көпбалалы отба­сы­ларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы ана­ларға төленетін мемлекеттік жәр­дем­ақылар, сондай-ақ, бала­ларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, стипендия алынып тасталады. Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасылардың балаларына 18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады, – деді басқарма басшысы.
Спикер сұратылатын құ­жат­тарды оңтайландыру ар­қы­лы атау­лы әлеуметтік көмек таға­йын­дау рәсімі жеңіл­де­ті­ле­тінін де жеткізді. Бұл үшін Е-халық ақпараттық жүйесі қолданылмақ. Ақпараттық жү­йе­­лерде тиісті мәліметтер, туу туралы куәлік, жеке куәлік бол­маған жағдайда халықты жұ­мыс­пен қамту ор­та­лықтары немесе ауылдық округ­тердің және кенттердің әкім­діктері тиісті мемлекеттік орган­дардан қажетті құжаттарды сұратып алдырады. Нәтижесінде облыс бойынша атаулы әлеу­мет­тік көмекпен қамтылатын адам­дардың саны 2 есеге, 34312 адамнан 60862 адамға дейін артады деп күтілуде.
Жиын барысында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыс ­бойынша департаментінің ­басшысы Төреах­мет Жолымбетов мүге­дек балаларды тәрбиелеп отыр­ған  ата-аналарға немесе қамқоршыға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәр­дем­ақы мөлшері 30 процентке кө­бейетінін айтты. Осыған орай өңірде 4925 адамның алатын жәрдемақы мөлшері 1 шілдеден бастап 41578 теңге болатынына тоқталды. Сонымен қатар Президенттің кезекті Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалып­тастыруға зор мән берілуі тиіс» деген тап­сырмасына да ерекше ден қойыл­ғанын, жақын арада департамент облыстық мү­ге­дектер қоғамымен өзара ын­тымақтастық туралы ме­мо­рандумға қол қоятынын атап өтті.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<