Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі 5 сәуірде Қызылорда облысында жалғасын табады.
«2017 жылы Алматыдан бастау алған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көрме жобасы Елбасы кітапханасы қызметінде орны ерекше. Оның бастамашысы әрі идеялық дем берушісі – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков.Екі жарым жылдың ішінде көшпелі көрме Шымкент қаласында, Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарын аралады. Ал, екі күннен соң, 5 сәуірде Қызылорда облысы тұрғындарының назарына семинарлар ұсынылмақ, 8 сәуір күні Қызылорда қаласында көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтеді», – деп мәлімдеді Елбасы Кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.
Айтуынша, көшпелі жоба көрмемен ғана шектелмейді. Ол аймақтық кәсіби сессия, тақырыптық және шолу экскурсиялары, шеберлік сыныптары, семинар-тренингтер, сондай-ақ алыс және жақын шет ел ғалымдардың қатысуымен өтетін халықаралық ғылыми конференциялардан тұратын ауқымды іс-шараларды қамтиды.
«Ең маңыздысы, біз тек үлкен қалаларда жәдігерлерді көрсетумен шектелмейміз. Бірегей топтамаларды көптеген шаралар өтетін аудан орталықтарында да өткіземіз. Басты идея – ауылдықтарға осы білімді жеткізу. Мемлекетіміздің күрделі жолы туралы айту: өткен ғасырдың 90-жылдарындағы бос азық-түлік сөрелерінен қазіргі орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуға дейін», – деп атап өтті Ә. Рахымжанов.
Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету.
Бұл жобаның аясында еліміздің әр аймағы мыңға жуық жәдігермен, атап айтқанда, Елбасы кітапханасындағы архив, кітапхана, музей қорларының материалдарымен танысады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<