Жаңа қоныстағы жарқын сәт

336

0

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа нысандарды пайдалануға беру рәсіміне қатысты.

Қызылорда қаласының даму жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауында көлемі 1500 гектарға жаңа қала салу қолға алынған болатын. Сол жағалауды игерудің алғашқы қадамы 2016 жылы дарияның екі жағалауын байланыстыратын көпірден басталды. Жаңа қалада бұған дейін «Рухани жаңғыру» орталығы мен Қызылорда қаласы тарихы музейі ғимараты, көпқабатты үй­лер ел игілігіне берілсе, жаңа оқу жылынан бастап «Бола­шақ» университетінің кам­пу­сын­да студенттер білім алуда.

Енді жаңа нысандар қатарын 320 орындық «Ханшайым ана» бөбекжайы мен 220 отбасына арналған 4 тұрғын үй толықтырды.

– «Ел боламын десең, бе­сігіңді түзе» деген мағы­на­сы тереңде жатқан сөз хал­қымыздың ұрпақ тәрбиесіне қаншалықты мән бергенін аңғартса керек. Өскелең ұрпақ үшін салынған инвестиция – болашағымыздың жарқын кепілі. Бұл мақсатта мем­лекеттік-жекешелік әріптес­тік­тің ықпалы зор. Қазіргі таңда облыста жекеменшік балақшалардың үлесі 72 процентті құрайды, – деді облыс әкімі.

Жаңа бөбекжай  да мем­ле­кеттік-жекеменшік әріптестік не­гізінде салынған. Жоба құны – 874,6 млн теңге. Үш қа­батты 320 орынға арналған балабақшада 16 топ болса, әр топқа 20 бүлдіршін қам­тыл­ған.  Заман талабына сай жаб­дық­талған ғимаратты  жер­гілікті «Абу-Сер» компаниясы салған.

Балабақша заманауи үл­гіде жабдықталған. Мұнда бүл­діршіндерді қабілетіне қарай бейімдейтін үйірмелер де көп. Шахмат, хореография, робототехника, бейнелеу өнері және тағы басқа үйірмелер кішкентайлардың бойындағы қабілет-қарымын ашуға сеп­тігін тигізбек.

Балабақшаға еңбек ардагері Қамар Рүстемов немере-шөбе­релерін ертіп әкеліпті. Жиналған көпшілікке батасын берген ақсақал бүгін­гі ұрпақтың осындай зәу­лім де жайлы ғимаратта тәрбиеленетініне дән риза.

Сәні мен сәулеті келіскен балабақшаға кішкентайларын ертіп әкелген ата-аналар көп.  Соның бірі – Гүл­бану Елемесова. Өзі де жаңа бала­бақшаға тәрбиеші болып орналасқан. Жақында сол жағалаудан «Орда» бағдар­ла­масымен баспанаға ие болған.  Жаңа қаладағы  қос қуанышы бүлдіршінінің балабақша та­бал­дырығын аттауымен еселене түсті.

– Отбасымыздағы үлкен өз­­ге­рістер жаңа қоныспен бай­ла­­­нысты. Ең әуелі баспа­налы болдық. Үйіме жақын ба­ла­­­бақшаға тәрбиеші болып жұ­мысқа орналас­тым, ен­ді кіш­­­кен­тайлар да осында тәрбие­ленеді.

Балаларымыздың заман талабына сай бала­бақ­шаға қабылданып, түрлі үйірмелерден өнер үйре­неті­ніне қуаныштымын, – дейді Г.Елемесова.

Қала күні қарсаңында жаңа қоныстағы мереке мұ­нымен аяқталған жоқ. Бұл күні  барлығы 220 пә­терлі 5 қабатты 4 тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұр­ғындар тағы бір қуанышқа кенелді. Үйлердің құрылысын «Авангард», «Бақ-Береке», «Аман-Құрылыс», «Интегрострой» компаниялары жүр­гізген. Жаңа баспанадан тыл және Ауған соғысының ардагерлеріне және ата-ана­сының қамқорлығынсыз қал­ған жас­тарға, ІІ топ мүгедек­теріне пәтер кілті табысталды.

Тұрғындарды құттықтаған аймақ басшысы соңғы жылдары қаламызда 15 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болғанын атап өтті. Сондай-ақ, «Баламекен» жобасы аясында облыс әкімдігі мен кәсіпкер «Болат Өтемұратов қоры» қаржысымен 150 тұрмысы төмен көпбалалы отбасы бас­паналы болды. Бүгінде сол жағалауда 50 пәтерлік 25 тұрғын үйдің құрылысы жүруде.

Гүлмира Ділдәбекова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<