ЖАСТАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АНЫҚТАЙДЫ

318

0

Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі «Нұр Отан» партиясы алаңында талқыланды.
Қызылордалықтар 2015 жылы республикада алғаш болып, ЮНИСЕФ балалар қорымен бірлесіп, «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенция­сы» пилоттық жобасын енгізген. Партияның облыстық филиалында өткен жиында жоба аясындағы жұмыстарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова жан-жақты айтып өтті.
Пилоттық жобаны өңірде «Bilim Foundation» қоғамдық қоры іске асырып келеді. Өткен жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 50 млн теңге қаралса, биыл 66 млн теңге бөлінген. Жоба аясында педагог мамандар мен ата-аналар оқу курстарынан өткен.
– Жоба аясында облыс бойынша 811 педагог-психолог, өзін-өзі тану пәні мұғалімдері «Терапевтік альянс ортасын құру» курсынан өтті. Сонымен қатар, облыстағы 39 092 ата-анаға «суицид сақшылары» курсы оқытылып, нәтижесінде 21 жасөспірімді суицидтен аман алып қалуға қол жеткізілді. Осы орайда, 2018-2019 оқу жылы облысымызда ата-аналарының келісімімен 15-17 жас аралығындағы 45 486 жасөспірім арасында сауалнама жүргізіліп, 780 бала «тәуекел» тобына алынды. Биылғы жылы «Bilim foundation» қоғамдық қоры аймақта жасанды интеллект арқылы «Әлеуметтік желідегі жастардың жан күйзелісін анықтау мониторингі» пилоттық жобасын тегін енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, Facebook, Instagram, Vkontakte, Twitter, mail.ru секілді әлеуметтік желілерде тіркелген жастардың күнделікті күйзеліс посттарын автоматты түрде анықтап, психологтардың жұмыс ауқымын оңтайландыратын болады, – деді Ақзира Қасымова.
Өңірде қордың үйлестіруімен жасөспірімдерден алынатын сауал­намалар цифрландырылып, on-line негізде жүргізілуде. Қазір бұл жүйе Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданына толық енгізілген. Атқарылған жұмыстардың ауқымдылығына қарамастан облыста өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында 13 суицид фактісі тіркелген. Мамандар мұндай қадамға негізінен әлеуметтік-материалдық жағдайдың төмендігі, ата-ана­ларының ажырасқандығы, ата-ана мен бала арасындағы кикілжің себеп болғандығын көрсетті.
Жиында «Облыстық жас­тар ресурстық орталығы» КММ бөлімі басшысы Жасұлан Тасабаев хабарлама жасап, орталық тарапынан жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстылық іс-әрекеттердің алдын алу бағы­тындағы атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, 2019 жылға жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстылық іс-әрекеттердің алдын алуға бағытталған желілік кесте бекітілген. Қазіргі таңда кестеге сәйкес айына бір рет қоғамдық рейд және қалаға қарасты елді мекендермен халық көп шоғырланған орындарда қоғамдық қабылдау, кеңес беру шаралары ұйымдастырылуда.
Жалпы жиын барысында мектеп оқушыларының қылмысы, ата-ана­ның бала тәрбиесіндегі орны секілді мәселелер талқыланып, түрлі ұсыныстар айтылып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту жөніндегі шешімдер қабылданды.
Шынар БЕКБАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<