
Аз қамтылған отбасыларды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қамтуды кеңейту үшін, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі күнкөрістің ең төменгі деңгейінің 70 процентіне дейін артады (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін). Осылайша облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 2 есеге артып, 60,8 мың адамға жетеді. Бүгінде сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы көмекті тағайындау процедурасы жеңілдетілді. Егер ақпараттық жүйелерде ақпарат болмаса, жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтер мен елді мекендердің әкімдері тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратады. Жұмыс «Е-халық» ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
Бюджет нақтыланғаннан кейін жергілікті деңгейде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы мектеп жасындағы балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруі, киім-кешекпен қамтамасыз етілуі, бір мезгіл тамақтану рационының сапасын күшейту, жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалуы, балабақшамен тегін қамтамасыз ету мәселелері шешілетін болады.
«СБ» ақпарат.