Жылу маусымы жақын әйтсе де халық көмір сатып алуға асығар емес

285

0

Тура бір айдан кейін жылу маусымы басталады. Аймақтағы арнайы нысандарды жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Марат Делмұханов айтты.

Бүгінде коммуналдық кәсіп­орындар мен әлеуметтік нысандарда жылу маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүріп жатыр.

– Оның ішінде «Қызылорда­жылуэлектр­орталығында» – 99, Қызылорда электр тарату тораптары компаниясында – 95, «Қызылорда су жүйесі» мекемесінде 100 процентке орындалды, – деді М.Делмұханов.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасының басшысы Медет Усаин Қызылорда қаласының Белкөл кентіндегі казандықты табиғи газға ауыстыруға қам жасалып жат­қанын жеткізді. Ол үшін 183 млн теңге бөлінген.

Өңірдегі әлеуметтік нысан­дарға жылдық жоспар бо­йынша 37 мың тонна көмір, 22 мың тонна дизель отыны керек. Белгіленген мекемелер қазір соны біртіндеп жеткізуде. Қоймада қажетті көмірдің әзірге – 92, сұйық отынның 90 проценті бар. Облыстағы 31 қабылдау пунктінде көмір 13-16 мың теңге аралығында саудаланып жатыр.

– Алайда, халық оны сатып алуға асығар емес. Жылдағы әдетпен күн суыған кезде ғана қимылдаған жағдайда кезек көбейіп, қиындық туындауы мүмкін. Сондықтан қыстың қамына осы бастан кіріскен жөн, – деді басқарма басшысы.

Ал жылу бағасы жыл аяғына дейін өз­гер­мейді. Облыстық табиғи монополия­ларды реттеу және бәсекелестікті қорғау депар­тамен­тінің басшысы Гүлмира Өте­гено­ва брифингте биыл қыркүйекте тариф өт­кен жылғыдан 1,2 процентке төмен­дегенін, әлі де осы қалыпта болатынын айтты.

Назерке Саниязова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<