Жолаушының жан сыры

512

0

Фото: ашық дереккөз

Адам түрлі жағдаймен жолаушылап жолға шығады, ерікті, еріксіз, саяхаттап не мәжбүрлі түрде. Бұрынғылардан қалған сөз бар «пенде үйінен қырық қадам алыстаса мүсәпір» деген. «Мусафир» филология ғылымының анықтауынша, қазақ жеріне ислам дінінің келуімен бірге еніп кеткен он алты мың араб сөзінің бірі, аудармасы – жолаушы.

Ертеректе ел-жұрт әлі инфрақұрылым, коммуникациялық жүйе дегеннен жұрдай, кебісін сүйретіп, белін буып, түйіншегін арқалап жолға шығатын кезде қолданылған мүсәпір сөзі бұл атауға толық сәйкес келетін. Ал қазір олай айту артықтау болатын сияқты. Өйткені жол жүрем десең көліктің, жер жүзінен хабар алам десең байланыстың барлық түрі қолжетімді. Қарның ашса қалаған жерден, қалаған тамағыңды дайындап бере қояды. Көрсетілетін қызмет қалтаңның қалың-жұқалығына тікелей байланысты. Қандай жағдаймен жолға шықсаң да, ойға алған мақсатың орындалып жатса көңілің көтеріледі, еңсеңді езіп уайымға салған шаруаң шешіліп жатса қанаттанып қайтасың. Тіпті олай болмаған күннің өзінде ұққан адам ұтылдым деп есептемейді, сан алуан адамдармен кездесесің, сөйлесіп пікір алысасың, жақсыны, жаманды көресің, үйренесің, жиренесің, қысқасы, көкірек сарайың кеңиді.

2005 жылы  денсаулық жағдайымен Алматы қаласына жолға шықтым. Түн ортасы ауа мінгесін орныма жайғасып демалуға кірістім. Кештеу жатқасын кештеу оянсам, көршілерім таңғы шайды орталап қалыпты. Амандасып болып жуынып-шайынып алғасын көршілерімнің қолқалауымен шайға отырдым. Қысқаша ғана аты-жөнімізді, жол сапарымыз тұрғысында танысып-білістік. Екеуі менің ізімді қуып жүрген, сәл кішілігі бар Оралдан Жамбылға бара жатқан ерлі-зайыптылар да, үшіншісі – сөзге сараңдау, шамамен сексеннің айналасындағы, қуатты екені көз жанарынан да, дене бітімінен де байқалып тұрған ақтөбелік қарт кісі. Ақсақал Қызылордаға жақындағаннан бастап терезеден басқа жаққа мойын бұрмай, көзі жасаурап, мүлде үнсіз отырды. Сыртта қалып жатқан шағын ауылдарға, жазық далаға, жалпы осы аймаққа байланысты бір тебіреніс, толқыныс бар сияқты. Ол кісінің көңіл күйіне қарап біз де ақырындап саябыр таптық. Қызылордада жиырма минуттай аялдап жүріп кеткесін, арада бір сағаттай уақыт өткенде алыстан мұнартып қарауытқан көлемділеу ауылды нұсқап, терезеге тесіле қарап отырған ақсақал шешіле сөйлеп қоя берді:

– Ано-оу көз ұшындағы ауылды көрдіңдер ме? 1927 жылы Қызылтаң деген сол ауылда дүние есігін ашыппын. Ауыл шетіндегі көпшілік қорымда әкем, анам, үш бауырым жатыр. Жол түсіп осылай өткен-кеткенде білетін дұғамды бағыштап тұрамын, араға жылдар салсам да, арнайылап зиярат етемін.

Қайран әкем, Бұқарадан діни білім алған, аймаққа белгілі, өте сауатты кісі еді. Жақын маңайда дәл менің әкемдей білімді адам болған жоқ және діни рәсімдерді орындағаны үшін соқыр тиын сұрамайтын.

Онсыз да мал шаруашылығымен айналысатын отбасымыздың тұрмыс-тіршілігі жаман болған жоқ. Ел іші аш-жалаңашқа толған ашаршылық нәубетінде де әке-шешемнің еңбекқорлығы, ысырапқа жаны қас ұсынақтығы арқасында ілдалдалап болса да отбасымыз түгел аман шықтық. Ата-анамыздан алған тәрбие дүниеден ертелеу кеткені бар, көзі тірі еліміздің әр түкпірінде тұратыны бар тоғызымызға өмірлік азық болды десем, артық айтпаған болар едім.

Әкем Кеңес үкіметі орнағанша үйіміздің кең бөлмесін мешітке айналдырып, бала оқытқан. Жаңа заман тұсындағы қысымға сәйкес бұл қызметін тоқтатуға мәжбүр болғанымен, сырт жерлерден арнайылап іздеп келгендерге ақы-пұлсыз дәріс берген.

1937 жылы ақыры ауылдағы әлдекімдердің нұсқауымен әкем ұсталып кетті. Тоғыз-он жастағы бала болсам да, әлі бүге-шігесіне дейін ұмытқаным жоқ. Қызылордаға алып кеткен әкемді ауылға қайта әкеліп мектеп қоймасына қамады. Ертеңіне анамды және үйелмелі-сүйелмелі төрт баласы – бізді екі милиционер мектеп үйіне алып келді. Тергеушінің алдында отырған, асқар тауға балап жүрген әкеміздің жүнжіп кеткен түрін көріп, кемсеңдей бастаған анамызға қосылып боздап қоя бердік. Тергеушінің түсі бала көңіліме жылы сияқты көрініп, аздап аяушылық дәметіп қалдым. Екі милиционерді сыртқа жұмсап жіберді де әкеме қарап: «Соңғы рет айтамын, балаларыңызды аяңыз, обалына қалмаңыз, ауыл адамдарынан түсінік алуды желеу етіп тергеу уақытын созып отырмын. Сіз мылтық ұңғысының қарауылында тұрсыз. Құдай атымен маған уәде беріңіз, бұл сіздің соңғы мүмкіндігіңіз» деді сыбырға жақын үнмен. Әкем көп қиналды, боздап отырған бізге қарап жан дүниесімен алысып отырғанын анам да, бала болсақ та біз де айқын сезіндік. Ақыр соңында тергеушіге уәдесін берді.

Кейінірек, есімді білгесін сұрағанымда әкем өзінен жауап алған тергеушінің де өзге алыс өңірден аты-жөнін ауыстырып бой тасалап келген діни сауатты адам екенін, сондықтан да әкемнің халіне түсіністікпен қарап, бұдан әрі ешкімге ешқашан дін білімін үйретпеуге, жасырып қалған діни кітаптарын жоюға уәде беруін аман қалудың жалғыз жолы ретінде нұсқағанын айтты. Шынында да одан кейін әкемнің жасырып намаз оқығаны болмаса, ешбір жанға діни дәріс бергенін көргенім жоқ. Тергеуден жасырып қалған толып жатқан кітаптарын да қайда жібергенін біле алмадық. Мүмкін балаларының дін жолына мойын бұрмайтынын сезген де шығар. Заманымның ыңғайымен соншалықты ынталы болмасам да, өмірлік ұстанымынан амалсыз бас тартуға мәжбүр болып өмірінің соңына дейін ұнжырғасы түсумен өткен әкемнің бір мезгіл көңіліне қараған болып маған аздап болса да үйретуін сұрағанымда, Құдай алдында тірі жанға үйретпеуге уәде бергенін айтып бас тартты.

Өзім де, бауырларым да жоғары білім алдық, мемлекеттік қызметте болдық. Бірақ шынымды айтсам, өз басым өмірдің кешкі мезгілінде ең қажетті де қимас нәрседен құр қалғандай күй кешудемін.

Өмірдерегін бір деммен айтып шыққан ақсақал әңгімесін аяқтаймын дегенше көзден ғайып болып көрінбей қалып кеткен туған ауылы жаққа мойын бұрып әлденелерді күбірлеумен ұзақ отырып қалды.

Әлімжан ҚИЯС,

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<