Әлемдегі Абай ескерткіштері

1159

0

Монументті салада Абай образын сомдау өткен ғасырдың 50-жылдарында бастау алды. Ақын ескерткіштерін жасау жобасына арнайы конкурс жарияланды. X.Е.Наурызбаев сомдаған еліміздің мәдениеті тарихында айшықты орын алған мүсін 1960 жылы Алматы қаласында ашылған Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш болатын. Ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланған. Сәтті сомдалған Ұлы Абай бейнесі қала сәулетімен үндесіп, ақынның шыққан биігін символдық тұрғыдан асқақтата бейнелей алған.

Абай ескерткіші – Семей қаласының да көрікті жерлерінің бірі. 1972 жылы мұнда Абай алаңында Абай ескерткіші ашылды. Бүгінде ақын тұлғасы Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде монументальды скульптура тарихында айрықша орын алатын өнер туындыларына айналған.

Айталық, ақынның 160 жылдық мерейтойында Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында Қазақстан елшілігі маңайында ұлы ақынның тұлғасын сомдаған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің екі жағына Тянь – Шань бөктерінен жеті қарағай орналастырылған. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші М.Айнеков, дизайнер Т.Сүлейменов, суретші Э.Дробицкий, сәулетші В.Романенко.

2010 жылы Астанадағы Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында орналасқан Туризм және спорт министрлігінің алдында хакім Абайдың айшықты ескерткіші бой көтерді. Жаңа ескерткіш стилобаттан, тұғыр мен мүсіннен тұрады. Оның жалпы биіктігі 14 метрден асады. Жоба авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов.

2011 жылы Әзербайжанның Баку қаласында Баку мемлекеттік университетінде ақын Абай Құнанбайұлы атындағы орталық ашылып, сол жерге ұлы ойшылдың бюсті қойылды. Орталық мамандары ұлы ақынның шығармашылығын қазақ тілінен тікелей әзербайжан тіліне аударумен айналысады.

2013 жылы Ташкент қаласында ҚР елшілігінің жаңа ғимараты алдына Абайға арналған ескерткіш орнатылды. Ақын бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының дархан көңілі мен ұлы ойшылдың дана тұлғасы сомдаған ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Ескерткіш орнатылған Ташкенттегі Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің бірі де Абай атамыздың есімімен аталады.

2014 жылы Қытайдың Бейжің қаласында «Цзинтай» көркем музейінде Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылған. Мүсінші  Юань Сикунь. 2016 жылы Францияның Ренн қаласында қазақ ақынына бюст орнатылған. Абай Құнанбайұлының қола мүсіні Францияның Ренн қаласының Алматы бағында орнатылды. Алматы мен Ренн қаласы осыдан 25 жыл бұрын туыстас қала атанған. Ұлы һакімге орнатылған ескерткіш екі ел арасындағы достықты нығайтудағы маңызды кезең болып табылады.

2016 жылы Мысырдың Каир қаласында Абайдың бюсті орталық саябақтарының бірінде орнатылған. Мысыр астанасында Абайға ескерткіш қою – мегаполистің маңызды оқиғасы екенін және қазақ пен мысыр халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсетеді. Бюстке қаражатты мысырлық меценат Хусейн әл-Шафии шығарған. Ал мүсін авторы мысырдың танымал мүсіншісі Усама әл-Серуи. Ашылу салтанатында Абайдың қара сөздері мен өлеңдері араб тіліне тәржімаланған кітаптар таратылған.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<