Рух биігіндегі болмыс

1173

0

Қасиетті Қаратау мен сұлу Сырды тел еміп өскен әріптесіміз әрі ағамыз, облысқа ғана емес, республикаға қарымды қаламымен танылған жазушы-журналист Жақсылық Шайманұлы Рахматулланың жалған дүниеден көшкеніне де жылға жуықтады. Қыркүйектің 18-індегі жетпіс бесінші белесіне жетпей кетті.

Ол туған өлкесі, адам­дар­дың қарым-қатынасындағы қайшылықтар, ақ пен қара ал­масқан тірліктің түрлі бояуы туралы шырайлы шығармалар жазған қарымды қаламгер еді. Ойын мазалап, жүрегін тербеген тақырыпты Құдай берген дарын-талантымен ту­ын­дыға айналдырып,  сөз өне­­рінің  ауыр да азапты жо­лынан сүрінбей өтті. Бүгін­де әріптес-ұстаздың ізгі қасиет­терін еске алып, ризалық сезі­мімді, пе­йілімді білдіргім бар.

Қалам тартып, баспасөзге қатысып жүрген жерлестерім  үшін Жақсылықтың орны бө­лек еді. Облыстың бас газеті – «Сыр бойын», оған қоса Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының об­лыстағы өкілдігін басқар­ды. Осынша жауапты жұмыс­тар­ды атқара жүріп, бірнеше көр­кем хикаят, әңгіме, публицис­тикалық кітап жазды. Ізінен шәкірт ертті, біз секілді өнер мен өлеңге жақын адамдарға, журналистерге аға болды.

Өткен ғасырдың 1966 жылдары еді. Сол жылы Жа­ңақорған ауданы Шиеліден үшінші рет енші алып, өз алдына ірге көтерді. Маусым айынан бастап аудандық «Ком­мунизм жолы» (қазіргі «Жа­ңақорған тынысы»)  га­зеті шыға бастады. Оның ал­ғашқы редакторы болып та­лантты журналист, ұйым­дас­тырушы Мырқы Исаев қыз­мет атқарды. Бұл тұста жаңа ұжымда жауапты хат­шы Әбділдә Жаңабеков, ре­дактор орынбасары Қалжан Ысмайылов, хат бөлімінде Үмітай Өміртаева, ауыл шар­уа­шылығы бөлімінде Ай­дархан Бибасаров еңбек етті. Жаңа  лектің қатарын  Жақ­сылық Рахматуллаев (ол кезде осылай жазылатын) бастаған Бақтыбай Айнабеков, Оңал­бай Садықов, Төлеуғали Отар­баев, Сәйдін Қожаев, Тұ­марбай Жаненов, Ыдырыс Дәрібаев, Әкім Мейірбеков, Үсен Әбшенов, Қуат Ораз­баев, Құдайберген Ертасов, Пахмаддин Айнахожаев то­лықтырды. Газеттің бас­шы­лығын Мырқы ағамыздан соң Адырбек Сопыбеков, Құдабай Ертаев, Айдархан Бибасаров қолға алды. Аудандық газет тарихында олардың қолының ізі, жүрек жылуы, елге деген қызметтерінің белгісі қалды.

1966 жылдың шілдесінде он бір жылдық мектепті бі­тірісімен аудандық газетке әдеби қызметкер болып қа­был­дандым. Бізден екі жыл бұрын мектеп бітірген  Жақаң – Жақсылық газетте жұ­мыс істейтін. Мектептегі әде­биет үйірмесіне үзбей қа­тысып жүргендіктен, оны жақсы білетінмін. Ол жыл­дары өлеңімен танылған Қор­жыбай Кемелбеков, Көбей Өтежанов, Сейсен Мұхтаров, сазгер-ұстаз  Нағызхан Жа­манбаевпен жас болсақ та, шы­ғармашылыққа жақындық  бір-бірімізді тез табыстырған-тын. Сол тұста газет жан­рын терең меңгерген, өлең жазатын Жақаңды өз тұстас­тарынан көш биік көретінбіз. Аудан өмірін, сан салалы  ша­руа­ш­ылығын жақсы біле­тін ол қай тақырыпқа қалам тартса да, оқушысын елең еткізіп,  таңырқатпай қой­май­тын. Жазуға енді-енді машық­танған бала тілші бізге сол тұста Жақаң білгенін үйретіп,  ағадай тәрбиелеп,  қанатының астына алды.

Мектептен енді түлеген­дегі шикі тұстарымыз газет қа­бырғасында жүріп  шира­ды. Өмір көріп, адамның қа­дір-қасиетін ұғып, жақсы мен жаманды ажыраттық. Ап­тасына үш рет шығатын газеттің қазанында Жақаңмен бірге қайнап, бірге толыстық. Тағдыр жазып Жақсылықпен бірге жездесі Әбілдә Мұхта­ров­тың үйінде жастық ке­зең­нің біршама уақытын  өт­кізгеніміз бар. Ол тұста біз­дің әке-шешеміз Бірліктің Қауық елді мекенінде тұра­тын. Сол уақытта ақындар Адырбек, Бақтыбай, Әкім, Қуат, Орынбасар болып газет жанынан Жақаң бас­шы­лық жасайтын «Сыр пер­зенті» әдеби  бірлестігіне тұ­рақты қатысып, өлең-оқып,  әңгіме тыңдап, ой-пікір ай­тып,  өнердің жұмбақ сыр­ларына қанықтық. Бір­қата­­рының тыр­­­нақалды өлең­дерінің тұ­­сауы аудандық газетте  ке­­сілген еді. «Сыр пер­зентінен» сапары басталған Есенғали Раушанов, Жанат Ахмади, Жолтай Әлмашұлы, Жадыра Дәрібаева, Әбілхан Әбіласан, Ақмырза Құлтасов, Нұрмахан Елтай, Жұмабай Әбілов, Базарбай Исаев, Байбота Серікбаев, Нұртас Исабаев, Гүлзат Шойбекова, Оразбек Мақсұтұлы кейін әдебиетсүйер қауымға кеңінен танылды.

Жақаң аудандық газетте жүріп толысты, шығарма­шы­лыққа біржола бет бұрды. Қызметі өсті, газеттің  ауыл шаруашылығы бөлімін мең­герді. Сол кездегі КСРО Жур­налистер одағына мүше болды. ҚазМУ-дың журна­листика факультетін, Жо­ғары партия мектебін бі­тірді. Ауылдағы қайнаған тіршілікте жүріп биік бе­лестерден кө­рінген қарымды қаламгер тоқ­саныншы жылдардың ба­­сында «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетіне  басшылық жасады. Бас га­зеттің бас бапкері болып абы­ройлы қызмет атқарды.

Қаламгер үшін уақыт өлшем емес. Оның бар бай­лығы мен мұраты – оқушы ойын дөп басар шығарма тудыру. Осы бағытта өл­шеусіз еңбек етіп, бейнеті қайт­қан қаламгердің «Жа­лын», «Өнер», «Қайнар» бас­па­­лары­нан әр жылдарда шық­қан «Жа­нымның жарығы», «Алыс­тай берген ауылым», «Өмір самалы» аталатын көркем хикаяттары мен «Болашаққа сенім», «Жас­тықтың жанартаулары», «Ғұ­­мыр-дария», «Жібек жо­­лын­дағы жұлдыздар»,  «Тула­­ған тол­қындар» атты деректі очерктері мен публи­цисти­калық еңбектері бар. Қазақтың ел­дік ту­ын көтерген қалам қай­­­­раткерлеріне берілетін «Алаш» әдеби сыйлығын алды. Үздік деп табылған үр­кер­дей топта, елімізге белгілі шы­ғар­машылық иелерінің қа­­тарында Жақсылық Рахма­тул­ланың болғанына қуандық.

Ол прозада да, публицис­тикада да айтарын жеткізіп, өндіріп жазып кетті. Қай тақырыпта болмасын төсел­гені, әсіресе, ауылдың тір­шілік-тынысын боямасыз су­реттегені, тілінің шұрайы мен­мұндалайтын. Оқиғаны өрбітуі, ой айтуы, шытырман сәттерді шынайы көрсетуі оқушы ойын дөп басты. Көкейкесті проблема көтеріп, журналистер мұңын ашық айтуы, ұрпақ тәрбиесіне қа­тысты жанайқайы оның бұл саладағы еңбеккештігін та­ныт­ты.

«Адам ауруға да, тосыннан келген қиындықтарға да қарсы тұра алады. Егер оның рухы мықты болмаса, жаратылысында қайсарлық уыты болмаса, ол көрінген, кезіккен кедергіге, басына түскен ауыртпалыққа қарсы тұрар жігер-қайраты әлжуаз болса, онда әдепкі кездескен қиындықта шарт сынып, тағдырдың жазғанына не шара деп желдің ырығына бағына салады. Шыдамдылық, қа­жыр-қайрат пенденің бойында әрқалай, бірде күшті, бірде әлсіз. Мұндайда рухтың әлсіздігі адамның өмірін­дегі жайсыз, қолайсыз оқиға­лардың шырмауына түсіп, өмірдің тәттісінен гөрі ащы дәмін көбірек татқан, сөйтіп ой мен санасын  өкініш,  уайым,  қайғы  меңзеп  алған  жандарда  көбірек  білінетін шығар  ме­нің­ше» деп толғаныпты ол «Рухтың оралуы» хикая­тын­да. Тағдырдың  шырғалаң­дарына  қарсылық  етер  рух­ты осалдатқан пенде тірлік­тің жақсылығы мен жаман­ды­ғын ажырата білмей қор бо­латынын айтыпты. Рас-ау, деп ойға баттым. 

Адамның жүрген жолында белгі қалмаса, өткеннің бәрі жалған. Жақаңның  соңында сөз қалды, игі ісі қалды. Қа­ламгердің жүрек кілтін ашатын жылы сөздері, үлкенге құрметі, кішіге қамқорлығы туралы әлі талай айтылады, жазылады деп ойлаймын. Уақыт өте келе оның мұра­ларына қайта үңіліп,  жазу-сызу өнерінің үлгісіне ай­нал­дыратынымызға бек се­­­нім­ді­мін.

Файзулла САХИЕВ,

    ақын-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<