Жауһар жырдың жарығы

1970

0

Бабалардан жалғасқан жыраулық дәстүрдің алтын арқауының үзілмеуіне үлес қосып жүрген жандардың  бірі – Қармақшы ауданындағы Көшеней жырау үйірмесінің жетекшісі, Жиенбай жырау мектебінің өкілі Әйгерім Ешбаева.

Әйгерімнің өнерге деген құш­тарлығы бала кезден бас­талды. Оған  туған әпкесі, рес­публикаға та­нымал жыршы Айнұр Ешбаеваның салған жыр-термелерінің әсері де бар. Одан қалды қанмен берілген бұл өнерден әкесі Бостан да құр­алақан емес болатын. Жүрген же­­рінде күй тартса, үлкендер атасы Мақантайдың шертпе күйлер­дің шебері екенін айтатын. Ал үлкен атасы Күндебай Ал­доңғаров  уақытысында  Н.Бе­ке­­жа­новтың бри­га­дасында ән­ші-тер­меші бол­ған. Осын­дай да­рын­дылардың ор­та­­сынан шық­­­қан Әй­герімнің өнер­ден алыс болуы мүм­кін емес.

Кішкентайынан домбы­ра­ны серік еткен жыршы қыз ең алғаш  Кете Жүсіптің «Ер жі­гіт» термесін тартып үй­рен­­­ді. Домбыраны үйренісі­мен ау­дандық әуез мектебінің «Жыр-терме» сыныбына қа­был­данып, Жиенбай жырау­дың не­ме­ресі Бидас Рүстем­беков­тен бес жыл білім алды.

– Мектеп қабырғасында жүр­генде-ақ  жырға әуес бол­дым. Дом­быра шертуді Айнұр әпкем үйретті. Ол Б.Рүс­тембековтің шәкірті бо­ла­тын. Өкінішке қарай, әпкем өмір­ден ерте озды. Кейін мен де Би­дас ағайдың жыр-терме сыны­бынан өт­тім. Өсиет, терме­лерден бөлек бес жыл бойы «Көрғұлы» дастанын жат­тап үйрендім, – дейді жыршы.

Бірақ мектеп бітірген соң Әй­герім өнерді емес, қар­жыгерлік ма­ман­дықты таң­дап, «Сейхун» инс­титутының  «Қар­жы  және  несие» ма­манды­ғы  бо­йынша білім алды. Алай­­да өнер­ге қайта оралды. Осы­лайша, жыр­шы қыз­дың еңбек жолы 2002  жы­лы  аудандық  мәдениет  саласын­да көр­кемдік  жетекші,  костю­мер  бо­лу­­дан басталды. 2004 жылы сол кез­дегі аудан әкімі Р.Нұртаевтың қол­дауымен жыр-терме үйірмесі ашы­лып, соған жетекшілік етті. Мұ­нан соң  2006 жылы  К.Рүстем­беков атын­дағы  аудандық «Жырау­лар  үйін­­де» Көшеней жырау үйірмесінің  же­текшісі  болып, шәкірт тәрбиелей бас­тайды.  Қызмет  ете  жүріп Әй­герім 2010  жылы  Қорқыт  ата  атын­­­дағы ҚМУ-дың «Дәстүрлі  му­зыка  өнері»  мамандығы  бо­йын­ша  А.Алма­­товтан дәріс алады.

Бүгінде Әйгерім Ешбаева­ның жыр қоржынында көптеген терме, тол­ғау, дастандар бар. Сыр­дың  ақын-жырау­­лары Омар Шораяқұлы, Тұр­ма­ғам­бет Ізтілеуұлы, Дүр Оңғар Дыр­­қай­ұлы, Балқы Базар, Кете Жү­сіп, Ешнияз сал, жергілікті ақын­дар Талайлы Досым­ова, Сәнтөре Пір­манов, Нағима Торманованың шы­­­­ғар­маларын нәшіне келтіріп орын­­­­дайды. Репертуарындағы  Тұр­­ма­­­ғам­беттің ау­дармасымен жа­рыққа шыққан Фер­доусидің «Шаһна­масы­ның», За­метдин Иба­дул­лаевтың «Түл­­­кі­бай ба­тыр» дастанының орны бір бөлек.

Әңгіме барысында Әйгерім­нен жыраулық өнерге деген жастардың қызығушылығы мен шәкірттерінің жеткен же­тістіктерін де сұрадық.

– Жыраулық өнер өмір­шең­дігімен ерекше. Қанша тарихи дүрбе­леңдерді өткерсе де, өзегін жоймай, бүгінге дейін атадан балаға беріліп келеді. Біздің жерде туып-өскен ұрпақтың бұл өнерге қы­зығушылығы болмауы мүмкін емес. Сондықтан кейде ата-аналар өздері әкеліп жатса, кейде талантты балаларды өзі­міз сұрап аламыз. Бүгінде шәкірттерімнің алды ұстаз­дық етуде. Солардың бірі – Гүлжазира Құрақбаева Қа­занғап атындағы музыка кол­леджін бітіріп, Тұрымбет Сал­қынбайұлы атындағы әуез мектебінде мұғалім. Малика Алдамжарова  Қорқыт  ата  атындағы ҚМУ-дың  «Дәстүрлі  музыка  өнері»  мамандығы  бо­йынша тәлім алуда. Жыр­шы-термешілердің үлкен до­даларына қатысып келеді. Мұнан бөлек, Айдана Амантай, Рәбия Ибрагим, Аяу­лым деген кішкентай шәкірттерім бар. Олар да түрлі байқауларға қатысып, биіктерден көрінуде. Басты мақсатым – ендігі жер­де осы шәкірттеріме үлкен кө­лемді дастандарды үйретіп, жетіс­тікке жеткізу, – дейді жыршы.

Әйгерімнің өзінің жетістіктері де бір төбе. Тәуелсіз елдің төрін әсем жы­рымен тербеткен ол әлі талай белес­терді бағындырып, ән  мен жырға бөлері анық.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<