Жолдас болудың ақысы

1667

0

Баяғыда бір жас жігіт жолаушылап келе жатып, алыс­тан көрінген атты кісіні қуып же­тіп, амандасады. «Ассалау­ма­ғалей­күм, баратын бағытымыз бір болса, әңгімелесе отырып жол қыс­қартайын дегенім еді», – дейді. Ол бір ақ сақалды үлкен кісі екен, сәлеміне жауап қатпайды. Жел­кілдеп жетіп келген өзі, үлкен адамға бір нәрсе деуге ың­ғайсыз­данып, артынан еріп жүре береді.


Қыр астынан бір ауыл шығады, ауыл сыртында балалар асық ойнап жүреді. Екеуі оларға жақындап келгенде, ойын балалары асыққа таласып, үлкендеу біреуі бір кішкентай баланы ұрып өлтіріп қояды. Ауылдағылар жан-жақтан жүгірісіп, қым-қиғаш басталады. Өлген баланың шешесі өл­тірген баланы ұрып, ол бала да өліп қалады. Оның әкесі келіп, әлгі қатынды қарақұстан қонжитып, ол тіл тартпай кетеді. Беймәлім жолаушы осының бәрін сырттай бақылап тұрады. Ол үнсіз тұрғасын, оның қасындағы бала да тұра береді. Сосын әрі қарай жүріп кетеді. Жігіт шыдамай шалға тіл қатады:


– Ата, аяқасты үш адамның өліміне куә болдық. Не өзіңіз басу айтпадыңыз, не маған араша түс демедіңіз, мұныңыз қалай? – дейді.


– Олар осылай өлуге тиіс бола­тын, – деп жауап қатады шал.


– Кімнің қалай өлетінін сіз қайдан білесіз? – дейді жігіт таңғалып.


– Мен – Әзірейіл періш­темін. Жаңа­ғылардың жанын алған да мен!


Жігіттің бойын үрей билесе де, біраздан соң өз-өзіне келіп:


– Ата, айтыңызшы мен қашан өлемін? – деп сұрайды.


– Сен үйленіп, сол күні төсегіңе жатар алдында өлесің!


Мына сөз жігітке ауыр тиеді. Зәресін алған сол сөзден үйлену жа­йын мүлдем ойламайды. Бірақ, ата-анасы да үйлен деп қоймайды. «Сол шал шынымен Әзірейіл ме, жоқ па, бәлкім, жай жүрген біреу шығар» деп жігіт күнде өзін осындай оймен жұбатып, ақырында сол бір оқиға туралы ұмыта бас­тайды. Көңілі жай та­уып, ата-анасының құда түскен қызына үйленеді.


Той өтеді, кешкі тамақ ішіледі, жатар мезгілі жақын­дайды. Сол кезде сырттан жігіттің атын атап, бір кісі дауыстайды. Жігіт желбегей жамылып сыртқа шығады, баяғы атты кісіні тани кетеді. Бойы мұздап, көзі қарауытады. Дереу есін жиып, әке-шешеммен кешулесейін деп рұқсат сұра­й­ды. Әзірейл ишарат жасап, рұқсат еткенін білдіреді. Бала әкесіне бұрынғы болған оқи­ғаны түсіндіріп, ақыл сұрайды.


Сонда әкесі мына сөздерді айтады: «Сен оған пәлен жерге дейін жаныңа еріп, жолдас болдым, жолдастық ақымды бер де. Егер шынымен Әзірейіл періште болса, бұл сөзден аттап өтпейді. Өйткені, Алла жолдасыңның ақысын беруді парыз деп бұйырған».


Жігіт сыртқа шығып:


– Түстік жолды бірге жүріп, жолдас болдым, әуелі жол­дастық ақымды бер, – дейді.


– Құп алдым. Жолдас бол­ған ақыңа енді жетпіс жыл өмір сүресің, – деп сонда Әзірейіл ғайып болады.


Міне, жолдас болудың ақы­сы қандай екенін осыдан-ақ бі­лу­ге болады. Қасиетті кітап­тар­дағы мұндай әңгімелерді әлгі баланың әкесі секілді бұ­рын­ғы өткендер өте жақсы білген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<