Қажылық сапар Қазақстанда неге қымбат – Жәнділла Бекжігітовпен сұхбат

521

0

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабиясының Қажылық министрлігімен келісімшарт жасап, қажылықтың маусымдық жұмысына кіріскен болатын.

Аталған мақсатта Бас мүфти бастаған делегация елімізден шамамен 3200 адам қажылыққа барады деп жоспарлап, осы санға квота алып келісімшартқа отырған еді. Содан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажыларды апаратын 18 туристік компанияға сенім артты. Бүгінде қасиетті сапарға аттанған отандастарымыз елге оралып жатыр. Осы орайда қажылық сапар қалай ұйымдастырылғандығы, азаматтарымыздың қауіпсіздігі қалай қорғалғандығы, қажылық сапардың бағасы қанша болғандығы жайында ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділла Бекжігітовтен сұрап білген едік.

– Жәнділлә Мамытханұлы, қасиетті сапарға аттанған отандастарымызды түрлі аурулардан, әсіресе менингококк инфекциясынан қорғау мақсатында арнайы вакциналау жүргізілді ме?

– Иә, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұйытқы болуымен Сауд Арабиясына қажылыққа баратын азаматтарға қажеттілік үшін менингококк инфекциясына қарсы Менсевакс (ACWY) және Нименрикс (ACWY) вакциналарын егу шаралары қолға алынды. Екпе салуды жүзеге асыруға лицензиясы бар медициналық ұйымдар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облысында жұмыс істеді.

Сауд Арабиясының талаптарына сай қажылыққа баруға ниет білдірген азаматтардың ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған арнайы медициналық ұйымдардан вакцина алғандығы Қазақстан қажылық миссиясы арқылы қадағаланды. Себебі отандастарымыздың аталған екпені салдырғандығын растайтын сертификаты Корольдіктің шекарасынан өтерде сол елдің Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жіті тексеріледі.

– Отандастарымыздың үлкен сапарға рухани дайындығы қалай жүргізілді?

– Республикамыз бойынша 2630-ға жуық мешіт болса, соның 530-ы – аудандық, қалалық, облыстық статустағы мешіттер. Осы 530 мешітте қажылық сапарға байланысты семинар-сабақтар жүргізілді. Онда қажылықтың парыздары, жалпы қажылық рәсімі қалай атқарылады, құрбандық шалу, тәуап ету, Арафат тауы, мина жазығындағы амалдар сынды барлық жасалатын шарттар түсіндірілді. Семинарда арнайы бейнежазбалар көрсетіліп, сұрақтарға жауаптар берілді. Ихрам кию, шаш алдыру сияқты шариғи дүниелер жайында аят-хадистер келтіріліп, қажыларға маңызды мәліметтер берілді.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қажылық қоры» есебінен Үлкен қажылықты өтеуге баратын әрбір қажыға үлкен көмекші құрал болатын «Қажылық және ұмра үкімдері» атты кітап пен «Қажылық және ұмра дұғалары» атты кітапша дайындалып үлестірілді.

Қажылықты ұйымдастыру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. «Халқымыз «қажы» деген атты құрметтеп, қажылыққа барған азаматтарды ардақтап, оларға ілтипат көрсетіп келеді. Қажылыққа барған қажыларымыз да жауапкершілікті түсіну қажет. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде» – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның. Қоғамға пайдасы тиюде қасиетті мекенді зиярат етіп келген қажыларымыз алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Өзінің өнегесімен, көркем мінезімен, адалдығымен, әділдігімен қашанда өнеге болу тиіс». Осы мақсаттың орындалуы үшін қажылық сапары кезінде уағыз-насихат жұмыстары барынша жан-жақты жүргізілуін Діни басқарма қолға алды. Әрбір азаматтың қажылық сапарға үлкен дайындықпен барып, бойына қасиетті мекеннің әсерін уағыз-насихатпен сіңіріп жақсы кейіпте өзгеріп қайтуын міндет санаған дін қызметкерлері үздіксіз қажыларға қызмет көрсетті. Соған сай ҚМДБ еліміздің әр аймағынан іріктелген білікті имамдарды қажылыққа аттандырды.

– Қажылардың бару-қайту уақытына қатысты мәліметтермен бөлісіп өтсеңіз

– Қажылық маусымы кезінде жерлестерімізге отандық «Scat» пен Сауд Арабиясының «Flynas» әуе компаниялары қызмет көрсетіп, 50/50 шарты бойынша қажыларды тасымалдады. Осы екі әуе компанияның ұшақтары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау қаласынан жерлестерімізді тікелей Сауд Арабиясына қажылыққа алып барып, кері қайта алып келді. Сауд Арабиясының «Flynas» әуе компаниясы 400 орындық бортпен 4 рейс жасау арқылы 1600 отандасымызды тамыздың 2-5 аралығында жеткізіп, 17-20-тамыз күндері Қазақстанға алып қайтып жатыр.

Ал отандық «Scat» әуе компаниясы 290 және 149 орындық әуе кемелерімен Шымкенттен 5, Ақтаудан 2 рейс, Нұр-Сұлтаннан 1, Алматыдан 1 рейс жасап, 1600 отандасымызды жалпы 9 рейс жасау арқылы Сауд Арабиясына 30 шілде мен 5 тамыз аралығында алып барып, 19-23-тамыз аралығында алып келуде.

– Қазақстан қажылық миссиясының жұмысы қандай бағытта жүргізілді?

– Қазақстан қажылық миссиясының негізгі құрамында 12 кісі бар. Оның ішіне басшылық құрам, уағызшы-имамдар, пәтуашы-ғалымдар, журналистер мен дәрігерлер кіреді. Миссия өз жұмысын ұйымдастырушылық, уағыз-насихат, ақпарат және алғашқы дәрігерлік көмек бағыты бойынша атқарды.

Негізгі жұмыстар «Қажылық-2019» маусымын ұйымдастырушы қажылық компанияларының жұмысын үйлестіру, қадағалау шаралары аясында өрбді. Ал елімізден баратын 3200 қажының денсаулығына қарау миссия құрамындағы дәрігерлерге жүктелді. Мекке және Медина қалаларынан және Мина жазығы мен Арафат аймағынан елімізге тың ақпарат жеткізу, қажылармен сұхбат құру миссия құрамындағы БАҚ өкілдеріне тапсырылды. Сондай-ақ миссия қатарындағы уағыз-насихат тобының мүшелері мен маңызды шариғи сұрақтарға жауап беретін пәтуашы-ғалымдардың да атқаратын жұмыстары бекітілді.

– Биыл қажылық сапарының бағасы қанша болды?

– Мұсылманның бес парызының бірі – қажылық. Ақыл есі толық, балиғат жасына толған, қажылыққа барып келуге қаржылай шамасы жететін және сапардан оралғанша отбасының нәпақасы бар мүмінге қажылыққа бару міндет.

Бүгінгі таңда көпшіліктің қажылыққа деген ынтасы мен ниеті жыл өткен сайын артып келеді. Дегенмен қажылық бағасының қымбат болуы халық арасында түрлі пікір тудыруда. Мұның әрине, бірнеше себептері бар. Бүгінгі таңда квота алған 18 қажылық компаниясы өз кезегінде эконом, стандарт және жоғары санаттағы пакет түрлерін қажыларға ұсынады. Әр санаттың қызмет сапасы мен шығынына орай бағасын әр компания өзі белгілейді. Бұл жерде басты айтатын мәселе қай санат болмасын қажылық жасаушыдан компания шамамен 50 мың теңгеге жуық пайда көреді. Қажылық жасаушыдан алынған қалған қаражат қажының шығындарына жұмсалады. Егер қажылық жасаушыдан компания өкілдері 50-60 мың теңгеден астам пайда көздейтін болса, сапалы қызмет көрсете алмайды. Яғни талғамы жоғары қазақстандық қажыларға тиісті деңгейде қызмет көрсетілмесе, дұрыс қонақ үй, жаңа автобус, мина-арафатта жайлы шатырлар алынбаса, отандық қажылардың наразылығын тудырады. Демек талап күшейіп, талғам өскен жерде қажылық бағасының қымбат болуы да заңдылық.

Шындығында көршілес елдермен салыстырғанда біздегі қажылықтың құны 1000-1500 АҚШ долларына жоғары. Бірақ осы қаражатты отандық компаниялар қалтасына басып жатыр деу қисынсыз. Керісінше, әрбір төленген артық қаражатқа сай олар да сапалы қызмет алып жатыр. Өйткені кей мемлекеттер де баға арзан болғанымен, Қасиетті орынға барғанда тамақ, жатын орын, тасымал жағы тым төмен екені байқалады. Биылғы қажылық маусымында қызмет көрсеткен 18 туристік фирманың алтауы ғана қажыларға өте жоғары санаттағы (VIP) пакет түрлерін ұсынды. Осы озық үлгіде қызмет көрсететін туристік фирмаларға адамдар қажылық маусымы ашылмай тұрып, ондағы қажылықтың бағасына қарамай жазылып қояды. Яғни мұндай құны да, сапасы да жоғары туристік фирмалармен бару кез келген қажыға бұйыра бермейді. Орындары шектеулі туристік фирмалармен барғысы келетін жоғары талғамды талап ететін қажылар өте көп. Ақиқатында қажылыққа ниет еткен адам кемінде екі ай бұрын өзіне ыңғайлы фирмаға құжат өткізіп, ұлы сапарға дайындалғаны абзал. Ел аузында жүрген көршілес елдердегі қажылық құнымен отандық туристік фирмалар да пакет түрлерін ұсына алады. Бірақ ондай арзан бағадағы пакет түрлеріне жалпы барушылар арасында сұраныс аз.

Алла тағаланың қажылық сапарын қаржылай мүмкіншілігі жететін пендесіне парыз еткені ақиқат. Сол жақтағы уақыфтардың (қайырымдылық мекемелері) тегін қонақ үйлерінде жататын көрші елдердегі қажылық құнын мысал қылып, мәселені сырттан іздегіміз келеді. Америка мен Еуропаның бірқатар елдерінен келетін қажылардың жоғары сапаны талап ету себебінен 20-30 мың АҚШ долларын қиналмай төлейтінін айта кетуіміз керек. Сапа талап етілген жерде қажылықтың құны төмен болуы мүмкін емес.

– Сөзіңізде көрші елдерге қарағанда Қазақстанда қажылық бағасының қымбат екенін айттыңыз. Соның себебін нақты түсіндіріп берсеңіз.

– Сауд Арабиясында Қажылық министрлігіне қарасты мекеме (муассаса) негізгі жұмысты жүргізеді. Осы мекеме бұрын эконом қызмет түрімен келген қажылардан мүлдем ақы алмайтын. Бүгінде эконом пакетімен келгендердің әрқайсысынан 300 АҚШ доллары көлемінде баға белгіледі. Ал стандарт пакетіне баға 2 есеге өсті. Олар мұны осыдан 3 жыл бұрын өздерінің ішкі заңдарына өзгерістер енгізу арқылы негіздеп алды.

Отандастарымызды әуе жолымен тікелей тасымалдау мәселесі шешілгеннен кейін әуе қатынасының қызмет бағасы да өсті. Мысалы, бұрын қажыларымыз Ыстанбұл, Шарджа, Дубай арқылы сапар шексе, бүгінде еліміздің Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі қалаларынан тікелей чартерлік рейстер ашылды. Әуе компанияларының ұшақтары осы шаһарларға бос ұшып келіп, біздің адамдарымызды Сауд Арабиясына тасымалдайды. Бір бағытқа жолаушысыз ұшатын болғандықтан бұл да бағаға әсер етпей қоймайды. Мұның барлығы қажыларымызға мінсіз қызмет көрсету үшін жасалған шаралар. Сондай-ақ, жолаушыларды әуежайлардан қонақ үйлерге жеткізу, қала ішінде және Мина мен Мұздалифаға тасымалдау құны да 3 есеге өсті. Алайда қызмет ету сапасы да едәуір артты.

2015 жылдан бастап елімізде теңгенің еркін айналымы енгізіліп, ұлттық валютамыз 1 АҚШ долларына шаққандағы бағасы 180 теңгеден 380 теңгеге дейін көтеріліп, бұрын-соңды болмаған дәрежеде құнсызданды. Сауд Арабиясының қызмет түрлерінің барлығы АҚШ долларымен есептеледі. Бұл жағдай да бағаның көтерілуіне өз әсерін тигізіп отыр.

Халық арасында көрші елдерде қажылық қызметінің бағасы бізге қарағанда арзандау деген пікір қалыптасқан. Алайда, мұны тікелей сапаға байланысты деп айтуға болады. Мысалы, қырғыз елі бірталай жылдардан бері Сауд Арабиясының уақыптар қорының тегін қонақ үйлерін пайдаланып келеді. Олардың орналасқан жері Харамнан (Қағба) өте алыс жерде. Өзбекстандағы бағаны да бізден арзан деуге келмейді. Қазақстанда орташа баға 4500-5000 АҚШ доллары болса, Өзбекстанда да осымен шамалас. Ал Ресей қажылары қазақстандық қажылар талап ететін қызмет сапасын сұрамайды. Сондықтан едәуір арзан қонақ үй алады, чартерлік рейстен 400-500 АҚШ долларға арзан рейстік әуе ұшақтарымен тасымалданады.

– Сұхбатыңызға рақмет!


Автор Марлан Жиембай,

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<